Ысырапшылдыққа жол берілмеуі керек  

Жамбылдағы «Елдік елге байланысты» атты форумда облыстық «һибатула Тарази» мешітінің наиб-имамы Бақтияр Әміреев көпшілікті қайғы қуанышта ас та төк дастархан жайып, қала берді дүниеден қайтқан кісінің басына белгі қоюды бәсекеге айналғандардың әрекетіне тыйым салуға шақырды. Әрі бұл тұрғыда байырғы  заманнан қолданыста келе жатқан  халқымыздың әдет-ғұрпы мен өмір сүру жоралғысын мысалға  келтіріп, көпшілікке ас берудегі  Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ұсынған ас мәзірімен таныстырды.

Тағылымы мол жоралғыларды берік ұстанған халқымыз ешқашан ысырапшылдыққа  жол бермеген. Ысырапшылық – Алла Тағаланың сүймейтін ісі, оның  зияны мен зардабы көп. Бір өкініштісі, соңғы кезде көптеген салт-жоралғылар мен діни рәсімдер шектен шығып, шариғаттан алыстап барады.

Дүниеден бір кісі өтсе, оны ақтық сапарға шығарып салу –мұсылмандардың міндеті. Бірақ көпшілігіміз мал-дүниемізді қайтыс болған жандар үшін емес, жұрттың мақтау сөзі үшін сарп етіп жатқандаймыз.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы садақа, құдайы тамақ берудің ас мәзірін бекітті.

Мәзірге бауырсақ, жеті нан, тары, құрма, қант, кәмпит, сары май, шай, өрік, мейіз, қаймақ, ет пен күріш кіреді.

  Бұл жөнсіз ысыраптың алдын-алудың бірден-бір жолы, –деді Б.Әміреев.

Қоғамдық форумда көтерілген мәселелердің негізгі үлесі ұрпақ тәрбиесінің еншісіне тигені де түсінікті.  Текті ұл мен қыздың тәрбиесін талбесіктен, отбасы-ошақ қасынан бастау керектігі жайында байламды пікірді ардагер ұстаз Кәмилаш Ахметжанова тілге тиек етті.

  • Әр отбасының алғашқы ұстазы — ол ата-анасы. Ұлын ұлықтап, қызын үкілеп ұлтымыздың асыл дәстүрімен өскен бала, отбасының қуанышы ғана емес, еліміздің зиялы азаматы болып өсуі анық.

Тараз қаласының тұрғыны болғаныма 30 жылдан асыпты. Соңғы екі жылда өзгерген Тараздың сәулеттік келбетіне көз сүйсінеді. Қала ерекше көркейді. Ұлттық нақышы түбегейлі өзгерді. Мен Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында тақталардан Ұлы Отан соғысының құрбаны бауырым мен әкемнің есімін оқығанда, көзіме жас алмай тұра алмадым. Облыс халқына осындай естеліктерді сыйлау,  ұлтын сүйген азаматтың  ғана қолынан келетін игі іс.

   Осы жақсылықты ұзақ мерзімге  сақтап қалу үшін әр адам келеңсіз жағдайдың қасынан үндемей өту ақылға қонбайтын нәрсе. Оны талайымыз көріп те жүрміз. Сондықтан, жастарға жөн сілтеп айта жүрейік.

   Ұрпағымыздың санасына ұлттық рухымызды сіңдірсек, тілі мен дінін қадір тұтар намысты ұл, инабатты қыз тәрбиелесек, ізгілікті қоғам жасай аламыз,–деді ардагер ұстаз.

 

Дедек Төлен