Үздік кәсіпкер келіншек анықталды

Әйелдер кәсіпкерлігін, олардың өңір экономикасы мен әлеуметтік саласына қосқан үлесін, бастамаларын қолдау және дамыту мақсатында «Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Жамбылдың кәсіпкер ханымы – 2023» облыстық кәсіпкер әйелдер байқауын өткізді.

Кәсіпкер келіншектер сайысына облысымыздың барлық аудандары мен Тараз қаласынан жалпы саны 21 өтінім берілген. Алайда, арнайы жұмыс тобы барлық талапқа сай келетін 11 қатысушыны іріктеп алған. Яғни, некеде тұрған және өз кәсібі бар, 25 пен 45 жас аралығындағы әлеуметтік жауапты кәсіпкер келіншектер сайыс көркін қыздырды.

Байқауда барлық әйелдер өздерінің сұлулығын, мейірімділігін, іскерлік қабілеттерін көрсете білді. Олардың ішінде сұлулық салондарының, спорт секцияларының, мерекелік агенттіктердің, балабақшалар мен орталықтардың, клинингтік компаниялардың, тігін цехтары мен ательелердің, әлеуметтік дүкендер мен халыққа қажетті өнімдерді шығаратын цехтардың иелері бар.

–Байқаудың негізгі міндеті–отбасылық құндылықтарға адалдық және қазақ халқының салт-дәстүрлерін құрметтеуді, сондай-ақ, қазіргі қоғамдағы әйелдердің әлеуметтік белсенділігін арттыру, – дейді облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Елена Балло.

Қойылған талаптарға сай кәсіпкер әйелдер өздерін және бизнестерін таныстыруы, өз істері мен отбасы туралы бейнероликтер көрсетуі, жұмыс барысында қиын жағдайлардан шығуы сынды қабілеттерімен бағаланды. Сондай- ақ, қатысушылар ұлттық, іскерлік және кешкі киімдер көрсетілімін жасады.

Нәтижесінде, Талас ауданынан келген 32 жастағы кәсіпкер, ұлттық тоқыма бұйымдары мен сүт өнімдерін шығаратын шағын цехтың директоры Назира Ауғанбаева бас жүлдеге ие болды. Оған ұйымдастырушылар атынан Дубайға екі адамға арналған жолдама берілді.

Сондай-ақ, байқаудың өзгеде жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне демеушілер атынан қомақты қаржылай және заттай сыйлықтар табыс етілді.

Лариса ГУБАШЕВА,
журналист.
Суретті түсірген Юрий КИМ.