Вирустануға ден қоятын кез жеткен секілді
Бәріңізге белгілі, COVID-19 еуропаға жетісімен, ішінде ең алдымен Италия елінің астаң-кестеңін шығарды. Ел билігі де, халқы да басында қатты елемегенімен вирустың таралуы күшейіп, өлім-жітім молайған кезде барып төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Қытайдан кейін қатты зардап шеккен ел болғасын, әрі індеттің қорқынышы әлі сейілмей тұрған кезіне тура келгендіктен Италиядағы COVID-19 құрбандары мен қолға алынып жатқан шаралар туралы әлемдік БАҚ-тар жарыса жазып жатты. Осылайша күллі дүние еуропадағы жетекші елдердің бірі болып саналатын Италияның тосыннан келген вируспен күресуге мүлде дайын емес екеніне куә болған еді.
Біз төменде осы төңіректегі бірнеше себептерді тарқатып көрмекпіз.
Италия еуропадағы қарттар саны ең көп ел. Ал, вирустың ең алыдмен «алып ұратыны» егде жастағы адамдар екендігін дәрігерлердің дәлелдеп шыққаны белгілі. Еуропаға барсаңыз арбаға байланып мәлкілдеп отырған, қалжыраған қарттарды көп кездестіресіз. Кейбір ақпарат көздері жұқпалы дерттен көз жұмғандардың көбінің қарттар екендігін де жасырған жоқ.
Италияның есін шығарған екінші себеп- халықтың бейғамдығы болды. Дүниежүзілік екінші соғыстан кейінгі, бейбіт те, еркін өмірге бойлары әбден үйренген халық, вирус соғысында тәртіпке бойұсыну керек екенін, кейбір шектеулердің өздері үшін пайдалы екенін түсіне алған жоқ. Мамыражай тірлік кешіп жатқан жұрт, вирус тарап жатыр дегенде оның қауіптілігін елеген де жоқ. Неше ондаған жылдан бергі қалыптасқан өмір дағдысын өзгертуге жігері де жетпегені белгілі еді. Ақыры төтенше жағдай жариялап барып бірақ тиылды.
Үшіншісі, Италиялықтар өте қонақжай халық. Олар үшін жалғыз отырып тамақ ішу күнә іспетті. Кәдімгі түскі ас пен кешкі астың өзін топ-топ болып жиналып, улап-шулап ішпесе бойларына сіңбейді… Ал әр аптаның соңындағы демалыс күндері негізінен түрлі басқосулармен өтеді. Сенбі, жексенбі күндері бізде шұбырып базар аралап, шопинг жасау болса, олар үшін жай күндердің өзі демалыс есепті. Демалыс күндері олар үлкен әулетке жиналып армансыз тойлаудың қамына кіріседі. Бұл үрдіс әр апта сайын жалғасады. Италиялықтардың назарында ондай басқосуларға бармай қалу, жиналмау деген түсінік атымен жоқ. Оны міндет деп те санамайды. Бұл аздай сәл қолдары босаса бір-бірлерін қонақа шақыру, кездесу, бір жерде отырып әңгіме дүкен құру олардың ұлттық хоббиі десең де болады. Індет дендеген тұста ел арасында «вирустың таралуынан Италиялықтардың таратуы тез болды» деген сөз таралыпты. COVID-19 дың таралғыштығы туралы көптеп айтылып жатыр. Оның тікелей құрбандығы адам ағзасы. Контакті, қарым-қатынас қаншалықты қою әрі көп болған сайын, бұл індет құтырынады. Италиялықтардың шектен тыс қонақжай, қыдырымпаздығы ақыр соңында бастарына пәле болып тиді.
Төртіншісі, мамыражай медицинасы. Италиялықтар дәрігерге қаралуға кезекке жазылатын ел. Кейде кезектің ұзақтығы 4-5 айға дейін созылатын көрінеді. Сөз басында айтқанымыздай бұл елдегі пациенттердің қатарын қарттардың толтыратындығы белгілі. Сөйте тұра жоғары сапа деген қағиданы қатты ұстанатын еуропа елінде анау-мынау дәрігерлер біздегідей ептеп күн көре алмайды. Оларда тек қана білікті дәрігер болуға міндеттісің. Болмаса бұл салаға жоламағаның жөн. Мұның бір кемшілігі Медицина саласында үнемі мамандар тапшылығы байқалып отырады. Сол себепті дәрігерге қаралуға кететін ұзақ кезек олар үшін үйреншікті жағдай. Осылайша «баппен қимылдайтын» ақ қалаттылардың өздері де індет таралғаннан кейін тәртіп пен мұқияттылыққа сәл қараудың салдарынан өмірлерімен қоштасып жатты. Кейін келе ес жинап, вируспен қатаң тәртіп жағдайында күресу керек екендігін танып жетті. Дегенмен індеттің бетін қайтарғанша көп бодау берулеріне тура келді.
Жер жүзін әбігерге салған пандемиямен күресудегі әрбір мемлекеттің қолданған тәсілдерін зерделесек, көптеген дамыған, демократиялы елдердің індетпен көресуге мүлде дайын емес екендігіне көзіміз жеткендей. Негізгі себеп-бейғамдық пен еркіндікке бой ұрып, қатаң тәртіпке бағынуды «шектеуге ұшырау» ретінде қарастырғандарында еді. Біздің елдің де ішнара жағдайлары Италияға ұқсап кететіндей. Еуропа жұртымен салыстырғанда ұтқанымыз бен ұтылғанымыз және ұқсастығымыз жөнінде өздеріңіз сараптай жатарсыздар…
Жақсыбек Қақан