ҮЗДІК ҚЫЗМЕТКЕР

Елімізде жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісі Білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде тойланады. Осыған орай оқырмандарды «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісімен таныстырғымыз келеді. Аткенова Күлдана аталған ұйымда 10 жылға жуық еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол балалар ерекше жақсы көретін педагогке, ата-аналар әрдайым алғыс айтатын қызметкерімізге айналды. Оның шәкірттері қазіргі таңда шетелдерде білім алып жүр, әлі күнге балабақша түлектері тәрбиешісін іздеп келіп қуантады.

Әрине, ұстазға шәкіртінің жетістігінен асқан үздік нәтиже жоқ. Десе де шынайы марапаттың жөні бөлек. Кейіпкеріміз ҚР Президент Іс Басқармасының аппарат басшысы атынан Алғыс хатына иеленген.

Ал ата-аналардың атынан жазылған пікірдің бірінде былай делінген:

«Күлдана Қалиасқарқызы – тәлім-тәрбие саласын терең меңгерген ұлағатты ұстаз, әрбір бүлдіршіннің жан дүниесі мен психологиясын жіті білетін педагог. Ол қарауындағы балаларға анасы сияқты ерекше мейіріммен қарайды. Сондықтан өзге тәрбиеленушілермен бірге менің балам да Күлдана Қалиасқарқызын жақсы көреді, оны айрықша құрметтейді». Бұл – сөзсіз лайықты баға. Осындай мамандарымыз көп болсын!

Білім беру саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Баршаңызға жұмыстарыңызға жеміс, мықты денсаулық, шабыт тілейміз!