ЫРЫМ – ТЫЙЫМ – ТӘРБИЕ-ТАҒЫЛЫМ

Кейінгі кезде ырым бізге керек пе, ескіліктің көзі деп жатқанды көп естиміз. Жалпы ырым-тыйым деген не?

Ырым-тыйым ұлтымызбен бірге ықылым заманнан бері бірге жасасып келе жатқан ғұрып. Оның қашан пайда болғанын ешкім дөп басып айта алмайды.

Ұрпағын «ұят болады, жаман болады, обал болады» деп тәрбиелеген бабаларымыз, бізге ұлттық құндылықтар арқылы ұлттық тәлім-тәрбиеге үндейтін мол рухани қазына қалдырған. Бүгінгі ұрпақ оның қадірін қаншалықты біліп, мағынасын ұғынып жүрміз бе?!

Ырым-тыйым бұл – қазақтың тәлім-тәрбие институты.

Ырым бұл — халқымыздың сенімі, өзіне психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуі. Яғни, ырымның астарында «солай болса екен, сондай болса екен» деген ізгі ой, тілек, сенім, жақсы ниет жатыр. Ырым – ұлттық ерекшеліктің бір саласы. Халқымыздың әр ырымы терең философиялық мағынаға ие.

Мәселен, «Сәби тоңқайып екі аяғының астынан қараса, күткен жолаушы келеді немесе қонақ келеді», «Тамақ үстіне келген адамға үй иесі «мақтап жүреді екенсің» деп риза болатын, дастархан жиналып жатқанда келгенге «бізді жамандап жүреді екенсің» деп ескерту жасайтын» ырымдар бар. Бұл ырымдар қонақпен байланысты ырымдар. Қазақ танымаса да, «құдайы қонақпын» деген келген адамды құрметпен      қарсы алатын қонақжай халық. «Қырықтың бірі қыдыр» деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасы өте терең. Өйткені ата-бабаларымыз «қонақпен бірге құт, ырыс келеді, қонақты қусаң, құт, ырыс, қашып кетеді» деп ырымдаған. Осындай ақ ниеттен осындай ырымдар туған.

Ал тыйым бұл -тәрбие. Халқымыз ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, алғыс, бата алуға тәрбиелеген.Тыйымдар арқылы баланы жаман нәрседен тыйған, қауіп-қатердің алдын ескерткен. Жаманнан жиренуге шақырған. Осы арқылы ұрпағына өнегелі тәрбие берген.

Табиғатпен үндес халқымыз Табиғат ана берген игілікті қадірлеп, қасиетін білген. Тал бесіктен ұрпағын табиғат пен адамның егіз екенін, оны аялау керек екенін үйреткен. «Малды теппе. Су шашып ойнама. Ауыл жанындағы суда жүрген құсты атуға, үркітуге болмайды  Балапан шығарған құсты атпайды. Далада, жолда тұрған жалғыз ағашты кеспейді. Ол қыста белгі, жазда пана ретінде сақталған. Буаз, төл ерткен аңды атпайды. Жаңа өсіп келе жатқан көкті жұлмайды. «Көктей солғыр» деген қарғыс осындайдан шыққан. Күн күркіремей суға түспейді, дала жуасын жемейді. Отпен ойнамайды, отқа түкірмейді, отты аттамайды. Құдыққа түкірмейді,  маңайын ластамайды, жанына дәретке отырмайды. Күлді баспайды, үй жанына төкпейді. Жар басына, суға өте жақын жерге үй тікпейді. Күнге, айға қолын шошайтпайды. Құмырсқаның илеуін, құстың ұясын бұзбайды. Құмырсқаның илеуін басқан әйел бала көтермейді деген қағида бар. Жол үстінде көлік доғармайды, жол үстіне қонбайды, дәретке отырмайды. Ағашты, өсімдікті сәрсенбі күні отырғызады. Күн алғаш күркірегенде тілеген тілек қабыл болады. Жазғытұры күн алғаш күркірегенде: «Мал желіні сау болсын, сүт мол болсын!» — деп, шөмішпен ақ алып шығып, жабыққа жағады, босағаға төгеді»,-деген ырым-тыйымдар арқылы ұрпағына отбасынан өнегелі тәрбие бергенін көреміз.

Осы кезде «Ата-бабамыз туған жеріне кіндік канын ғана тамызып қоймаған, қажет болса, жүрек канын да төге білген» деп табиғат пен халқымыз арасындағы өзара байланысты орынды бағалаған Ақселеу ағамыздың сөздері еске түседі.

Бабаларымыз ғалым, академик болмаса да, экологиялық тәрбиені бала бойына бесіктен сіңдірген. Табиғат ананы аялауға үндеген. Табиғат аясына демалысқа шыққанда артын қоқсытып, Табиғат анаға қиянат жасап жатқандарға қарап, сол қазақтың бүгінгі ұрпағы осындай екеніне қынжыламын.

Бүгінгі замандағыдай экологиялық мәселе жалпы адамзат баласын толғандырған кезде халқымыз қалдырған тағылымдық, тәрбиелік маңызы зор асыл мұрамыздан «ескірді, кертартпа» деп безбей, оған көңіл бөліп, мағынасын ұғып, ұрпақ тәрбиесінде пайдалануымыз қажет.

Бала кезімізде «Нанды бір қолмен үзбе, нан қоқымын жеп қой, бай боласың» дегенді бәріміз естіп өстік. Осы ырымның мағынасы нан қоқымын жеп бай болу емес, ұқыптылыққа, тазалыққа үйрену, бастысы ысырапшылдыққа жол бермеу. Адал еңбекті қадірлеуге үйрету.

«Босағаны керме, табалдырықта тұрма» дейтін. Неге десек, жаман болады дейтін. Оның ар жағын қазбалап сұрамайтынбыз. Тереңіне үңіле отырсақ, мағынасы зор ырым екен. Жау шапқанда табалдырықта тұрып, босағаны керген дейді. Және жаманшылық әкелген адам босағаны керіп тұрған деседі. Осы білген халқымыз «босағаны керу» жаманшылық шақырады деп сенген. Сондай-ақ, отандасқан ері мен әйелі үйдің екі босағасындай, оны керсең, екеуінің арасын ажыратасың деген ұғым да бар.

«Баяғыда жау шапқан кезде алдымен шаңырағын ортасына түсіріп, отын өшіріп, күлін шашатын болған. Бұл – жаудың тірлігі. Жақсылыққа жаны құмар халқымыз «күлді шашпа», «отты өшірме» деген тыйым сөзді айтып отырған дейді Зейнеп Ахметова апамыз. Қазақта «күлі шашылып қалды» деген сөз жақсылықта айтылмаған.

«Шашыңды жайма, жаман болады» дейтін баяғыда аналарымыз. Шаш -әйел затының ішкі күш-қуатының деңгейін көрсететін өлшеуіш. Күш-қуатты сақтау үшін шашты өріп, не түйіп қою керек. Шаш ұзын болған сайын әйелде энергия көп болады екен. Қыздың арқаға түскен бұрымы бойжеткенге ерекше күш-қуат берген.  Жайылған шаш сырттағы нашар энергетиканы тез тартады.

Естеріңізде болсын, бұрын аналарымыз, әжелеріміз желке тарағын алып, шашын алдына жайып,  ұзақ тарап отыратын. Үлкендердің сол бір әрекеті еріккеннен жасалатын әрекет емес екен. Олар тарақпен шаштағы зиянды энергияны, жамандықты тарап түсіріп отырады екен. Теріс энергиядан тазару үшін шашты жиі жуып тұру керек. Шашты жуғанда тек кір ғана емес,  жабысқан бөтен энергия, реніш-өкпе, нала секілді жамандықтар да кетіп, тазарады екен. Біреуге ренжісеңіз. Бұл бойыңызда жаман энергияңыздың көбейгені, ондай кезде бірден шашыңызды жуыңыз, жеңілдеп қаласыз.

Көрдіңіз бе, ырым-тыйым бұл, біреулер ойлағандай, бір нәрседен шектеу, кертартпа дүние емес, бұл -түбі терең философия. Мұны бүгінгі ұрпаққа түсіндіруіміз керек.

Адамзат баласының алдында басты міндет – адал, білімді, еңбек сүйгіш ұрпақ тәрбиелеп өсіру.  Бүгінде «ұлттық рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» және басқа да жобаларды айтып жалаулатып жүрміз. Жалаулатып жүргендер «есеп үшін» өтірік, даңғаза іс-шаралар өткізіп, үкіметтен бөлінген қаражатты «судай шашып» жүр.

Егер ел ертеңіне шын алаңдасақ, «ананың анасы жақсы, мынаның мынасы жақсы» деп, «түбі түсініксіз, тамыры жоқ» кім-көрінгенге еліктемей, қанымызда бар, тамырымызбен  берілген, ғасырлар сынынан өткен, сұрыпталған озық рухани құндылықтарымызды жас ұрпақ тәрбиесіне пайдаланайық. Баланың алғашқы ұстазы – ата-ана десек, әр отбасы, әр ұстаз, әр тәрбиеші бала тәрбиесінде халықтық педагогиканың асыл маржанына үңіліп, өз жұмысында пайдалануы керек.

Сонда ғана өскелең ұрпақты табиғатты қорғауға, экологиялық сауаттылыққа үйретіп, адал еңбекті бағалай білетін, жемқорлық қарсы иммунитеті күшті жастар тәрбиелейміз. «Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген адам, бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпақ емес», -деп Қаныш Сәтбаев айтқандай, туған жерін мақтан ететін ұрпақ тәрбиелейік.

Әйтпесе, қанша қаражат бөліп, күресіп жүрміз, күресіп жүрміз, еш нәтиже жоқ.

Тәрбиені бесіктен, тамырдан тартайық!

Айтарым осы…

 

«Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Нұр-Сұлтан қаласындағы үйлестіруші-тілшісі Шәкен Тұрар Сәттарқызы