V ИСЛАМ ОЙЫНДАРЫНАН 4 МЕДАЛЬ ЕНШІЛЕГЕН ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫ ТУҒАН ЖЕРГЕ ОРАЛДЫ
Түркияның Конья қаласында Ислам ынтымақтастығы V ойындарында ғаламат жеңіске жеткен Түркістан облысының талантты спортшысы Аделаида Пчелинцева туған жерге оралды. Еліміздің мерейін үстем етіп қайтқан жерлесімізді жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алып, құрмет көрсетті.
Ислам елдерінің ең талантты спортшылары бас қосқан дүбірлі додада суға жүзуден Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен түркістандық Аделаида Пчелинцева өзінің жарқын жетістігімен ел мерейін үстем етті. Аделаида эстафеталық жүзуден қола және күміс алқаны олжалады. Талантты спортшы қыздың қоржынында 50 метрлік брасс әдісінде алтын медаль бар болса, 100 метрлік қашықтықта аралас эстафетада күміс алқаны иеленді. Қазақстандықтарға төрт бірдей жүлде сыйлаған түркістандық дарынды қыз туған елге оралған соң көпшілікпен қуанышын бөлісті.
Жеңімпаз спортшыны қабылдап, оған құрмет көрсеткен Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев жеңісімен құттықтады. Басқосуда басқарма басшысы жаттықтырушыларымен бірге алда өтетін лицензиялық турнирлерге жоғары деңгейде дайындық жұмыстарын жүргізу қажеттігін тапсырды. 2024 жылдың еншісінде өтетін кезекті Париж олимпиадасында жас Аделаиданың төртжылдықтың басты додасына қатысуға күш-жігері жететінін жеткізді.
Таланты спортшы – білікті басшы Денис Жәрменов басқаратын Түркістан облысының су спорт түрлерінен олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті.
Айта өтерлігі, түркістандық саңлақтардың спортта ірі жетістіктерге жетуіне өңірде халықаралық деңгейде салынып жатқан спорт кешендері мен спорттық базалардың көптеп салынуы өз ықпалын тигізуде. Суға жүзу спортынан ұлттық құрама мүшелері бүгінде Түркістандағы базада оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Аделаида ендігі кезекте Париж олимпиадасына қатысу үшін өтетін лицензиялық турнирлерге оқу-жаттығу жиындарын бастайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі