Ысырапшылдыққа қарсы күрес басталды, қолдайық, ағайын!
Жақында Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі, Ақмола облысының «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі және Ақмола облыстық Науан хазірет мешітінің бірлескен жиналысы мынандай шешім қабылдауға мәжбүр болды. Бұл шешімде: «2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Көкшетау қаласындағы барлық қоғамдық тамақтандыру орындары жаназа және діни жоралғыларға орай берілетін ас кезінде етті турап әкелуге, осы шешімге қоса ұсынылатын дастархан мәзірінде көрсетілген тамақ түрлерін ғана ұсынуы тиіс.
Етті дастарханға турап әкелу бірін-шіден, үнем болса, сойылған жылқының қал-ған етін келесі дұғаларына сақтап, пайдалануға болады. Бұл ысырапты тоқтатады, қайғылы дастарханнан үй-үйге ет алуды тияды», — деп жазылған. Осы жерде айта кетейін дегенім, Астанадан бастап біздің солтүстік өңірде табақтағы етті таратып алу бар, ас үйге бірер жапырақ туралған ет қана қайтады. Мүшелеп табақ тартсаң кем дегенде 700-800 адам жиналған жерде үш жылқың да аз болуы мүмкін.
Ал жаназа дастарханына етпен бірге неше түрлі салаттар, шайға жеміс-жидектің, тәттілердің түр-түрі келуі ысырапшылдық емей немене? Бауырсақ, сары май, қант салсақ жетпей ме? Дұға — той емес қой! Ысырапшылдық ақыры астамшылыққа апарып соқтырады. Дұғадағы ас мәзірін жалпы қазақ елінде бір арнаға түсіру қажет.
Тағы бір айтайын дегенім, жетісі, қырқы, жылынан басқа жұмалық деген бар. Ас дайындап, үйіне шақырып, құран оқытқызады. Енді «жұмалықтың» орнына «бейсенбілік» деген шығыпты. Әркімнің өз еркінде ғой, мүмкіндігі болса бейсенбі күні де, жұма күні де шақыра берсін. Бұл жерде айтпағым, еш жерде жазылмаса да «бейсенбілік», «жұмалықтар» қайдан шығып тұр? Бұл да ысырапшылдықтың шағын түрі емес пе? Жұма күні мешітке барып, құран оқытқызып, садақасын берсе болмай ма?
Әйтеуір дұға жайлы сөз болғандықтан көңілге кірбің туғызатын мына бір жайларды айта кетсек артық болмас. Жаназаға адамдар алдымен топырақ салып, қайғыға ортақтасқанын білдіру үшін келеді. Өлім-жітім сенбі, жексенбіге қарамайды. Көбі жұмыстан жарты күнге сұранып келеді. Ал молла, имамдарға бәрібір, жарты сағатқа дейін уағыз айтып, зират басында «енді аятты кім оқығысы келеді?» — деп жан-жағына қарайтындары бар. Жаназада ұзақ сонар сөз сөйлеуге де жол беріледі. Осының бәрі артық, шектен шыққандық деп ойлаймын.
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған «Құрани Кәрім» (қазақша мағына және түсінігі) 756 беттік, 114 сүренің аудармасы бар Ұлы Кітапты оқып шықтым. Бірақ қазіргі дәстүр, әдеттеріміз жайлы жазылмапты. Ендеше мұның бәрі дүмше молдалардың, қазіргі байлардың «қиялынан» туындаған нәрселер. «Өлім — бардың малын шашады, жоқтың артын ашады», — деп жүре бермейік, ағайын.
Сөз соңында көңілде жүрген көп ойлардың бірі жасы 80-90-нан асқан қарияларға ғана, «Тәбәрік болсын, жасымыз соған жетсін!», — деп ырымдап, жыртыстың берілгені де дұрыс шығар, ал былай әйтеуір жаппай жыртыс, телім үлестіре беруді тек дүние шашу екенін ұмытпайық. Мұндай дәстүр, әдеттен арылайық! Өмірден өткен адамға одан келер пайда жоқ, сауапқа да жатпайды. Менің білетінім осы. Қосып, алам деушілер болса ерік өздерінде.
Редакциядан:
Совет ағаның дабыл етіп көтерген бұл мәселе өзі айтқандай барлық жерде бар. Қазір Муфтияттан бастап имамдар мұндай ысырапшылдыққа батыл түрде күрес жүргізе бастады. Өте дұрыс. Ақтөбе, Павлодар және басқа өңірлерден осындай жылы хабарлар келді. Халық осы бастамаларды қолдауымыз қажет.
Совет Хамитұлы