Венгриялық кәсіпкерлер Оңтүстіктен бірлескен кәсіпорындар құруға ниетті
Бүгінде инвестиция ел экономикасының құрамдас бөлігіне айналғандай. Сондықтан да әкімдердің рейтингі олардың ел аралап өткізген жиындарымен, тұрғындарды қабылдап, уақыт өткізуімен емес, облысқа, ауданға тартылған инвестициясымен өлшенбек. Сондықтан да әкімдер инвестор келсе көктен іздегендері жерден абылғандай қуанады. Яғни оларды қабылдап, инвесторларға біздің елден берілетін жәрдемдер жөнінде түсіндіріп, оларды өзімізге шақырады.
Осы мақсатта жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев құрамында Яс Надькун Сольнюк аймағының мәжіліс төрағасы Шандор Ковач, Венгрияның Алматыдағы бас консулы Блауманн Ференц, Венгрияның Қазақстандағы құрметті консулы Ласло Хорват бар бір топ мажарлық қонақтармен кездесті.
Өңір басшысы қонақтарға Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық даму қарқынын баяндап, шетелдік инвесторларға көрсетілетін барлық жеңілдіктерді түсіндірді.
— Оңтүстік Қазақстан облысы – аграрлы өңір. Бізде жылына 300 мың тонна мақта өндіріледі. Өңірде негізінен ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілген. Облыс жеміс-жидек, көкөніс, бау-бақша өнімдерін өндіреді. Аумақтың индустриалды әлеуеті жыл санап жақсарып, бүгінде 11 индустриалды, 1 экономикалық арнайы аймағымыз жұмыс істейді. Аталған аймақтарда инфрақұрылымдық қажеттеліктер толығымен қамтамасыз етіліп, шетелдік инвесторларға барлық жеңілдіктер қарастырылған, — деді Жансейіт Түймебаев.
— Венгрия — Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптесі. Екі ел арасында Қазақстан-Венгрия стратегиялық кеңесі, экономикалық ынтымақтасық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес, сондай-ақ, тікелей инвестициялар бойынша Қазақстан мен Венгрияның бірлескен қоры жұмыс істейді. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, Оңтүстік Қазақстан облысында бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімдер жүргізетін уақыт жетті. Бұл қадамдар екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырары сөзсіз, — деді өз кезегінде Венгрияның Алматыдағы бас консулы Блауманн Ференц.
Оңтүстік Қазақстан облысымен мен Венгрияның сауда-саттық байланысы 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында 1 миллион АҚШ долларын құраған. Жыл басында өңірімізге Венгрияның сыртқы экономикалық байланыс және сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Микола Иштванаи мен Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани арнайы келген болатын.
Шалқар БЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы.