ВИЦЕ-МИНИСТР ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ЗАУЫТТА БОЛДЫ

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылындағы “Super farm” зауытында болды.
Бүгін зауыттың үшінші желісі іске қосылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров қатысты.
“Super farm” ЖШС – 2011 жылдың желтоқсан айынан бастап үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бір рет қолданылатын медициналық бұйымдарды шығарумен айналысатын фармацевтикалық зауыт. Кәсіпорын отандық медициналық мекемелерді бір рет қолданылатын өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Зауыттың ерекшелігі – технологиялық процестің толық циклі бар, яғни шикізаттан дайын өнімге дейін.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының емдеу-профилактикалық ұйымдары үшін зауыт шығаратын өнімдердің ассортименті тоқыма емес материалдардан (медициналық киім және іш киім) бір рет қолданылатын медициналық бұйымдарды өндіруді, жабысқақ үлгідегі бір рет қолданылатын медициналық бұйымдарды өндіруді, пластмассадан жасалған бұйымдар мен инфузиялық ерітінділерді құюға және қан құюға арналған жүйелерді қамтиды.
Жандос Бүркітбаев отандық өнім шығарып, әзірлеуші зауыт басшылығының жұмысына сәттілік тіледі.