ЫҚЫЛАС ДҮКЕНҰЛЫНЫҢ ҚОБЫЗЫ
ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген қобызшы, күйші – сазгер Ықылас Дүкенұлының өзі жасап, күй шертіп, пайдаланған музыкалық аспабы. Ұрпақтары 1916 жылдан бүгінгі күнге дейін қастерлеп, отбасының киелі, қасиетті заты ретінде сақтап келген. Олардың айтуы бойынша қобызға 140 жыл толып отыр. Атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлы жасаған, небір күйлерін осы қобызбен тартқан. Қазақ даласында Қорқыт пен Қойлыбай аталардан кейінгі атақты қобызшы Ықылас екендігін айта келіп, қобызшының шөбере келіні Сарысу ауданы Жайлаукөл ауылының тұрғыны Алтын Ақынбаева музей қорына 2008 өткізген.
Тарихи деректер бойынша, бұл қобызды күйші өз қолымен ойып жасаған екен. Қобызшының тірлігінде айнымас серігі болған бұл аспапты әуелі кіші ұлы Ақынбай мен келіні Рәзия көздің қарашығындай сақтап келіпті. Кейіннен Ақын¬бай дүние салған соң Рәзия әже бұл қобызды өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін ешбір жанға көрсетпепті. Бұл кісі де өмірінің соңында күйші қобызын ұлы Дәулет пен келіні Алтынға аманаттайды.Бұл құнды жәдігерді қорға Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылының тұрғыны, қобызшының шөбере келіні Алтын Ақынбаева өткізген. Ал ұлы қобызшының қолында талай уақыт бойы қазақ даласын күймен тербеткен қара қобыздың оқыс жағдайда дыбыс шығаратын қасиеті де тылсымға толы. Бүгінде бұл ерекше қобыз күйші ұрпақтарының ұқыптылығы арқасында бір ғана әулеттің емес, тұтас қазақтың құнды жәдігеріне айналып отыр. Қазақтың күй өнерін, көне аспаптарды зерттеуші мамандар үшін де, болашақта ықыластанушы жастар үшін де бұл таптырмас олжа. Осы уақытқа дейін музей экспозициясында сақталып келе жатқан бірегей құнды жәдігер.