Үш жүзге бөліну — ол надандық емес!

Жақыннан бері, ішінара газет-жуналдармен ФБ қатарлы бұқаралық ақпарат құралдары, үш жүзге бөлінбеу, жершілдікке, рушылдыққа қарсы тұру мазмұнындағы мақалалар жазып та, айтып та жүр. Енді таппағаны үш жүзге бөлінуге қарсы тұру қалғандай. Бір ықпалдырақ орта дәрежелі щенеунік бастап, ішінде фактісі мен дәні жоқ мақаланы ФБ-ға жазып еді, бас-көз жоқ бірауыз сөзбен «Өте дұрыс» «Өте жақсы» деген мадақтаулар толып кетті. Ол мақаланың қай жері қалай дұрыс екеніне ешкім көңіл аударып жатқан жоқ. Қалайда оң-терісі бар, бір топ бұқаралық ой-пікір қалыптасты.

«Үш жүзге бөлінбеу» айтуға жеңіл, сүйкімділеу сөз көрінгенмен іс жүзінде қойнына қанжар жасырған, ұлтты керек етпеуге арналған сөз. Сөзімізге дәлел үшін «үш жүзге бөлінбеудің» астарын ақтарып, тегін тектей отырып ой жүгіртіп, мәнін боршалап көрсек, өтірік күліп, тілін көрсетіп тісін жасырып, ділін басқаға бұрап тұрғандығын білеміз. Олар ұлтын ойлау емес, ашық айтқанда билікке, жат ұлтқа жағымпазданбақ. Бұл адамдар мақсатты, мақсатсыз, әрі саналы, санасыз түрде, ұлтымыздың ішіндегі жоқты сөз етіп, ру аралық іріткі салып, ұлтсыздануға қарай бағыттағысы келе ме қалай? Бір түрлі түсініксіз, алайда қауіпті. Олар көбінесе елді Ахмет Байтұрсынұлының «Жүзге бөлінгендердің жүзі күйсін!» деген сөзін қазақты қорқытудың, алдаудың құрал сөзіне айналдырып алған.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былтырдан бері ұлттық бітім мен сананы сапаландыратын, ұлттық жаңғыруды дәріптеп келеді.
Менің білуімше Елбасымыздың бұл жаңа жаңғыру, жаңару саясатында ұлтымыздың талан-таражға түскен тарихы мен өркениетін, рухани әлемін қалпына келтіру, Қазақ ұлтының бодандықтан қалған құлдық санасын оятып, ұлттық рухын көркейту, ұлттың талан-таражға түскен бітімін бүтіндеп, ғылым-мәдениетті, өркениетті ұлттардың төрінен орын алдыру сынды ұлы стратегиялық мақсатқа құрылған деп білеміз. Біз ұлт ретінде жойылудың алдына дейін барып қайтқан ұлтпыз. Біздің қазіргі ұрпағымыз әсіресе жастардың басым бөлігі үш жүз тұрмқ Қазақ екенін ұмытқан болатын. Олар үш емес, үш атасының аты-жөнді білмейді. Талайы өз әкесін көзбен таныса да, көңілмен танымайды. Көбіміз «Ассалаумағалейкумнан» қалғанбыз. Тіліміз орысша, ойымыз бөтен, қазақ тілі шешек ауруынан қалған адамның бетіндей шұбар-шұбар. Осы мәңгүрттерің жүз дегеннің не екенін ұға ма? Ал Қазақстан қоғамында шежіресін, тарихын ұмытқан ел қалай үш жүздің не екенін қайдан білсін?
Рушылдық, жүзшілдік қоғамға, ұлттар бірлігіне, мемлекет тұтастығына қандай көлденең кесірлер салып жатыр? Оны әлгі пысықайлар айтпайды, айта алмайды да. Өзі білмесе, өмірде үш жүзге бөліну жоқ болса несін айтады? Олар Қазақ тілі мен Қазақ деген ұлтты өздері түсінбесе, құрылымын білмесе қалай айтпақ? Оның дәлелі Қазақ тілін, шежіресін, тарихын білмеген адам қалай Қазақтың үш жүзге бөлінетіндігін сөз етеді? Қазір біз тәуелсіз егемен елміз. Дәл осы себептен ұлттық руханият жақтағы жоғалтып алған көптеген мәселелерді қайтадан қалпына келтірмесек несіне тәуелсіз ел боламыз? Үш ғасырлық қан мен теріміз қайда кетеді? Ол үшін ең алдымен ұлтыңды білуің керек. Ұлтты білу үшін ұлттың тарихын, ұлттың қалыптасуын, құрамын, психологиясын, салт санасын білу керек. Ол үшін әлбетте Қазақтың үш жүзден құралғанын сөзсіз білуің тиіс. Жеті атаңды біл. Бұл әсте рушылдық, жүзге бөліну емес, қайта Қазақ ұлты және оның ұрпақтары білуге тиісті үлген тарих, үлген ғылым. Әлгі жаттанып «беті күйгендер» бұлардан сауатсыз болған соң «екі кеменің құйрығын тең ұстап» жүр. Бұл адамдарға әлбетте ұлт пен егемен отанымыздың қерегі шамалы. Баяғыдай жүзі Қазақ, көңілі Орыс боп, ойларына Қазақ жөнінде ой, сана мен білімнің кірмегені абзал. Бұлай болу бодандық өмір үшін ауадай керек. Өйткені қазақтар, әсіресе жастары тегін біліп қойса тек жүре ме? Қазақ үш жүздің үш алтын діңгек екенін біліп оны құрметтесе, социялизмның ұлтты ассималандыру қасқүнемдігі мүлде іске аспайды. Сен қазір жершілдікке қарсы тұруды ұрандап жүрсің. Осы Қазағыңның талайы қайсы жерде туылғанын білесің бе? Білдік дейік, Елбасымыз айтқандай, туған жеріне туын тігіп, отауын құрып, ауыл аймағының кем-кетігіне жамау боларлық туған жерін сүю санасы бар ма? Ал асқақ сана мен арманын алға қойып өз туған ауылының жолын жөндеп, мектеп, мешіт, емханалар салуға қолғабыс тигізген азаматтар қалай жершіл болмақ? «Ит тойған жерінде, Ер туған жерінде» болуы ұлтымыздың ежелгі алтын дәстүрі ғой.
Жершілдікке қарсы тұру, үш жүзге бөлінбеу ұранын ұлт десе ішек-қарны уға толған кеңес өкіметі, өзінің іргесін бекіту дәуірінде ұлттарды алдап өзіне бағындыру үшін ортаға шығарған. Әсіресе қазақтардың малын жаппай тартып алып, рулар мен тайпаларды араластырып қоныстандырған, әлгілер айтқан «жүздерді» біріктіріп, Қазақ руларынан қойыртпақ жасап, бірін-біріне аңдытып, жауластыру, ұлттың аты, заты жоқ жасау үшін «үш жүзге бөлінгеннің беті күйсін» керек болған. Тіпті қазақты аштан қырып, оның алдындағы асын (сойып жейтін, азыққа айырбастар малын) мал-мүлкін тонап жатқанда жүзге бөлінбеу мен жершілдік құтырынған ұранға айналған болатын. Қазақтың бірін-бірі өлімге ұстап берудің, қазақты жауластырудың жақсы әдісі осы үш жүзге бөлінбеу еді. Қазақ тарихында қазақ жүзге бөлінгеннен пайда тапты, зиян тартқан жоқ, ағайын.
Қазақтың үш жүзге бөлінуі ол ұлттың жаратылыс құндылығы. Бұл ұлтты қалыптастырудағы алтын көпір, бағалы мәдени мұра мен ғылыми жүйе. Қазақтар қазір 7 атасы тұрмақ, 77 атасының аты-жөні мен рулар тарихын (Шежіресін) біледі. Мынадай жазылмаған, алайда көкейге мәңгі қонып қалаған ерекше тарихи әлемнің басқа ұлттарынан табыла қоймайды. Мұны Қазақ ұрпақтарына қадап үйретіп келген ұлт. Бұл үлкен білім, ғылым ретінде ұлттық рухани байлығымыз болып қалған. Бұл адамзат мәдениетінің үлкен бағасына ие. Қазақ кімде кім, ұлты, ата-тегін білмесе, оларды надан, тексіз деп біледі, Оларды біртүрлі кем адам санайды. Жеті атасын білмегенді жетесіз есептейді. «Жеті атасын білмеген, жетімдіктік белгісі» деп, әке-шешеге тегін үйретуді міндет етіп тапсырып отырған. Тегін (жүзін) білмегенді тексіздер деп білді. Білгендерді «Тегін білген тектілік» деді. Қазақтың үш жүзі өзара құда болып, бірін-бірі «Құдасын құдайдай сыйлайды». Жүздер араз болса дереу құда болып, «құда мың жылдық» деп ел болады. Жауына бірлікте тұтасып қарсы тұрды. Қазақтың үш жүзі ұлан байтақ ұлы даласын бірге қорғады. Қазір ұлы жүз Бәйдібек бидің қыздары Гүлбүбі мен Нұрбүбі, орта жүз Найманның Төлегетайдан тарайтын екі үлкен руының атымен аталады. Олар Гүлбүбі-Қызай, Нұрбүбі-Мұрын деп аталады. Ел басына күн туған, «ақтабан-шұбырындыдан» кейін Үш жүздің Қолбасылары мен билері үш жүздің армиясын ұлы Абылайханның қол астына біріктіріп, Жоңғар шапқыншыларын ойсырата жеңіп ұлан-қайыр топырағымызды жаудан тазартты. Қазіргі Қазақ мемлекетінің территориясы сол Қазақтың үш жүзінің бірлігі мен ерлігі арқылы қалыптасқан. Қазақ үш жүзге бөліне отырып жер иеленбесе, бүгінгі Қазақстанның ұлан байтақ топырағы бізге бұйырмас еді. Тарихтағы Қазақ қосыны қазіргі Қазақстан республикасының халқының арғы тегі екеніне талас жоқ. Кейбіреулер сен қайта-қайта «үш жүзді» айтып, қақсап жоқты еске түсіре бермесеңде, Қазақтар үш жүзге бөлініп көрген жоқ. Әсіресе ұлттың тағдыры тығырыққа тірелген кезде солай. Кеңестік тар заманда, қолдан жасаған ашаршылық пен қазақты жазықсыз қан-қасап қырғынға ұшыратқанда, Қазақ ұлты жендеттік жазалауға қарсы ірілі-ұсақты 400 рет көтеріліс жасап, қарсылық көрсетті. Ешкім үш жүзге бөлінген жоқ. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінде Қазақ жастары қасап қырғыннан сескенбестен тәуелсіздіктің дауылын алғаш боратып, жауыз империяның іргесін теңселтті. Ешкім үш жүз едік деп бөлініп-жарылып жатқан жоқ. Тәуелсіздіктен кейінгі мемлекеттің тағдырына байланысты жер сатуға ел болып қарсы шықты. Онда да бөлінген-жарылған қазақты көрмедік. Қазақ ұлты намысы бар ауыз біршілігі әлемде жоқ ұлт. Кейбіреулердің қайта-қайта үш жүзге бөлінбеуді айтуында айтуға болмайтын жат мақсат барын байқау қиын емес. Шыны бөлінбеу емес, бөлінуге бастау, алалық тудыру.
Қазақ тәуелсіз егемен ел болғалы ширек ғасырдан асыпты. Мен өз басым қазақтың топырағына, ата-жұртыма, сүйікті отаныма табан тоқтатқалы 20 жылға таяды. Мен осынау мезгілде, тәңір сыйлаған үш жүз деген аты демесек, үш жүзге бөлініп, жарылып жатқан қазақты көрмеппін. Мен көшіп келгеннен кейінгі қонысымды, қаламгерлігімді қолдағандар осы үш жүздің азаматтары. Расында менің Қазақстан топырағында жақын туысым жоқ еді. Мені Қазақстан жазушылар одағына тартқандарда басқа жүздің азаматтары. Бөлініп, жарылып жатқан адамды көрмедім (ел ішінде надан жоқ деп айта алмаймын). Төрт қызым бар еді түгел орта жүзге келін етіп ұзаттым. Төрт ұлым бар еді, ұлы жүз бен орта жүзден келін алдым. Үш жүздің тұқымы түгел төңірегімде жүр. Өзім ұлы жүзбін, ал үш жүзден болған күйеу балалар түгел менің төңірегімде маған бала болып жүр. Мені төңіректеген үш жүздің балаларын мен туған баламдай көремін. Әлемдегі тыныш, бейбіт ел десек біз Қазақстанымызбен мақтанамыз. Мақтанатынымыз адам баласының ең қырғындағыш құралы атомды шектеген, Қазақстан және оның ел басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Араб дүниесіндегі аты мұсылман, заты қарақшы терроризмді ауыздықтауға Қазақстан тағы барын салып жатыр. Әлем діндерін сәйкестендіруші де Қазақстан.
Біз де надандық пен ұсақ рушылдық мінездемесі жаратылысымыздан бар. Жершілдік жасайтын жаман әдетімізде жоқ емес. Алайда ұлттық намысымыз-қанымызбен бірге жаралған.
Егіз туған анадан, туысқаның мен болам.
Қалмақты ұрып қақбасқа, қуысқаның мен болам.
Тыныштықта тыртаңдап, өкпелескен мен болам.
Жау жағадан алғанда, сертке жеткен мен болам, — деп жазыппын. Қазақтың болмысы, бітімі осындай ұлт. Біздің үш жүзге бөліну деген мазмұнды айқұлақтана ақпаратқа көтеріп, ағайын арасына ала жіп жүгірту — жат ниеттілік.
Қазақстанның ішкі жауы үш жүзге бөліну емес елде жемқорлық атты жұқпалы аурудың қаптауы. Мемлекет заңын биліктегілердің өзі бастап бұзуы. Дара биліктің заңды қолдан жасап алуы. Әсте кейбіреулер айтқандай үш жүзге бөлінуден бүлініп жатқан дәнеме жоқ. Қауып-Кеңестік алдамшы түзімнің адамдарға шешек суындай егіп кеткен дайынға ие болғысы келетін құлдық санасы — Қазақ ұлтының ұрпақтарының ұлттық азғындығына әкеп соқтырды. Біздің адамдарымыз қазір өзін де, өзінің ұлтын да түсінбейді. Өзінің тарихын, шежіресін, ұлт тарихы сынды құндылығымызды жоғалтып алды. Солайда Аллаға мың шүкір айтамыз. Қазақ ұлты тәуелсіз мемлекетін, оның топырағын жанынан артық сүйеді, оның дәлелінің көрнектісі өткен жылғы қиян-кескі күрес Қазақстанның жерін сатудан қорғау мәселесінде отаншылдық рухын әйгіледі. Қазақтар үш жүзге бөлінбей-ақ бір ұранмен жер сатуға қарсы тұрып, қазақтың топырағын қорғап халқының ауыз біршілігін көрсетті. Қадірлі Елбасымыздың Қазақ атты ұлтқа разы болған сөзін халық ұмытып қалған жоқ. Кеңес өкіметі тұсында Қазақ ұлты өзінің туған жері, ауылы, ауданы жөнінде ауыз ашуға рұқсат берді ме? Мынау біздің ата-бабамыздың жері еді деп ауыз аша алдық па? Қазір егемен елміз, Біздің құдіретіміз осында тұр. Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасы бойынша, азаматтар өзінің туған жерінде мектеп, емхана, мешіт, көпір салса несі жершілдік болмақ? Әсіресе өзінің туған ауыл, аудандарын еңбек ерлері мен төңкеріс батырларын, ұлы тарихи тұлғаларды өздері ұлықтап, ескерткіштерін орнатып үлгісін ұрпаққа үгіттеп, ұрпақтарды ізгілікке, туған жерін сүюге, көркейтуге баулыса оның қай жері жершілдік? Біз енді ғана етегіміздің шаңын қағып орнымыздан тұрып, өзімізді өзіміз тани бастағанда, біреулер «үш жүз» деген атауды жоймақшы-мыс. Үш жүзді жою дегеніміз — Қазақ ұлтын жою дегендік. «Үш жүзді жоюшылардың» көбінің сылтауы рухани көсеміміз Ахмет Байтұрсынұлының «Үш жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген бірауыз сөзі екен!
Біз рухани көсеміміз Ахмет Байтұрсынұлының осы бірауыз сөзін қашан, қай дәуірдің пайдасы үшін айтқанын ескердік пе? Жоқ ескермейміз, талайымыз ұлылардың сөзін адамдық ой мен қоғамдық ой дамыту үшін емес, тек адам қорқыту үшін пайдаға асыруға әуеспіз. Ахаң бұл сөзімен ұлылық тағынан таймайды. Сол заманда солай айтпаса, айтпай қойған тілді баспен қоса денеден бөліп тастайтын заман ғой! Тағы бір жағынан біздің заманымыз секілді сөз бостандығы деген ол кезде мүлдем болмаған. Айт дегенін айтқызды, жүр дегеніне жүргізді. Керек болса өлтірді. Ал қазіргі заманымыз ұлтты жоятын, «үш жүзді айтқанның беті күйетін» заман емес, ұлтымызды жаңартатын, жаңғыртатын, ұрпақтарымыз өздерінің тарихын, шежіресін, үш жүзін, руын, ата-бабасын біліп құрметтейтін, ұлтын, отанын сүйетін, сапаландыратын, қысқасы Қазақ ұлты өзінің үш жүзін зерттейтін, тегін білетін текті заман екенін ұмытпауымыз керек. Олай болмау ұлтқа жасалған қиянат пен күнә, ұлттық азғындау жолы.

Нұрмқан Жанұзақұлы, ақын,
сыншы, қоғамтанушы, ағартушы,
ҚХР-дың, ҚР-ның Жазушылар
одағының мүшесі