Үлескердің жанайқайы: Кімге сенеміз, не істей аламыз?
Қазіргі таңда ұзын саны 40-қа жуық проблемалы тұрғын үй кешені Ведомствоаралық комиссияның бақылауында болса, оларға қаржы құйған үлескерлердің саны 15 мың адамға жетіп жығылады екен. Яғни, үлескерлердің проблемасы қоғамда, әсіресе, еліміздің бас қаласында күйіп тұрған мәселеге айналып отыр. Дегенмен, бірінші ақшасына, екінші құрылыс компаниясына сенген үлескерлер мәселесіне Астана қаласының әкімдігі бей-жай қарап отырған жоқ. Бұл туралы дөңгелек үстелге жетекшілік еткен тұрғын үй құрылысына қатысты жапа шегуші үлескерлер қоғамдастығының төрайымы Татьяна Николаевна мәлімдеді.
-Мен 2007 жылдан бері үлескерлердің жанайқайын тыңдап келемін. Қазір үлескерлердің мәселесін Үкіметтен бастап елорда әкімдігіне дейін май шаммен қарап отыр. Соның ішінде Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун төрағалық ететін, құрамына ұлттық қауіпсіздік комитеті, коммуналдық шаруашылық, жер комитеті, архитектура, прокуратура, яғни барлық құрылыс саласына тікелей қатысы бар қызметтер мен заңдық тұрғыдан қадағалайтын, реттейтін органдардың өкілдері кіретін Ведомствоаралық комиссияны (ВАК) ерекше атай кеткен жөн. Бәріміздің де бас қатырар мәселемізге айналған проблемалы тұрғын үй құрылыстарының жағдайының оңтайлануына Астана әкімдігі жанынан құрылған осы комиссия көп жұмыс жасап жатыр. Мысалы, С.Хорошунның өзі де және өзге мамандар да бір-екі апта сайын проблемалы объектілерге аяқтай барып, ондағы жұмысты толықтай бақылап жүр. Сондай-ақ, Ведомствоаралық комиссия тарапынан 40-қа жуық объекті «Елорда құрылыс» компаниясымен жұмыс істеуге ұсынылды,-дейді ол.
«Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, сенген компаниясы алаяқ болып немесе үйінің құрылысы шала-шарпы жасалып, көңілі қалған үлескерлердің саны едәуір көптігі жиын барысында жиі айтылды. Мұң-зары бір азаматтардың құқығын қорғауға мейлінше көмектесу үшін құрылған «Астана үлескерлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Чурсина:
-Астанада проблемалық деп саналып отырған нысандарды салып шығу үшін ел Үкіметі тарапынан биылғы және алдағы жылға 40 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізу «Елорда құрылыс компаниясына» жүктелген. Сондықтан, құрылыс компанияларына ақша салып, аузы күйген үлескерлер болса, уақытты оздырмай, тұрғын үй құрылысы кооперативін құру арқылы ведомствоаралық комиссия кеңесіне жүгінгені дұрыс,-дейді.