Үзеңгіден өткізу — нәрестенің қырқынан шығару

Көшпелі өмір кешкен қазақтардың арасында үзеңгіден өткізу деген салт болган. Баланың қырқынан шыққанынан кейін оны көп жасаған қарияның немесе ел арасында беделді кісілердің бірінің тақымының астынан өткізіп батасын алуға үлкен мән берген. Әсіресе атышулы батыр, ақиық ақын, керемет күйші, атақты би-шешендердің үзеңгісінен өткізіп батасын алуды өз перзенттеріне аса мәртебе тұтқан. Ондай азаматтың ат үстінде отырғанында оң жағынан баланы әкеліп, аяғын үзеңгіден шығарған соң, үзеңгісін көтертіп астынан өткізген. Сосын оның ақ батасын алып, қуанышына мал сойып, дастарқан жайып сый-сияпаттарын көрсеткен. Кейін, баланың есі кіре бастағаннан әке-шешесі оның кімнің үзеңгісінің астынан өткізіп багасын алғанын айтып, оның естияр, адал, жауапкершілігі мол азамат болып өсуіне назар аударған. Үзеңгіден өткізумен үндес боп келетін жақсының орнына аунату деген де салт болған. Оны атақты адамның отырған немесе жатқан орынына баланы ырымдап аунатып, кәдесін беріп жасаған.
📖 Кітаптан: Қазақ халқының салт- дәстүрлері
✍️ Автор: Ералы Оспанұлы