ЫҚЫЛАС РУХЫ

Ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының туғанына 180 жыл

Ықыластың тұлғасын рухани тарихтың төріне шығаратын қисынның зоры деп Қорқыттан кейін аттай мың жыл бойы тілін тістеген қасиетті қара қобызға тіл бітіргенін айтқан жөн.
Орта ғасырдағы Қорқыттан оншақты күйді жадына сақтай алған халық одан беріде дәмі татитын қобыз күйлері дүниеге келсе, бүгінгі күнге жеткізер еді ғой. Өкінішке орай, Қорқыт пен Ықылас арасындағы мыңжылдықты қыдыра шолғанда қадау-қадау бақсы сарындарынан басқа ештеңе таппаймыз. Мұның себеп-сыры да белгілі. Көшпелі өмір салттағы қазақтардың табынары Тәңір, сыйынары аруақ, тілдесері табиғат болса, осылардың бәрімен байланысып, дәнекер болатын тұлға бақсы еді.
Ал, бақсының сүйенері қобыз болатын. Қазақ даласына найзаның ұшымен, білектің күшімен енген мұсылмандыққа ең ұзақ қарсыласқан сол даланың өмір салтына айналып кеткен тәңірлік идеология еді. Сол идеологияның бас тұлғасы бақсы мен оның құдіретті қара қобызы болатын. Қобыз күйлерінің мың жылдық үзілісінің негізгі себепшісі деп осынау идеологиялық текетіресті айтуға болады.
Ықылас дарынының тегеуріні тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, адамның жоғын жоқтатып, адамның мұңына ортақтастырғаны үшін тәнті боламыз.
Ықыластың әкесі Дүкен де, оның әкесі Алтын да қобызшы болған адамдар. Алтын қобызға әуестеніп жүрген бозбала шағында түс көріп, түсінде бір ақ сақалды абыз: «Бұл қобыз сенің жеті ұрпағыңа дарып, желеп-жебейтін болады», — деп, аян беріпті деген шежіре сөз бар. Ықыластың Дүйсенбай, Түсіпбек, Ақынбай атты үш баласы да дәулескер қобызшылар болған.
Ықыластың тырнақалды туындылары «Қасқыр», «Ықылас», күйі деп аталады. Бұл күйлері жастық әсершілігімен, қоршаған орта құбылыстарын күй тіліне түсірсем деген құштарлығымен назар аударады.
Сонымен бірге, жас кезінің өзінде – ақ Ықылас қобыздағы бақсы сарындарынан мүлде бөлек әуен-ырғаққа, үн-бояуға ден қойғанын байқаймыз. Ықылас мұнан кейінгі күйлерін программалық мазмұнға құрып, белгілі бір оқиғаны қобыз үнімен айтуға, адамның сезімінің алуан қырын күй тілімен беруге мән беріп отырады.
Оның «Кертолғау», «Ерден», «Жалғыз аяқ», «Жарым патша», «Жезкиік» сияқты күйлерінде өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-әлеуметтік көрінісі суреттелсе, «Қамбар-Назым», «Айрауық», «Қазан» сияқты күйлеріне ел арасына кеңінен тараған аңыз-әңгімелер, қиял-ғажайып оқиғалар арқау болған.
Осы күйлердің қай-қайсынан да Ықыластың адамға деген, қоғамға деген, табиғатқа деген азаматтық тұлғасы, адамгершілік үні айқын аңғарылады.
Ықыластың күйшілік өнерін сөз еткенде төл топырағынан тыс ортаның әсер-ықпалы туралы айтпай кетуге болмайды. Ол көршілес қырғыз ағайынның күйшілік өнерінің әсер – ықпалы.
Арқадан өліп-өшіп жеткен шаруақор ел Шу бойына тұяқ іліктірген соң бір демалыс тыныс алғандай күй кешетін болған. Нар қамыс пен ұйыса біткен жыңғыл ығына бір кірген мал қыс бойы қуырған бидайдай бөртіп, қалың қорықтан табан аудармай қарық болатын. Мұндайда ауыл-үйдің еңсе көтерер азаматтары бой жазып, ағайын елмен арқа-жарқа араласып кететін. Ықылас та Шу бойына жетісімен бір шеті Қаратау мен Созақ еліне, екінші шеті Талас бойы мен Ыстықкөлдегі қырғыз ағайындарға ат басын бұрып, өзі сияқты өнерпаздармен армансыз қауышқан. «Ақыл-ауыс, ырыс-жұғыс» деген, ел ішінің кәрі құлақ қарттарының айтуында Ықыластың «Кертолғау» «Қаншайым» сияқты күйлері қырғыз күйлерінің әсерімен туып еді дейді.

АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК,
Ғалым – жазушы, профессор,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты