Үкімет «Ақжолдың» кәсіпкерлікке қатысты сауалына жауап берді
Мемлекеттік сатып алудағы жаңа талаптардың шағын және орта бизнеске әсерін Үкімет қарастырады – Қаржы министрлігін ірі бизнестің мүддесін лоббилендіріп, мемлекеттік сатып алу саласында шағын бизнеске қысым жасағаны үшін айыптаған «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалына жауап алынды.
Өткен жылдың 29 желтоқсанында Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгертулер енгізілген. Мәселен, осыған дейін бағалық ұсыныстары тең болған жағдайда тауарлар, жұмыстар, қызмет түрлері нарығында ауқымды жұмыс тәжірибесі бар конкурсқа қатысушылар жеңімпаз деп танылды. Ал, жұмыс тәжірибесі тең болған кезде байқауға қатысу туралы өтініші басқа да әлеуетті қатысушылардың өтінімінен бірінші болып жіберген конкурсқа қатысушы жеңімпаз деп танылған еді.
Ал енді, жаңа өзгертулерге сәйкес мемлекеттік сатып алулардағы басымдық алдыңғы төрт жыл үшін төленген салық сомасының неғұрлым үлкен көрсеткішіне ие ұйымдарға беріледі – яғни, тек ірі компаниялар ғана басымдыққа ие болады.
«Ақ жол» партиясы бұл енгізілген өзгертулердің нәтижесінде ірі жеткізушілердің мемлекеттік сатып алу нарығын монополияландыруға және осы саладан шағын және орта кәсіпкерлікті ығыстыруына алып келеді деп есептейді.
«Әріден соң, күллі әлем елдерінде өзінің икемділік күші мен серпінділігі арқылы ШОБ секторы нновациялар мен өнім сапасының жаңа стандарттарының қайнар көзі болып табылады. Дәл осы шағын және орта бизнес арқылы ұлттық экономиканың табысы қайта үлестіріледі, әлеуметтендіру және оны әрбір қазақстандықтың отбасына жеткізу жүргізіледі.
Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялады. Ал, біздің шенеуніктер болса кезекті мәрте бұқаралық кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін қадамдар жасап, оған қатысы бар қоғамның ауқымды үлесіне де қысым жасауда», — деп мәлімдеді өз сауалында демократиялық партия фракциясының депутаттары. Олар Премьер-Министрден осы мәселені қарастыруын және аталған түзетулерді жою туралы тиісті нұсқаулар беруін сұраған болатын.
Жуырда ғана Үкіметтің берген жауабында жеңімпазды «кім бірінші болып өтініш берді» деген критерий бойынша анықтамау үшін сатып алулардың жеңімпазын үшінші кезеңде таңдау үшін қаржылық көрсеткішті – төленген салық сомасын негізге алу ұсынылған делінген. Ұсынылған тәсіл, олардың пікірінше, бір күндік компанияларды сатып алуға жол бермейді және кәсіпкерлерді салықты адал, уақытылы төлеуге ынталандыру шаралары болып табылады.
«Сонымен қатар, аталған тәртіп ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгенін ескере отырып, сондай-ақ жартыжылдық құқықтық қолдану тәжірибесін есепке ала отырып, оның шағын және орта кәсіпкерліктің субъектілеріне әсер ету мәселесін қарастыруға болады деп пайымдаймыз», — деп айтылған Бақытжан Сағынтаев қол қойған хатта.
«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру мен шағын және орта бизнестің мүддесін қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
http://akzhol.kz/kz/news/show/17735/2/5
18 ақпан 2019 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі