XXI ҒАСЫР ҚАЗАҚТЫҢ ҒАСЫРЫ БОЛУЫ КЕРЕК!

Ол үшін ауылдың еңсесін тіктеу ұлы міндет!

Заманында Қаз дауысты Қазыбек бабамыз: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз…» депті.

Қызылорда облысы Нағи Ильяс ауылы

Републикадағы «Ең үздік» ауыл. Бірнеше рет іс-сапарда болып республикаға таныттық

 

«Qazaqstan dauiri» жылына екі мәрте ауылдарды аралайды

Бүгінгі қазақ баласы дана баба сөзін қаперге алып жүр ме? Қаперге алса жер қайысқан малы қайда? Алаңсыз тірлік кешкен жайы қайда? Сары далада сайран салған  елі қайда? Олай болса қазаққа кім көрінген иеленген миллиондаған гектар жерінен бар ма пайда?

ДЕРЕКТЕРГЕ ЖҮГІНЕР БОЛСАҚ, БҮГІНДЕ ЕЛІМІЗДЕ 187 МЛН ГЕКТАР ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР БАР ЕКЕН. МАМАНДАРДЫҢ БАЙЫПТАУЫНША, ҚАЗІРДЕ ЖЕКЕЛЕГЕН ҚОЛҒА ӨТІП КЕТКЕН  ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕРДІҢ ЖАЙ-КҮЙІ ҚАТТЫ АЛАҢДАТАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТКЕН. БҮГІНДЕ ШАРУАЛАРҒА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРГЕН ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕРІМІЗДІҢ 80 ПАЙЫЗЫ ЖАРАМСЫЗ БОЛЫП ҚАЛҒАН.

 

 

 

Басты себеп: жекелеген шаруаның жерді күтіп-баптауға қауқары жоқ. Техникалық қуаттылығы жарамсыз.

Бұл әңгіме бізге таңсық емес.  Айта  берсек әңгіме көп қой…
«Qazaqstan dauiri» газеті «Нұр Отан» партиясымен біргіп, ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің қолдауымен Қазақияның бар өңірін жылына екі рет экспедициямен  аралаймыз. Көктем мен күзде. Екі маусым –  жұмыстың қызатын шағы!
Билік партиясы мен министрліктің  – шындықтың жүзіне тура қарап, жіпке тізген кемшілікке мойымай,  кеңшілікке «тойынбай» әркез бізді қолдап келгеніне алғыстан басқа айтарымыз жоқ!
Экс-министрлер Асылжан Мамытбеков, Асқар Мырзахметов, Өмірзақ Шөкеевтердің ерекше қолдауының арқасында, еңбек адамдарының талап-тілектері ескерілгеніне куәміз. Бүгінгі министр Сапархан Омаровпен  байланысымыз жанданып, карантиннен шығып жатсақ, жаңа экспедицияға қолдау табамыз деген үмітіміз бар.
Ауыл экспедициясы 10 жылдай болды ел аралап жүр. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген тәмсілдің ақиқаттығына  экспедиция барысында талай мәрте көзіміз жетті…
Елімізде жеті мыңнан аса ауыл, 160-тан астам аудан, 14 облыс пен екі қала болатын болса, соның 5 мыңнан аса ауылын,  100 – ден аса ауданын, 10 шақты облысы мен екі қаласын араладық деп нық сеніммен айта аламыз. Жүріп өткен жолымыз газет бетінде тайға таңба басқандай жазулы тұр.

Павлодар облысында  «Бабалар рухына» тағзым

 

Жамбыл облысында  «Бабалар рухына» тағзым

Маңғыстау облысында  «Бабалар рухына» тағзым

СҚО облысында  «Бабалар рухына» тағзым

«Туған елге тағзым», «XXI» ғасырдың ауылы қандай болмақ», «Ауыл ел – бесігі», «Бабалар рухына тағзым» т.б  ауыл экспедициясы  еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін,  мұң-мұқтажын, алғысы мен әр игі ісін дер кезінде  билікке жеткізуге ұмтылды.
Қордаланған проблемалар жыл аяғында елордадағы «Журналистер» үйінің баспасөз залында зиялы қауым мен парламент депутаттары алдында талқыға салынады. Шамамыз келгенше ауылдағы ағайынның, шаруалардың, кәсіпкерлердің жоғын түгендегенімізге бір марқайып қаламыз сол күндері.
Шыжыған күннің астында, құжынаған масаның «тасқынында», бірде жауын, бір де желге кезігіп, бірде шоқалақ жолға бірде оқтаудай жолмен аптығып-соқтығып жол жүрудің азабы мен қызығын бастан кешкенді айтсаңызшы бәрінен!

Жамбыл облысында «Ауыл ел – бесігі» экспедициясымен

Жамбыл облысында «Ауыл ел – бесігі» экспедициясымен

Жамбыл облысында «Ауыл ел – бесігі» экспедициясыменМаңғыстау облысында «Ауыл ел – бесігі» экспедициясыменҚарағанды облысы, Жезқазған қаласында оқушылармен кездесу
Сапар барысында құс қанатын талдырған киелі даланың қадірін түсіндік, қасиетін түйсіндік!  Көре-көре көсем болдық, жүре-жүре шешен болдық.
Сан түрлі тағдырлармен кездестік. Ауыл жұртының базынасы мен ашуын, тілегі мен талабын газетіміз арқылы биліктің құлағына құйып, Үкіметтің назарына үйіп келеміз. Нәтижесі де жетерлік.
Иә, экспедиция айдарында Елбасы мен  президент жолдаулары басты тақырып. Себебі екі кісі де халыққа жолдауларында ауыл жайлы үнемі сөз етіп жүр. Ел экономикасының локомативі деп ауылшаруашылығын қолдауға шақырып, түрлі бағдарламалардың тұсауын кесіп те берді. Бірақ та әлі күнге ел, ауыл еңсесі тіктелетін емес…
Шаруа қожалықтарының шаруасы шатқаяқтап тұр. Ел экономикасын көтереді деген шағын бизнестің де шығар-шықпас жаны бар. Оған келіп әлемді бір қауыздың ішіне сидырған коранавирус індеті келіп қосылды. Дәл қазіргі кезең «Арық атқа қамшы ауыр» дегенге жақын. Әйтсе де уақыт бүгінмен шектелмек емес. Ертең де күн бар. Ал ауылшаруашылығы – ел ертеңінің темірқазығы! Олай болса бұл төңіректегі әңгіме күн тәртібінен түспеуге тиіс!

 

Қазақстан фермерлер одағының президенті: «Бізге ешкімнің тәжірибесінің керегі жоқ. Еңбек адамына деген көзқарасты ғана өзгертіп, еңбек адамын дәріптеу маңызды. 1933-45 жылдары АҚШ Президенті болған Франклин Рузвельттің «егер бүгін фермер өлетін болса, ертең бәріміз өлеміз» деген сөзі бар екен. Сондықтан, ең алдымен ауылға, ауылшаруашылығына көңіл бөлейік. Қазақтың тамыры сол ауылда. Ауылға қаражат бөлу, ауылдың әлеуметтік жағдайын шешуді бірінші кезекке қою керек. Ауыл көтерілсе қазақ, Қазақстан көтеріледі. Президент халықты тыңдайтынын, пікірін ескеретінін айтты. Осындай жағдайда біз де оны қолдап, қойып отырған талабының бәрін бұлжытпай орындаудың амалын жасағанымыз орынды. Біз қоғамдық ұйым ретінде ешкімді де көшеге шақырып жатқан жоқпыз. Көшеде жүргенге шаруаның уақыты да жоқ. Олардың бір күні – жылға азық» депті.

 

МҰНАЙҒА ТЕЛМІРЕМІЗ ДЕП, БАРЫМЫЗДАН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ

Қанша ғайбат айтсақ та, қанша жоққа шығарсақ та кеңес дәуірінде ауылшаруашылығы саласы  өркендеп тұрды. Жұмыссыз адам болмайтын. Бүгінгідей бұғағы салбыраған, қарны қампиған жігіт-желең жоққа тән еді. Қызу жұмыс, қауырт істерден қол босамайтын. Еңбек адамдары – бүгінгі депутаттан құрметті, министрден құдіретті еді. Өйткені халықтың атынан солар ғана сөйлей алатын.
Көркем әдебиет өкілдері мен журналистер де еңбек адамдарын әспеттейтін, соларды насихаттайтын. Содан барып жұмысшыға деген ілтипат өсе түсетін.  Бүгіндері бәрі керісінше. Бала біткен бай болғысы келеді. Оған жетудің тура жолы – танымалдылық. Сол жолда әуреге түсіп әлек.
Біз әлі де болса  «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген қағидатқа назар аудармай келеміз. Кеңестің керітартпа саясатын емес, көңілге қонымды моралді ұстанымдарын кәдеге жаратсақ ұтпасақ, ұтылмасымыз анық!

 

 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында үкімет тізгінін қолына алған Әкежан Қажыгелдиннің ауылдың күйреуіне, төрт түліктің құруына,  ауылшаруашылығының құлдырауына тигізген залалын тарих өзі таразылап берер. Бірден айта кету керек, кезінде «шаш ал десе бас алған», «экономикалық тұрғыдан мал бағу бізге тиімсіз болса, біз етті Аустралиядан  сатып алатын боламыз (соған жеттік, шүкір!) деген «аталы» сөзі әлі күнге даламызда жаңғырып тұрғандай көрінеді. Иә, етті ол жақтан тасымасақ та, тауықтың сирағын Америкадан, өзге де алыс-жақын елдерден ет тасып күнелтіп жүргеніміз ешкімге жасырын емес. Мұның ел экономикасына тигізіп жатқан залалы шашетектен… Өзімізден өнім шықпай, ауызымыз аққа жарымасын қашан түсінер екенбіз?
Қазіргі ең үлкен проблема – ауыл халқы мал өсірейін десе қарыс адым жер жоқ тегін жатқан. Неге бүгін қазақ баласы бір тұтам жерге зәру? Неге? Басынан сөз асырмаған елдің азаматтары неге төменшік, неге босбелбеу? Рухымыз мұншалықты сынатындай не басымызға күн туды, апырай?!
Жерге салынған мароторидің де соңғы жылы биыл! Алдағы жер тағдыры – ел тағдыры қалай болмақ? Қазірдің өзінде жерге алаңдап, аттандап жатқан ұйымдар бар…
Иесіз қалған ауылдар қаншама қаңырап жатқан? Құлазып жатқан өңірлер қаншама аңырап мұңға батқан? Соның біріне қадаңды қағып көрші, сол сәтінде иесі табыла кетері сөзсіз! Олардың екпінінен басың дауға қалып, «жаным сауға» деп безіп кетуің ықтимал. Өйткені жердің бәрі әлділердің қолында! Әлдінің қолында болғасын, бағы емес, бастың соры да!
Олар жерді не өздері іске жаратпайды, не біреуге беріп жарытпайды.  Жұмыр тасты жұмыртқа деп бауырына басқан тауық секілді. Алданыш етеді. Не елге, не жерге пайдасы жоқ тірлік қой бұл!
Ат үстінен түспеген ата-бабамыз солар үшін шайқасып, қан майданда айқасып өткен сияқты… талтаң-талтаң жүретінін қайтерсің олардың?
Өзгеге қимай, өзі «жерге симай» жүргендерге бір тоқтам болмай, гүлденген ауыл мен дүрілдеген шаруашылықтың болашағы бұлыңғыр ма деп қорқамын!
Демек, қасиетті қазақ даласының бір пұшпағы да бос емес деген сөз. Бәрінің де иесі бар  «ақырған»,  «бақсыдай жынын шақырған».
Егер ауыл жайлы болса, табысы майлы болса  жастар ауылдан қашар ма еді?! Тұрмыс тауқыметін халық тартар ма еді?! «Арқада қыс жайлы болса, арқар  ауып несі бар?!» демей ме қазақ мұндайда!
Өзекті өртейтін бір жайт, 1990 жылдармен салыстырғанда бізде малдың басы өсудің орнына азайып кетті. Егер бұрын 37-38 млн қой болса, бүгінде одан 17-18 млн ғана қалды. Жылқы да, сиыр да сол. Біз сиырдың өзін ет бағытында, сүт бағытында деп жан-жаққа тартып жатырмыз. Сиырдың жем-шөбін дұрыстап берсең, ол барлық жерде сүт те, ет те береді. Біз барлық тірлікке шаруаның көзімен қарауымыз керек. Біздің шенеуніктер Америкаға, Еуропаға барады да «олар бүйтіп жатыр екен» деп шетелдік әдісті көшіріп әкеп қазаққа тықпалайды. Қазақ аттың үстінде жүріп осынша жерде қойын да, сиырын да бақты ғой! Біз қазір анаған еліктейміз, мынаған еліктейміз деп іргедегі Моңғолиядан да қалып қойдық мал шаруашылығы саласында. Тоқсаныншы жылдары оларда 3 млн қой болатын, қазір оның саны 33 млн-ға жетіп отыр. Түліктің басқа түрі де осындай жағдайда. Өйткені, олар фермерлерге қатты көңіл бөліп, артықшылық беріп қойды. Бала-шағасын тегін оқытады. Барлық жерде құрмет жоғары. Салықтың бәрінен босатып тастаған. Ауылға деген көзқарас осындай болу керек. Бүгінгі күнде біздегі жағдай аянышты, жастардың бәрі қалаға кетіп жатыр. Ешкім ауылда жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан, механизатор, комбайншы, жүргізуші, малшы және тағы басқа мамандар жетіспейді. Ауылға, ауылшаруашылығына қатысты ұстанған саясатымыз осы жағдайға жеткізді. Шаруалардағы техниканың бәрі баяғы кеңшар, ұжымшардан қалған 90-жылдардағы техника. Соның барлығын жаңарту қажет. Құзырлы органдар жылына 4-5 пайызын жаңалап отырамыз дейді. Сонда еліміздегі 212 мың фермердің техникасын қай уақытта алмастырып бітеміз деп жоспарлап отыр екен. Тағы да қайталап айтам, бізде ауылшаруашылығы техникасын жасайтын отандық өндіріс болуы керек. Оған мемлекеттің мүмкіншілігі бар ғой. Бізде ғылым да, оны жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар да жеткілікті. Тек дұрыстап, көңіл бөлу керек.

 

Аустралия деген мемлекет бар. Қой өсіруден алдыңғы орында. Сол елдің былғары етігі әлемдік бренд саналады. Қазақтың  мал  жесең ет, кисең киім, сатсаң ақша, өндірсең былғары дегенін Аустралия жұрты іске асырып жатыр. Сол кәсіп арқылы бюджеттері толып, көңілдері жайланып, мәз-мейрам.
Ал біздің елде төрт түліктің терісі іске аспай іріп-шіріп, жүн-жұрқасы рәсуә болып көрінген жерде шашылып, аяққа басылып жатыр.  Қарап отырсаңыз қаншама қазына желге ұшуда. Ішің қалай удай ашымайды? Ата-баба кәсібінен қазақ жерінетіндей не көрінді оған?!
Мұнайға телмірген елдердің ертеңі көмескі екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Өйткені мұнай бағасы – өте өзгермелі. Ұшып-қонып жүреді. Бірде бие, бірде түйе! Мұнай бағасының соңғы құлдырауы – мұнайға тәуелді елдердің көзін ашты. Ішкі нарықты қуаттандырмай, ел экономикасының еңсесін көтеру мүмкін еместігі айдай әлемге белгілі болды…
Өндірісті жетілдірмей, кәсіпкерлерді қолдамай дамыған елдердің санатына қосылу арман ғана, ағайын!
Кеңес дәуірінде Шымкентте қаракөл елтірісін өңдеу зауыты болды. Оның өнімі экспортқа шығарылды. Қаракөл қой савхоздары Мойынқұмда, Қызылорда өңірлерінде шоғырланды. Соның пайдасы мен қызығын халық көрді.  Қайда сол зауыт бүгінде?
Төрт түліктің төресі түйе шаруашылығын неге жандандырмасқа? Түйенің жүні мен шұбаты қып-қызыл пайда көзі емес пе?
Қазақтың ата кәсібі ешкі мен қой шаруашылығы неге кенжелеп тұр? Қамбар ата баласының еті дәрі, сүті шипа дегенді  біз емес немістер ескеріп, түрлі косметология мен тіс пасталарына, сағызға, шөл басатын сусындарға дәмін пайдаланып, жарнамасын асыруда. Біз болсақ көкірек керіп мақтануға, жоқ нәрсеге шаттануға әуес болып барамыз.
Жеңіл өнеркәсіпті, соның ішінде тамақ өнеркәсібін жандандыру уақыт талабы!  Егер тап осы қалпымызда айнымасақ, XXI ғасыр қазақтың ғасыры деу қиын…

ОРАМЖАПЫРАҚТЫҢ «ЖЫРЫ»… ҚҰЛАЗЫҒАН ДАЛАНЫҢ МҰҢЫ…

Қазақтың құт дарыған сайын даласы игеріліп өңделсе, 100 миллион халықты асырауға қауқарлы көрінеді. Ал бүгінгі тірлікке көңіл көншімейді. Шаруаларды сөйлетсең  көздерінен жас моншақтап егіледі, қабырғалары қайысып сөгіледі. Жоғарыда тірегі барлардың ғана көңілі шат, өмірі бақ, тірлігі сақ па дейсің амалсыздан!

 

 

Обалы нешік, билік бар мүмкіндікті жасап шаруалардың жағдайын жасауға тырысып-ақ жатыр. Ірі қараны асылдандыруға да, жем-шөпті жасылдандыруға да, кәсіпкерлерді ынталандыруға да, субсидияның таралуына да жол ашып қойды.
Бірақ жең ұшынан жалғасқан жемқорлық игілікті істің үнін өшіріп, өздері есіріп жатыр.  Оның зардабын қарапайым халық сезініп отыр. Әттең, тонның келтесі-ай демеске шара жоқ!
Бәзбіреулер айтып жүргендей шынымен халық жалқау ма, әлде билік аңқау ма? Бүйтіп тұтас ұлтқа, бағынышты билікке арандатып ой тастау ел болашағына жанашыр адамның ісі емес? Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, болмас елдің баласы бірін-бірі қатын дейді деген бар. Осы жадымыздан шықпаса деймін.
Өз шаруаларымыздың әлі күнге еңсесін тіктеп, өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығармақ түгілі, өз ішінде сатуының өзі кейде мұң. Мысалы сүт өнімдерінің 80 пайызы Ресей мен Белоруссиядан тасымалданады.   Қарақұмықты Өзбекстаннан, күрішті Үндістаннан сатып аламыз.
Кейде көршілерден орамжапырақ әкеліп нарықты толтырып тастаймыз. Қайран ақша-ай, өзгенің қалтасын қампайтып жатқан!
Әріге бармай-ақ қояйын, сәуір айының соңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шаруалардың 250 мың тонна орамжапырақты өткізе алмай отырғанын Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Маминге ескертіп, одан көмек сұраған. Бұл жайында Қуаныш Қаппас атты азамат «Abai.kz»-те жазды да.
Сол жолы Шөкеев: – Бізде 300 мың тонна орамжапырақ өсірілді. Қазір Ресей тарапынан сұраныс күрт төмендеді, біз барлық аймақтармен меморандумдар жасадық, алайда оның бір келісінің құны 10-15 теңгеге дейін төмендеді. Мұндағы фермерлер осы мәселені көтеріп отыр. Қазір  250 мың тонна орамжапырақ дайын тұр. Оны бір жерге орналастыру керек. Әйтпесе үлкен проблема болады. Қазір олар шулап жатыр, – деп ескертті, обалы не!

 

 

Айтпақшы Шөкеев Маминнен көмек сұрардан 15 күн бұрын, сәуір айының ортасында Ауылшаруашылығы министрлігі әр облыстың әкімдіктерімен кеңес өткізіп, Түркістан облысында өндірілген 50 мың тонна орамжапырақты ел ішінде сатуды жоспарлаған. Ал 250 мың тонна өнім Ресейге еш кедергісіз сатылады деп сенген.
Алайда «Базардағы бағаны нарық бұзады» дегеннің кебі келді. Карантин бар жоспарды тас-талқан етті. Сөйтіп Ресейге орамжапырақ сату мүмкін болмай қалды. Сөйтіп аталған 250 мың тонна орамжапырақты қайда қоярын білмей, Шөкеев «шырылдап» премьер-министрден көмек сұраған. Өмірзақ өтініш жасаған үкімет отырысында Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа «Облысқа көмек көрсету керек. Бірге жұмыс істеңіз» дегенді нығарламай, жай ғана ат үсті айта салғандай көрінді.
Осыдан кейін елде өтпей жатқан қырыққабаттың жыры басталды. 15 күн бұрын ғана бар өнімді еш кедергісіз сатамыз деп жаныққан АШМ да, үкімет те, үкіметтен көмек сұраған Түркістан облысы әкімдігі де амал таппай дағдарды. Өңірдегі диқандар қып-қызыл зиянға батты. Бірі өнімінің аз бөлігін келісі 10 теңгеден болса да сатты. Ал бірі тегін таратып берді.
Дихандарды қорғау, кәсіпкерлерді қолдау осылай жалғаса берсе, билікке деген сенім азайып, үкіметке деген көңіл қарайып қала ма деген қорқыныш басым. Қазақта «Қалған көңіл шыққан жан» деген тәмсіл барын ұмытпаған жөн.
Қайтейік, бұған дейін Алманы Иран, Қытайдан, картоп пен капустаны Қырғызстан және Өзбекстаннан, алмұртты Аргентинадан, мандаринді Пәкістан мен Мароккодан одан қалса Қытайдан  тасымалдап келеміз. Бар-жоғы 19 миллион халықтың қажетін шығаруға, қазақтың сайын даласының қауқары мен құнары жетеді-ақ. Қайтейін, ауылшаруашылығын көркейтуге бағытталған бағдарламалардың «бағы ашылмай», оларға жауапты тұлғалардың «жаны ашымай», керек көмектер шын мұқтаждарға жетпегендей көріне береді маған….
Біздің ұлан-байтақ жеріміз игерусіз жатыр. Бұл шындық! Бір танысым оңтүстіктен Ақмола облысының Есіл ауданының бір ауылына шаруа қожалығына жұмыс істеуге барды. Онда баруға себепкер болған үлкен кәсіпкер досы. Әлгі танысым айтады: «Бұл жақта жер жетеді. Құнарлы қара топырағы қандай! Тіпті жата қалып жегің келеді. Асан қайғы атамыз айтқан: «Жатып қалған бір тоқты, жамырап мың қой болған жер» деген осы шығар.   Сол  жерде пайда болған совхоздардың аты да «Иванов», «Смирнов», «Андреевка» деп кете береді. Жер деген жетеді.  Әйтсе де заманында төбесінен құс ұшырмаған ауылдардың бүгінгі келбеті кісі аярлық. Тіпті үңірейіп орны қалған савхоздар бар. Инфроқұрылым болмағасын қайдан оңалып кетсін. Жүрегің ауырады. Көңілің құлазиды.  Шіркін-ай, деймін, егер менің қолымда билік болса, сол ауылдарды жаңартып, жасартып, оңтүстіктің еңбекқор дихандарын жұмысқа тартар едім. Сол жердің өзінде жанұясын асырай алмай отырған қаншама отбасы бар. Оларды да жұмысқа жалдауға мүмкіндік зор.
Кішкентай жерге таласып қырқысып жүргендерге де куә болдым. Өзеннің жағасында отырып суға таласқандай тірлік қой бұл…
Осындай қыры кеткен, халқы бытырап қаңғырып кеткен аймақтарға оңтүстіктің ғана емес,  шеттен келген қандастарды шоғырландырып, жер беріп, мал беріп, ауылға қайта инфроқұрылым жүргізіп, баяғы кеңестен қалған қалдықтарды жаңартып, әр үйге су тартып құлазыған ауылдарға жан бітірсе,  ол жерлерді «жұмаққа» айналдыруға болар еді» деп сырын айтқаны бар. Иә, бұл бір өңірдегі оқиға. Анау Павлодар, Петропавловск, Қостанай, Көкшетау секілді  өзге аймақтар да дәл осыған ұқсайтын көріністер жоқ деп кім айта алар? Сондықтан біздің Үкімет, халықты жұмыспен қамтуды ойластырғанда елеусіз қалған ауылдарды басты назарда ұстаса деймін. Өйткені тыңайған жерлердің қазір әбден демалған уақыты. Өнімді де еселеп береріне шүбәм жоқ. Тек ондай жерлерге халықты көптеп қоныстандырып, екі қолға бір жұмыс тауып беріп, жағдайларын жасап, өмір сүруге қолайлы жағдай туғызса жетіп жатыр…
Менің бұл айтқандарым жүзеге асып жатса, бір кездегі атақоныстың өз игілігімізге қайтқаны да сол болар еді. Содан кейін атамыз қазақ  «Бос жатқан жер жау шақыратынын» бекер айтпаған болар?…
Қазір әлеуметтік желі үлкен қару ғой. Ол жерде небір ізгі ойлар мен кертартпа пікірлер түйіскен. Қалағаныңа қол жетімді. Әлемнің түкпір-түкпірімен де тілдесуге жол ашық.

 ШЕТЕЛГЕ ТЕЛМІРУ – ӨЗ ЖАНЫҢДЫ «КЕМІРУ» ҒАНА

Түйін сөз: Таяуда әлеуметік желіде дос  Иранда тұратын бір қазақ жігіт байланысқа шықты. Өзі елдегі жағдайға елеңдеп саясаттағы қалтарыс-бұлтарыстарға көз жүгіртіп, халықтың тұрмыс-тіршілігіне алаңдап отырады. Сөзінен аңғарғаным,  Маңғыстау түбегінен кешегі қилы кезеңде үдере көшкенге ұқсайды ата-бабасы.
Өзі Иранда мұнай саласында жұмыс істейді екен. Жүздеген адамдардың ішінде алғырлығымен, білімділігімен ерекше көзге түсіпті. Тест тапсыруда да алдына қара салмапты. Ол жақта біздегідей «аға-көке» деген жоқ болғандықтан, аламан бәйгеде шын жүйріктің бағы жанады екен.
Жігіт айтады: бұл жерде екі-үш қазақ жігіті бармыз. Бәрімізде өз күшімізбен жұмысқа тұрдық. Қалың иран жігіттерінің ішінде «арпа ішінде бір бидаймыз». Бұл жақта шын жүйрікке тұсау жоқ. Соның арқасында иран экономикасы қарқынды дамып, білім-ғылым  саласында жетістіктер көбеюде.
Мысалы мен Сіздің газетіңіз бен сайттарыңызды үнемі оқып тұрамын. Өйткені Сіздер ауылшаруашылығына қатысты мақалаларды көптеп жарыққа шығарасыздар. Мемлекеттің шаруашылық иелеріне көрсетіп жатқан жәрдемін, ашық қолдауын,  субсидиялардың сан түрлерін,  әрқилы бағдарламаларын қызыға оқимын. Керемет емес пе? Сөйте тұра Қазақстан эконмикасындағы ауылшарушылығы үлесінің төмендігіне қайран қаламын. Егер сіздердегідей қолдау болса Иран шаруаларының бақыттан бастары айналар еді….
Алайда  Ирандағы кейінгі қазақ жастарына жаным ашиды. Қолдарында қолақпандай дипломы болғанымен, бәсекеге төзе алмай шеттеп қалып жатыр көбісі. Нарықтың заңы солай! Тым қатал!

 

 

Сондықтан да күнкөрістері нашар. Солар елге (атақоныстарына) оралғылары келеді. Сіздің оларға қандай көмегіңіз бар? Мемлекет оларға қандай көмек көрсете алады?
Негізі оларға керек көмек, азаматтық беруді жеңілдетіп, шаруашылықпен айналысуға мүмкіндік туғызып, бір-екі жылға салықтан босатса жетіп жатыр. Қалғанын олар өздері-ақ жасап алады» дейді ол маған.
Мен де оған өзімше жанашырлық танытамын.  Қазіргі әлемді шарпыған коронавирус індетінің ел экономикасына соққы болып жатқанын да жасырмаймын. Келем деген оралманға қазақ билігі ешқашан қарсы болмайтынын да айтамын. Алайда елге келгісі келетін әр азамат, «Қазақстаннан не алам деп емес, не берем деп келсе» дегенді қосып қоямын. Елмен көрген ұлы той ғой, не көрсе де өз қазағымен бір көрсін деймін. Басқа не айта аламын? Мен Үкімет емеспін ғой, сосын менің сөзімді тыңдап жатқан кім бар? Егер тыңдап жатса, жазғанымызды қорытып жатса, «Апеке, мына мәселеге не айтасыз?» деп шақырып жатса, айтатын нәрсе кеуде сарайда қаттаулы тұр. Бір мен емес, елдің мұңы мен сырын қозғап жүрген қайраткерлер аз ба қоғамда?
Егер билік ниет танытып, осы «жазғыштардың» шерін тарқатайық деп жатса, өздеріне қажетті көп дүниемен танысар еді.
Әлеуметтік желідегі досымның әңгімесін тыңдап болғанда менің ойыма жоғарыда жазған танысымның жанайқайы  құлағыма келеді. Иесіз жатқан ауыл, қаңыраған дала, құлазыған жол… Шіркін, сондай елді-мекендерге еңбекқор  халықты қаптатып, еңбектің көрігін қыздырар ма еді, шіркін!
«Маған жер мен оған себетін дән ғана бер, қалғанын өзім қатырамын» дейтін сыртта жүрген қаншама мың қандасымыз бар. Соларды елге шақырып, «Міне жерің, міне баспанаң, міне құжатың, міне азаматтық куәлігің» деп қолдау білдірер күн қашан туар екен?
Қазір егіс науқанында қызу жұмыс жүріп жатыр. Жанар-жағар май бағасы да ұшып тұр. Мемлекеттің көмегі де біреуге жетіп, біреуді діңкелетіп тұрғаны байқалады.
Бізде шаруаларға қолбайлау болатын нәрсе қолжетімді несиенің жоқтығы ғой. 10 сәуірде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – еңбек адамына нақты адресті көмек жасау керек деп айтқанымен, сол көмек «ҚазАгроның» тарапынан болмай тұрған жиі айтылуда. Ведомстволық қызығушылық басым, олар өздерінің майлы жілігінен ажырамаудың амалын ойлап отыр әлі. Ондай болмайды ғой. Халықтың басына күн туып тұрған уақытта өз ережелерін жеңілдетіп, несиені әрбір шаруаға қолжетімді етуі керек. Және оны ең арзан бағамен, ұзақ мерзімге беруі тиіс емес пе? Кепілдік несие саясатын, жалпы ауылшаруашылығын қаржыландыру саясатын түбегейлі өзгертпесе, мұндағы түйткілді мәселе шешімін таппайды. Ауылшаруашылығы қашанғы жетім баланың күйін кешеді? Қазақстанда ешқандай техника шықпайды. Бәрі қымбат. Беларуста осыдан 5-6 жыл бұрын 2,5-3 млн теңге тұрған техника қазір 8,5 млн теңге болды. Шетелдің Joohn Deere, CLAAS, CASE, New Holland сияқты қымбат техникаларын айтпағанның өзінде. Оны да ілуде біреу болмаса, шаруа қожалықтары ала алмайды. Оларға қолжетімді болу үшін біздің өзіміздің мемлекетте машина жасауға көңіл бөлу керек. Жақсылап бір өндіріс орнын ашып, жер жыртатын, тұқым себетін, оны оратын техниканы өзіміз өндіруіміз керек қой.
Бізде оның әлі бірі де жоқ. Әрине келешекте болатынына сенім мол.
ПЫ –СЫ: Жоқ, жоқ дей бергенмен, кім барын береді бізге. Қу шөппен ауыз сүрте беруге де болмас. Шаруа қожалықтарының күш алуына билік тарапынан бөлінген миллиардтар бар. Ол қолдаудың арқасында шаруашылықтарын дөңгелетіп отырған ағайын көп. Мемлекеттің субсидиясымен ірі қараның санын көбейтіп алған шаруаларды білемін. Әйтсе де кенжелеп қалған ауылшаруашылығы саласының кем-кетігін тізбелеп шығу, жетістіктерді жоқ ету емес, керісінше, әлі де бола түссе деген тойымсыз ойдың жемісі ғана. Өйткені мақаланың басында «Qazaqstan dauiri» (Бұрынғы «Qazaqstan zamany») газетінің 10  жыл бойына ауыл экспедициясын ұйымдастырып, қазақ даласының оңтүстігі мен солтүстігін, батысы мен шығысын аралағанын тілге тиек еттім. Бәрі де қазақ үшін еді ғой! Ауыл – қазақтың жаны мен ары! Олай болса, ауылдағы ағайынның тоқ болғаны – баршамыздың бақытымыз бен өмір сүруіміздің кепілі!

Сәуле Мешітбайқызы

«Qazaqstan dauiri» газеті