Вице-министр: Шетелдіктерге жердің 1 миллиметрі де сатылмайды
Астанада өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ауыл шаруашылығы жерлерін аукцион арқылы сату бастамасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Осы аукцион деген сөзді естігеннен кейін халық арасында «Жер аукцион арқылы сатылатын болса, ертең шетелдіктер келіп, жерімізді сатып алмай ма? Жерден айырылсақ, биліктен де айырылып қалмаймыз ба?» деген сауалдар көбейе бастады. Осыған қатысты зиялы қауым да бізге ресми хат жолдап, өз алаңдаушылығын білдіріп жатыр. Сол себепті біз арнайы брифинг өткізуді ұйғардық», — дейді Өскенбаев.
Оның айтуынша, 2003 жылы қабылданған Жер кодексінің 24-бабы, 1-тармағы бойынша Қазақстан азаматтығы жоқ азаматтар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталында шетелдік қаржының көлемі 50 пайыздан асатын жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы жерлерін 25 жылға дейін жалдай алады. Ондай азаматтарға тек уақытша пайдалану құқығы ғана беріледі.
«Сол себепті Қазақстанда ауыл шаруашылығына қарайтын жерлердің бір сантиметрі, тіпті бір миллиметрі де шетелдіктерге сатылмайды. Жер тек қазақстандықтарға ғана сатылады», — деп көрсетті вице-министр.