ЫБЫРАЙ ХАТТАРЫН ҚАЙТА ОҚЫҒАНДА

      Құрметті «ЕлАна» сайтының оқырмандары. Бүгін көпшілікке жол тартқалы тұрған ақпараттық-танымдық кеңістіктің ауқымы кең, оған жазылатынСерикбай-Оспанов мақалалардың мазмұны терең болғай деп тілеймін. Солай болады да. Себебі халықтың анасына айналған қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы қолға алған кез-келген жұмыс тиянақты орындалады. Ең бастысы, сайт саркідір сақа оқырманымен толыға берсін!
Бүгін сайттың ашылуына шын ықыласыммен тілек білдіре отырып, ұлтымыздың ұлы ұстазы Ыбырай бабамыз жөнінде бұрын жарыққа шықпаған мәліметтерге толы шығарманы ұсынып отырмын. Талай бұрмалауға ұшырап, түкпірде қатталып жатқан тың дүниеге қанық боларсыздар деп сенемін.
Құрметпен, Серікбай Оспанов. 

        «Бір Құдайға сыйынып, кел, балалар оқылық!» – деп бүкіл қазақ даласына жар салған, қазақ жастарын оқу-білімге шақырған, Торғай даласында бұрын-соңды болмаған жаңа үлгідегі мектеп ашып, тұңғыш оқулық жазған қазақтың ұлы ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 175 жыл.

Altynsarin Ұлы ұстаз өмірі мен шығармашылығы кезінде біраз зерттелген, талай-талай еңбектер жарық көрген. Алайда кешегі Кеңес дәуірінде үкіметтің солақай саясатына орай көп жайт бұрамаланып көрсетіліп, өмірінің кейбір тұстары айтылмай қалды. Міне, сондықтан да Ыбырай шығармаларына бүгінгі күн талабымен қарап, кешегі саясаттандырылған тұстарын жаңа көзқараспен қайта зерделеп ашпақпыз. Атап айтқанда, коммунистік қоғам Ыбырайды дінге қарсы атеист етіп көрсетуге тырысты, оның «Мұсылмандық тұтқасы» еңбегінің жарық көруіне үзілді-кесілді қарсы болды, үш жұртын – өз жұртын, нағашы жұртын, қайын жұртын айтқызбады. Ненің де, кімнің де негізге тартатынын, тұқымқуалаушылықты мойындамады. Ы.Алтынсариннің бойында қандай жақсы қасиет болса да Батыс, Еуропа, орыс мәдениетінің әсері деп сыңаржақ көзқарас қалыптастыруды көздеді. Бәрі Ресей империясы қамқорлығының ғана арқасы дегенді ұқтыруға жан сала кірісті. Қазақтың ұлттық мәдени-етін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жоққа шығарды. Бірақ бүгінгі ұрпақ ұлы бабамыздың өз дінінің жанашыры болғанын біліп өсуге тиіс. Оған дәлел – ағартушы-ұстаздың ақыл-ойы, пайым-парасаты, бар болмысы – хаттарында екенін баяндамақпыз.

Ақтөбе екі сыныптық орыс-қазақ мектебінің мұғалімі А.А.Мозохинге жазған бір хатында: «я, айтпақшы, мен Сізге бір кішкене сөгіс берейін деген едім,- деп жазады. –Сіз маған жазған хатыңызды «Ұлы мәртебелі» деп лауазымнан бастайтын сұмдығыңыз не? Достар арасында және олардың хаттарында лауазым айтылушы ма еді? Ондай сөздермен мені ендігәрі ұялтып, қызартып жүрмеңіз, әйтпесе мен де Сізге хатымды «сіздің ұлы мәртебеңізге» деп жаза бастайтын боламын» [1882, 22 январь].

       Бұл – кішіпейілділік. Кішіпейілділік – Алла Тағаланың пендесіне берген ерекше мінез-құлқы. Мұхаммед пайғамбар бір хадисінде: «Кім кішіпейілділік көрсетсе, алла оның мәртебесін өсіреді. Ал, кімде-кім көкірек қақса, Алла Тағала оны мұрнымен жер сүздіреді», -дейді.

1884 жылы 14 сентябрьде Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Ал енді құдай басыма не салса да мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын. Құдайым тек адам баласының жауыздық қылықтарына қарсы тұруға, нахақ жала-жапсардың күйігінен арманда кетпеуге дем берсін», – деп Алла Тағаладан медет сұрайды. Бұл сөзі әрі оңын елі үшін басын бәгеге тіккендігінің дәлелі. «Менің оқу жұмыстарым, құдайға шүкір, жаман жүріп жатқан жоқ»,-деп Аллаға рахметін айтады. Екі-үш сөйлем ішінде үш рет құдайды ауызына алады. Бұл да Ыбырайдың хаққа сенген-дігінің куәсі. Адамзаттың ардақты елшісі Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ең жақсы адам –басқаға пайдасы тиген адам» дейді. Ыбырай елге пайдалы адам болғысы келеді. Хадисте: «Алла Тағалаға құлшылық ет! Аллаға ешкімді теңестірме» делінсе, Ыбырай сол қағиданы ұстанып, Құдайға жалбарынып, күш-қуат беруін сұрайды.

Ол тұста еліне пайдалы адам болудың өзі қауіпті еді. «Отандастарына пайда келтірейін деп аға сұлтан болғысы келген» Шоқанның да, халық қамын жеп «мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың да тосқауылға тап болып, тауы шығылған. Ыбырай да солардың кебін киді. 1862 жылы 26 январьда Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Бір хатыңызда Сіз менің хатымды басқаларға көрсетіп едім олардың бәрі де сені мақтады депсіз. Қайырымды Николай Иванович! Маған олардың мақтауынан не пайда бар ?»- деп қынжылады. Осы хатында «Менің бұл жағдайымда құдайым маған көмек етсе, және дәрменім жетсе, мен азды-көпті қазақ халқына ғана пайдалы бола аламын, ал басқа ұлттарға, халықтарға, әрине, түк пайдам болмайды», — дейді. Яғни, Ыбырай бос мақтанды жек көреді, бір ұлтқа ғана емес, бар халыққа жанашыр, пайдалы адам болуды аңсайды. Педагог ақынның бұл арман-тілегін «Өсиет өлеңдеріндегі»:

«Адамның адам біткен баласымыз,

Қайсың бөлек тудың деп айырайын», –

деген жолдардан да аңғару қиын емес.

Н.И.Ильминскийге 1864 жылы 16 мартта жолдаған хатында «Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан да әсер етуге бар күшімді салып отырмын, — деп жазады.

–Күлесеңіз күле беріңіз-мен кейбір оқудан бос уақыттарымда оларға ресми түрде молда да болып қоям; сөйтіп оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып айтамын». Мұсылман дінінде пара беруші де, пара алушы да күнәһар.

Хадисте: «Пара алған адамды, пара бергенді және ортадағы делдалды Алланың қарғысы атсын», «Пара берген де, алған да отқа күйеді» делінеді. Мұхаммед пайғамбар хадистерінде тазалықты – тән таза-лығын да, жан тазалығын да ардақ тұтып, оны үнемі наси-хаттап отырады. Тән тазалығы жалпыға белгілі жайт, жан тазалығы – рухани тазалық; тақуалық, ықылас, әдептілік, туралық, сенімділік, үнемшілдік, жылы жүзді болу, терең ой (тәфәккүр), кішіпейілділік, тәуекел, табандылық, жомарттық, даналық (хикмет), жақын адамдармен қарым-қатынас жасау. Ислам дінінің таралуына қазақ жерін толық жаулап алғанша Ресей империясы еркіндік беріп, қамқоршысы болғансыды. Ыбырай сол кезеңде өмір сүрді, дінінен безген жоқ! Ыбырайды атеист етіп көрсетуге барынша тырысқан кешегі кеңес дәуірі! Сол кезеңде жазылған мына бір пікірді оқып көріңізші: «Алтынсарин дүниетанымының мән-маңызын анықтауда оның ислам мен халық діншілдігіне қарсы күреске арналған қызметі мен творчествосының бір қыры ерекше назар аудар-тады. Алтынсариннің ағартушылық және дінге қарсы қызметі өзара тығыз байланыста болды, сондықтан оның біреуін заңды нәтиже және екіншісінің жалғасы ретінде қарастыру керек. Ол діннің қазақ қоғамы өмірінде ерекше орын алатын-дығын байқады. Сонымен бірге қазақ халқының өз бетімен діншіл еместігін, үстем таптың күштеуімен енгендігін мойындады».

Ыбырайды атеист етіп көрсету комунистік қоғам салтанат құрған заманда жазылған басқа еңбектерде де кездеседі. Бірақ дәл мына мақаладағыдай белден басып, бұра тарту байқалмайды. Біз Ыбырайдың барлық шығармаларын; өлеңдерін, әңгіме-лерін, хаттарын, мақалаларын қайта-қайта оқып, ислам дініне қарсы айтылған бірде-бір пікір таба алмадық. Қайта оның «Қазақ хрестоматиясы» құранға, Мұхаммед пайғамбар-дың хадистеріне негізделіп жазылғанына көз жеткіздік. Енді хаттарын қайта оқып, мұнда да қасиетті Құранға, Мұхаммед пайғамбар хадистеріне сәйкес келетін ой-пікірлер барына куә болып отырмыз. Әрине, Ыбырайдың мақсаты дін тарату емес еді. Алайда оның дін тарихымен таныстырып, ислам құндылықтарын жас ұрпақ санасына сіңіруді ойлағаны айдан анық.

Ыбырай Ислам дініне емес, жүйесіз, мағынасыз кітап-тарды оқып, бір бағытта –яғни, тек шариғат үкімдері туралы мәселелерді үйреніп сыңаржақ тәрбие алған шала сауатты татар, Бұқар медреселері шәкірттерінің ауыл балаларына молдалық жасауына қарсы болды. Осы жайды ескертіп: «…шариғат, мысалы, әртүрлі ғылымдарды, өнерді қай халықтан болса да үйренудің керектігін ешбір жерде теріс демейді», – дейді-ол – түрлі «фәндерді», басқаша айтқанда әртүрлі ғылымдарды, есепті, медицинаны және астрономияны (ғылму-хисаб, ғылму-тып, ғылму-хаят, уә афлах) оқуға тіпті міндетті екені дәлел бола алады». [И.Н.Ильминскийге жазған хатынан].

Ұстаздың бұл айтып отырғаны Мұхаммед пайғамбар хади-стеріндегі «Қытайдан болса да білім ал, себебі білімді болу әрбір мұсылман үшін міндетті» деген қағидаға дәлме-дәл келеді. Шындығында да ислам діні тарихында аттары бүкіл әлемге танылған, білім мен ғылымның дамуына баға жетпес үлес қосқан данышпандар жетерлік. Дәрігер әрі философ – Ибн Нәфис (1210–1288 ж.ж.), дәрігерлердің ұлы ұстазы Ибн Сина (980–1037 ж.ж.), химия ғылымдарының ұстазы Жәбір Ибн Хаййан (737–813 ж.ж.), әлеуметтану ғылымдарының негізін салушы Ибн Халдун (милләди 1332–1406 ж.ж.), оптика ғылымдарының негізін салушы Әл-Хасан ибн Әл-Һәйсәм (милләди 965–1039 ж.ж.), алгебра ғылымының негізін салушы Әл-Хорезми (милләди 775–835 ж.ж.), қазақ топырағынан шыққан ұлы ғұлама Әл-Фараби (милләди 775–835 ж.ж), ұлы философ әрі даңқты астроном Әл-Бируни (милләди 973–1048) т.б. соның айғағы. Олар әлем білім, ғылымның дамуына үлкен әсер етіп, мән-мазмұнын мәңгі жоғалтпас еңбектер жазып қалдырған. Ислам діні ешқашанда білім мен ғылымының дамуына бөгет болған емес, қайта оны насихаттап отырған. Хадистерге жүгінейік: «Білімді игеру – әрбір мұсылманның міндеті. Дүниедегі жаратылыстың барлығы білімді игерген адамның күнәсін кешіруді өтінеді…Бір сағат ішінде білімді игеру бір түнді жалбарынумен ұйқысыз өткізгеннен артық. Бір күн бойы білім үйрену үш ай ораза тұтқаннан жақсырақ…Білім үйрену ғибадаттан да артық және ол діннің де тірегі».

Ыбырай «Облыстық басқарманың мынадай нөмерлі бұйрығы бойынша» деген сияқты ресми сөздерді жаттаудан не пайда болмақ? [Ильминскийге хатынан], -деп, мектепті бтірген балалар жан-жақты білім алу керегін алға тартты. Шала сауаттылықты ұнатпады. Ал Ресей империясының қазақ жерінен мектеп ашудағы мақсаты облыстың әкімшілік кеңселерінде қызмет істейтін тілмаштар ұсақ чиновниктер дайындау болатын. Олар қазақ балаларының терең білім алуынан ұлттық саналарын оятып, өзімізге қарсы қойып аламыз деп сескенді. Ұлы ұстаз алған бетінен қайтпады, бірақ бұл ісі үкіметке ұнамады. Сондықтан да ол Ильминскийге: «менің өз ойым және істеп жүрген ісім үкіметтің ұстаған бағытына толық сәйкес келетін болғандықтан, бұрын мен қажетті жерінде бастықтардың өздері де қолдайды ғой деп сенуші едім; бірақ бұған да сені беруге болмайды екен». [1884, 14 сентябрь] –деп күйзеле жазды.

Ыбырай 1889 жылы 15 июньде В.В.Катаринскийге жазған хатында ауырып жүргенін, дәрігерлер қарап, дәрі-дәрмек беріп емдеп жатқанын, алайда жағдайы әлі жақсара қой-мағанын айтып: «Өзімді бір Құдайға тапсырдым, тағдырда жазылғаннан артық ештеңе болмайды ғой», – дейді. Бұл – нағыз мұсылманның сөзі. Өйткені: Құранда: «Алла сендерді де, сендердің іс-әрекеттеріңді де жаратты» («Саффат сүресі, 96-аят»), – делінсе, пайғамбарымыз (с.а.у.): «Адамға ананың құрсағында жатқанда Алла Тағала не жазса, сол болады»,-деген. Қазақ «пешенесіне жазылған» дегенді жиі айтады. Пешене парсы тілінде – маңдай. «Әлімсақтан», «баяғыдан», «ертеден» деген сөздердің бір баламасы – (синонимі) «бесе-неден». «Бесенеден белгілі» дегендегі бесене де осы «пешене» – Тағдырды мойындау мұсылман үшін-парыз.

1885 жылы 26 октябрьде А.А. Мозохинге жазған хатында «… бір араб философы бақыттылық пен байлық неде дегенде – «ынсаптылықта» деп жауап берген екен: міне, осы ақылды алыңыз», – дейді. Алла елшісінің хадистерінде: «Алланың бергеніне қанағат қылу – бұл берекеттің ешқайда кетпейтінінің кепілі» деп көрсетілген.

Жоғарыдағы Ыбырайды атеист етіп көрсететін мақалада «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабы да, «Өсиет өлеңдері» де Ислам дініне қарсы жазылған деген пікір айтылады. Ұлы педагог хаттарындағы, өлеңдері мен әңгімелеріндегі айтылған ойларды өз пікіріне икемдеп, тіпті Қ.Бисембиевтің Ыбырайдың дінге көзқарасы жайындағы дұрыс пікірлерінің өзін теріске шығарады. Сөйтіп Ыбырайдың дінге көзқа-расын кешегі Кеңес дәуірінің солақай саясатына бұрып, діннің бітіспес жауы етіп көрсетеді. [«Ыбырай Алтынсарин көзқарасы» // Ыбырай Алтынсарин тағылымы (тағылым ғой. Кітапта осылай жазылған – С.О.) Әдеби-сын мақалалар, зерттеулер. –Алматы: Жалын, 1991. – 293–310 б.б.]. Кітап 1991 жылы жарық көрген. Жинақ соңында «зерттеу осы жинаққа арнайы жазылды» деп көрсетіліпті (382 б.).

Осындайда ұлы бабамыздың:

Аласы ағайынның алаңдатты,

Көре алмай көп ішінен жамандатты,

Шоқынды, кірес тақты, кәпір болды деп,

Келгенін ауызына айтып бақты

Надандық қандай қызық қарап тұрсаң,

Көңілі соқыр көрмейді көзге ұрсаң.

Бабын қалай табасың бұл қазақтың,

Басқа тебеді, жаныңды құрбан қылсаң.

Бар айыбым баласын оқытқаным,

Орыстың біліміне тоқытқаным.

Орыссыз кеңімейді өрісің деп,

Айтқанымнан атандым «кәпір-залым», –

деген өлең жолдары еске түседі.

Тірісінде айтылған осындай өсек-аяңнан әлі күнге дейін арыла алмай жүрміз. Біздің айтпағымыз – мұндай мақалаларды жинақтарға қосып, жастарымызды жолынан адастырмағанымыз абзал. М.Әуезов Ы.Алтынсариннің қалың елге адамшылықты ем қылғанын айтып: «Кейде дін өсиетін үлгі қылып ұстайды. Зар заман ақындарының ішінде дін сарынын шығарып, дін мейманалығын ұстанатын ақын-Алтынсарин» демеп пе еді?! «Өсиет өлеңдерінің» екі шумағын мысалға келтіріп: «Дін сарынының келетін өсиеті тәкәппар болмау, сабырлы болу әділдікпен иесінен ұялу, иман байлығын жиюға тырысу осы үлгінің барлығын дін жақсыларының өміріндегі мысалдар-мен айтады»-деп Алтынсарин өлеңдерінің діндегі адамгер-шілікті үлгі етуімен құнды екендігін де айтқан М.Әуезов болатын [Әуезов М. Қазақ әдебиеті тарихы Алматы: Ана тілі, 1991. – 218–219 б.б.].

Ыбырайдың Н.И.Ильминскийге 1882 жылы 12 сентябрьде жазған хатын оқып көріңіз. «Сонымен, бірінші жағынан, халықтың өз дінін білу жөніндегі талабын, бұл талапты ешбір шарамен тоқтатуға болмайтынын еске ала келіп, екінші жағынан, осылай болған соң қазақ жастарына өзінің ана тілінде жазылған, мұсылман дінінің негізгі рухына толық сай дін оқытуға негізгі құрал бола алатын оқу құралын жасап берудің қажет екендігін еске ала келіп, мұның үстіне мүмкін болғанынша, біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілінің орынсыз етек алуына жол бермеу үшін (бұл – қазақтарды татарландырудың ең сенімді тәсілдерінің бірі ғой), мен соңғы кезде Мұхамбет шариғатын үйрене бастап, осыған қоса жіберіліп отырған оқу құралын құрастыруға кірістім».

       Ұлы ұстаз өзінің алға қойған мақсат-міндетін тайға таңба басқандай етіп жазып көрсеткен емес пе?! Ыбырайдың бұл ойлары тіпті кеше ғана айтылғандай, бүгінгі күн талабына да сай келеді. Өйткені кей жастарымыз жат ағымдарға ілесіп, ата-баба дәстүрін сыйламайтын болып барады. Ыбырай бұл оқулықты жазудағы мақсатын одан әрі де түсіндіре түсіп, құдай алдындағы парызын әрбір мұсылман білуге міндетті екенін, қазақтардың орыс әрпін жатсына-тының, сондықтан да міндетті түрде араб әрпімен шығару керектігін ескертеді. Кітап неше бөлімнен тұратынын да айтып, олардың мән-мазмұнын таныстырады. Бір Аллаға сыйынып бар ғұмырын халқының қамын ойлаумен өткізген Ыбырай Алтынсарин парасат-пайымы жоғары ұлы тұлға. Ол діннен безді деу – жала! Ислам дінінен безу – Ыбырай үшін ділінен, әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрі-нен, бар болмысынан, түп-тамырынан ажырау. Өйткені, Батыс, Шығыс, Еуропа мәдениетінен нәр алып, қай істе де шындыққа жүгінгенімен де оның дүниетанымы-қарапайым қазақы түркілік дүниетаным.

Серікбай Оспанұлы,

ақын, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты,

Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты.