Бірде Ақиқат пен Өтірік кездесіп қалыпты….

XVIII ғасырдың әпсанасы былай дейді: Бірде Ақиқат пен Өтірік кездесіп қалыпты. Екеуі де адам кейіпінде екен. Адам болғанда да, сұлу қыз бейнесінде болса керек! Өтірік амандық-саулықтан кейін «Бүгін ауа-райы неткен керемет?!» депті. Ақиқат айналасына қараса, шынымен де, құстар сайрап, күн күліп, табиғат тамылжып тұр екен.

Содан екеуі тылсым тыныштықта біраз сейілдейді. Бір кезде алдарынан бір құдық кездесіпті. Өтірік құдық суына қолын малыпты да, «Қандай ғажап су?! Не деген жып-жылы!» деп тағы да тамсаныпты. Ақиқат та құдық суына қолын салса, шынымен де, су сондай жылы әрі жанға жағардай бір жұмсақтықты сезеді.

«Келіңіз, мәртебелім, суға түсіп, жан рахатын сезінейік?!» дейді Өтірік. Серігінің көңілін қалдырғысы келмей, Ақиқат шешінеді де, суға түседі.

Екеуі құдық ішінде бір шама шомылғаннан кейін, бір кезде Өтірік судан шығады да, Ақиқаттың киімін киіп.., көзден ғайып болады.

Құдықтан шыққан Ақиқат өз киімін таппай, олай бір жүгіреді, былай бір жүгіреді. Бейшара «тым құрыса, Өтіріктің киімін тапсам, әуретімді жабар ем» деп те ойлап қояды дейді. Бірақ, киімі де, Өтірік те таптырмай қойыпты…

Сол күні бүкіл халық Ақиқаттың сырдай жалаңаш жүгіріп жүргенін көріп.., ұяттан жерге қараған екен. Өзі де арланғаны соншалық, тұттай жалаңаш Ақиқат ел бетіне қарай алмай.., құдыққа барып жасырыныпты да, мәңгі жоғалыпты…

Міне, содан бері Өтірік беті бүлк етпестен, Ақиқаттың киімін киіп алып, ел ішінде еркін жүрген көрінеді. Адам баласының көзіне Ақиқат боп көрінген ол, әлемнің барлық түкпірінде барша пенденің нәпсі қалауын қанағаттандырып, ойына келгенін істейді дейді.

Ал, Ақиқат ше? Ол қайда кетті?..

…адамдар әсем киімді Өтіріктің келбетіне тәнті болғаны соншалық.., жалаңаш Ақиқатты көрмек түгілі, ол жайлы ойлағысы да келмейтін көрінеді!..

°°° ° °°°

«Құдықтан шығып келе жатқан жалаңаш Ақиқат»,

Жан-Леон Жером,

1896 жыл.

Қанат Ескендір фб паракшасынан