Қытайдың «мырзалығынан» сақтану керек!

Бүгінгі таңда Қазақстан алыс-жақын шетелдермен арадағы сауда-саттық қатынастарына айрықша мән беріп келеді. Ол заңды да, өйткені, шикізаттық ел мәртебесінен әлі күнге толықтай арыла алмаған біздің ел үшін импортқа деген тәуелділік әлі де басым. Содан да болар, біздің биліктегілер шығысындағы Қытай мен солтүстігіндегі Ресейдің айтқанына көніп, айдағанына жүруге мәжбүр.

 

Бұл қазіргі таңда жасырудан қалған өмір шындығы деуге тиіспіз. Мәселеге осы қырынан келсек, соңғы кездері Қытаймен арадағы ынтымақтастыққа көбірек назар аударуда. Қос тарап аспан асты елі бастамасы «Бір белдеу бір жол» идеясын іске асырып, алдарына ықылым замандағы Ұлы Жібек жолын қазіргі заманға сай жандандыру арқылы қос ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайту мақсатын қойып отыр. Аталған идеяны іске асыру барысында ресми Бейжің «мырзалық» танытып, обалы не керек, меселімізді қайтармай, біз сұраған несие соманы қолымызға ұстатып жіберуді дәстүрге айналдырды. Бірақ, отандық қайсыбір білікті мамандар Қытайдың «мырзалығынан» сақтану керектігін алға тартады. Олардың айтуынша, бұған негіз де жоқ емес сияқты. Себебі, атам қазақта: «Судың да сұрауы бар»,— деген ұлағатты сөз бар ғой. Қытайдың қазіргі әрекеті сыртынан қарағанда баяу ғана ағып жатқан өзенді еске салады. Мұндай «момақан» өзендердің беті тыныш сияқты көрінгенмен, асты буырқанған арынды ағысты, тура түбіне тартып әкетер терең жылымды болып келетіні белгілі. Біз соған мән бермей, аждаһаның аузына өзі келіп түсетін құрбандық кебін киіп отырған сындымыз. Әйтпесе, шығыстағы елдің қас-қабағын бағып, олардың базбір инвесторларына барынша жағдай жасауға бейім тұратынымызды немен түсіндіруге болады? Бейжің қожайындары торғайды арбаған әбжыландай бізді берген қарыз ақшасымен дегеніне көндіріп, өз идеяларын іске асыруға күштемесе де, итермелеп отырған жайы бар. Мәселен, соңғы бес жыл көлемінде қос мемлекет арасында бірқатар ірі жобаларды бірлесе іске асыру, өндірістік қуаттарды арттыру мәселелері жолға қойылса, Қытай бүгінге дейін Қазақстанның экономикасын жандандыру үшін 42,8 млрд доллар инвестиция құйып, 50 млрд доллар несие берген екен. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 25 пайызын Қытай компаниялары өндірсе, біздің ел арқылы Қытайға 100 млн тонна мұнай, 180 млн шаршы метр газ жіберілді. Елдер арасындағы тауар алмасу көлемі 46 пайызға өсті.
Ал, Астана Бейжіңнен арзан несие алуға мүдделі. Қазір Қазақстанда Қытаймен біріккен 2700-ден астам ірілі-ұсақты компания жұмыс істейді. Болашақта қос ел қаржылық құны 28 млрд. долларды құрайтын тағы 51 кәсіпорынды бірлесіп құрғалы отыр. Ал, Қытайдың әлгі кәсіпорындарға өз мамандары мен адамдарын алып келетінін, Бейжіңнің өз отандастарының барған жеріне тұяқтарын іліндіріп, тұрақтап қалуға күш салуына мемлекеттік деңгейде көмек көрсетіп отыратын құрылымы бар екенін ескерсек, көрші елдің мұндай «мырзалығына» күмәнмен қарау керек сияқты. Осыны алға тартқан мамандар: «Қытай бұған дейін инвестициясын мұнай-газ, метал өндіру, логистика, энергетика салаларына құйып келсе, соңғы 3 жылда бұл елдің компаниялары еліміздің ауыл шаруашылығы саласына да инвестиция құя бастады. Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында мал бордақылау, мал өсіру, агро-өнім алуға қатысты Қытаймен бірлесіп 19 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны — 1 млрд. 735 мың доллар. Қытай өте пысық, жерді игеруге келгенде алдына жан салмайтын еңбекқор халық. Бұл ел халқы жер жоқтықтан егінді үйлерінің төбесіне егіп, содан өнім алып отыр. Осындай жұртқа Қазақстанның кең байтақ жері көздің құртына айналары сөзсіз. Ендеше елімізге келген жатжұрт кәсіпкерлері Қазақстанның алып жерін игеру үшін күшін салары хақ. Бізге ең алдымен осыдан қорқу керек. Қытай инвесторларына жерді игеруге рұқсат берілсе, бақылау пакетінің басым бөлігі Қазақстан жағында болуы міндетті шарт болмаса, таразы басын өзімізге аудару қиын болады. Мәселен, қазірдің өзінде қытай мамандары дәл сондай жұмыс істейтін отандық мамандардан анағұрлым жоғары жалақы алып жүр емес пе? Ендеше, бұл жағына да мемлекеттік бақылау болғаны абзал. Олай етпесек, Қытай инвестициясы ертеңдері бізге үлкен қауіп төндіруі әбден мүмкін. Рас, сырттан келетін инвестицияның көмегіне жүгіну әлемдік тәжірибеде бар дүние. Әйтсе де шетелдік инвестицияның көлеңкелі жақтары барын ұмытпаған жөн. Егер біз сырттан келетін инвестицияға иек арта берсек, өмір бойы біреуге кіріптар болып өтеміз. Қазақстан экономикасы дағдарысқа ұшыраса, бізді шетелдіктер емес, отандық өндіріс пен отандық өнімдер ғана сақтап қала алады. Біздің жіберген тағы бір қателігіміз — өткен жылы Парламент мәжілісінің Қытай капиталына иек артқан өндіріс орындарына салық салмайтын заңды құжатты бекіткендігі. Шынтуайтына келсек, шетелдік инвесторлар Қазақстанда негізгі инвестор бола алмайды, ол рольді ұлттық инвесторлар атқаруы тиіс. Өйткені, елдің ішкі саясаты мен экономикасын өркендетіп, ұшпаққа шығаратын шетелдік емес, өзіміздің ұлттық инвесторлар. Ал шетелден келетін инвесторлар өз мүддесін, өз пайдасын ғана ойлары кәміл екеніне көз жеткізетіндей уақыт болды ғой»,— дейді шыр-пырлары шығып. Бұл өзі қаны шығып тұрған шындық болғандықтан, оны қалай мақұлдамассың?

Дайындаған — Ермек Сахариев