ЮНЕСКО-НЫҢ ПРОФЕССОРЫ

Журналистиканың бір қасиеті сол – оны қаламы қарымды, ойы ұшқыр, сөзге шешен, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иесі бола білген адамдар жасайды. Сол журналистиканың ыстық-суығын түгел көрген, қадір-қасиетін басынан өткізген жандардың бірі, ұстазымыз – профессор Намазалы Омашұлы деп білемін.

 

«Қазақ сӨзінің ең құнарлысы осы!»

Біз ұстазымызды қай қырынан алсақ та қазақ журна­лис­тикасының кешегісі мен бүгінгісін жалғастырып, асқақтатқан тұлға ретінде қадірлейміз. «Қазақ сөзінің ең құнарлысы осы!» деп көзіқарақты оқырманға 10-томдық «Алаш көсемсөзін» ұсынды. Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығын кең насихат­тап, өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейінгі газет тігінділерінен інжу-маржанын теріп, 5 томдық кітапты дүниеге әкелді. Профессор Намазалы Омашевтың ғылыми және публицистикалық мұрасы еліне, шәкірттерге әлі де ұзақ уақыт еңбек ететіні айдан анық.

Қырғыз мемлекеттік университеті журналистика факультетінің мерейтойында мінберге ЮНЕСКО-ның Орталық Азиядағы журналистика мен бұқаралық қаты­нас кафедрасының меңгерушісі, профессор Намазалы Омашев көтерілгені әлі есімізде. Әріптестеріне көрші елдің ыстық ықыласын жеткізе келіп, «Қырғыз ағайындар, сіздер еліктегіш болып бара жатырсыздар. Біресе орыс болғы­ларыңыз келеді, енді бірде Америкаға құшақ ашасыздар, қазаққа да қызыға қарайсыздар. Соның бәрін құптамай­мын, қырғыздың өз жолы, биік мұраты болуы тиіс деп есептеймін» дегенде, алғашында тосырқап қалған зиялы қауым, артынша ду қол шапалақтап, қуаттап кетті. Міне, ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне келгенде еш жалтақтықтың қажет еместігін, бір ғана асыл мұрат бола­тындығын, ол ұлттық мүдде екендігін журналистиканың профессоры Намазалы Омашев осындай биік мінберлерден жиі айтып жүр.

Халықаралық «Орбиком» ұйымы ЮНЕСКО-ның әр елдегі кафедраларының жұмысын үйлестіреді, ғалымдар мен оқытушылардың пікірлесетін кеңістігі, яғни диалог платформасы болып табылады. Осы мәртебелі ұйымның Қазақстаннан жалғыз мүшесі Намазалы Омашев 2000 жылы Канаданың Монреал қаласында өткен ЮНЕСКО-ның мыңжылдықтың білім конференциясына қатысып, білім берудің болашағын анықтауға үн қосты. Шәкірт адамзаттың асыл ойы, ақыл-білімі мен ортақ құндылық­тарын қалай игерсе, сондай дәрежеде теңдей ұлттық құнды­лықтарын толық сіңіруі қажет, туған тамырынан ажыратуға болмайды деген қағидаттарды қуаттады. Сондай-ақ, ЮНЕСКО профессоры Намазалы Омашұлы әр жылдары әлемнің Париж, Лас-Вегас, Сеул, Мәскеу сияқты қалаларында өткен ғылыми конференцияларға қатысып, үлкен мінберлерде баяндама жасады, Қазақ елін жалпақ дүниеге танытты. Соның бәрінде ұлттық мүддені, халықтық жауһарларды жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңызын шегелеумен болды.

Қазақ журналистикасының бүгінгі теориясы мен тәжірибесі соңғы 100 жылда қалыптасқанымен, оның қайнар көзі мыңжылдықтан бастау алады. Оған дәлел: түркі фольклоры, мәңгілік тасқа қашалған суреттер мен жазулар, ғасырлар қойнауынан жеткен ән-күй өнері және басқалар. Бабатүркі өркениеті әлемді өзгертуге ықпал етті десек, соның қуатты тетігі ретінде ақпарат қатар жүргені ақиқат. Тарих сахнасына мыңдаған батырлар мен дана­лар шықса, соның артында түркі рухы, тілі мен мәдениеті тұр. Арғы тарихтың беймәлім құпиялары да көп. Ал сол тарихтың жарқын бір жалғасы – Алаш көсемсөзі кезеңі. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде орын алған қоғамдық өзгерістер, үздіксіз төңкерістер қазақ халқының дамуын жаңа арнаға бұрды. Тарихи қажеттілік сәл ертеректе Абайдың кесек ойларын дүниеге әкелсе, Ахмет Байтұр­сынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сияқты тұлғаларды ұлт көсемі дәрежесіне көтеріп, жаңа өмір үшін күреске жұмылдырды. Көзі ашық қазақ азаматтарының барлығы дерлік білім мен қаламын қару етіп, көсемсөздің алғы шебінен көрінді, елін жарқын болашаққа үндеді. Осы тұста тәуелсіз ұлттық баспасөзіміз қалыптасты, ол орыс­тық ресми жарияланымдардан көш ілгері тұрды, халықтық сипатқа ие болды.

Әттең, Алаш идеясы өміршең болмады, қитұрқы саясат кедей билігін өмірге әкелді. Мақсаты мен ұраны жақсы болғанымен кейін тоталитарлық режимге жол берді. Қазақ журналистикасы да соның ырқында дамыды. 1934 жылы газетке жазатын тілшілердің аса зәрулігі Коммунистік журналистика институтын дүниеге әкелді. Көзі тірісінде сол оқу орнының алғашқы түлегінің бірі абыз ақын Дихан Әбіловпен сұхбаттасып, бейнесін жазып алудың реті келді. Сол әңгімеде тоқсанды еңсерген қарт журналист: «1937 жылы мемлекеттік бітіру емтиханы комиссиясының төраға­сы Сәкен Сейфуллин болды» деген естелік айтты. Мен қоярда-қоймай, бірнеше күн іздетіп, жеке мұрағаттан дипломды тапқыздым. Қолыма дипломды ұстағанда, өрекпіген көңілім су сепкендей басылды. Сөйтсем, Ұлы Сәкен атылғаннан кейін, диплом алмасты­рылса керек, онда бір орыстың қолы тұр. Тарихқа жасал­ған қиянат бір бұл емес қой! Менің айтайын дегенім, қазақ журналисти­касының басында ұлтының қамы үшін өмірін де қиған осындай ұлы тұлғалар тұр.

 

«Журналистикасы жалтақ ел тоқырайды»

1941 жылы 8 мамырда Журналистика институты дербестігінен айырылып, Қазақ мемлекеттік университеті құрамына берілді. Қазақтың ардақты ұлдарының бірі Қайыржан Бекхожин ҚазМУ-ды 1942 жылы бітіріп, 3 жыл Қостанай облыстық газетінің редакторы болып істейді, 1945 жылы Қазкомпартияның Орталық комитеті оны журфак деканы ретінде ұсынады. Соғыстан кейінгі журфак дамуына сүбелі үлес қосқандардың бірі осы Қайыржан Бекхожин болды. Ол өз ғылыми мектебін қалыптастырып, жаңа жүйе құруға, маман даярлаудың сапасын арттыруға көп тер төкті. Үзеңгілесі, қадірлі тұлғалардың бірі Бейсем­бай Кенжебаев филфакты басқарды.

1966 жылы Тауман Амандосовтың ұйытқы болуымен журналистика факультеті өз алдына бөлініп, оған Таукең декан болды. 1982 жылы докторлық қорғаған Т.Амандосов қазақ журналистикасының теориясы бойынша алғашқы профессор атанды. 15 жыл (1972-1987) декан болған Темірбек Қожакеев журналист мамандарын даярлаудың дәрежесін жаңа бір белеске көтерді, факультеттің әлеуетін, оқытушылар құрамын жақсартты. 40 жасында журналис­тика теориясынан докторлық қорғаған Марат Барманқұ­ловтың еңбегін, әсіресе, журналистика жанрларын салыстыра зерттеуін және телевизия құдіретін дөп басудағы ізденісін кеңестік кеңістікте өте жоғары бағалады, күні бүгінге дейін дәйек көзі ретінде жүгінеді.

Бүгінгі қазақ журналистикасының теориясы мен тәжірибесі осындай дана тұлғалардың жанқиярлық еңбегі­мен қалыптасты, солардың ғылыми мектебі, шәкірттері арқасында дамыды. Сондай дарынды шәкірттердің бірі күні кеше жас ғалым Намазалы Омашұлы болса, бүгінде қадірлі профессор егемен ел көсемсөзінің төрінен орын алды. Оған уақыт та қарайласты.

Намазалы Омашұлының жемісті жылдары тәуелсіз­дікпен тұспа-тұс келді, ұстаздарының жолын жалғап, көсемсөз дәрежесін жаңа қырға алып шықты, БАҚ-тың билік санасатындай қоғамдық орнын айқындап берді. Бұл бір адамның еңбегі десек, әсіре айтқандық болар. Профес­сордың тірегі елі болса, қос қанаты: әріптес аға-інілері мен шәкірттері еді. 1995 жылы журфакқа басшы болды. Мәскеу билігінен іргеміз алшақтап, экономикалық байланыстар үзілген елең-алаң кезең. Қиындық көп кездессе де, Алаш мұратын жүзеге асырудың жаңа сәті туды. Жас басшы Намазалы Омашұлы да білекті сыбанып, іске кірісті, жиі пікірлесіп, арқа тұтып жүрген Зәки Ахметов, Зейнолла Қаб­долов, Зейнолла Серікқали, Камал Смайылов, Шериаз­­­дан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Тұрсынбек Кәкішев сынды ғалымдармен кеңесіп, батыл қимылдады. Тәуелсіз елдегі журналистік білім берудің жаңа стан­дарттары жасалып, онда елдік мұраттар алдыңғы қатарға шықты, ұлттық құндылықтар орнықты. Факультет халық­аралық байланыс­тарын орнықтырып, елдік көсемсөзді шет мемлекеттерге танытты. Ұзақ жылдар ҚазҰУ-дың журналистика факуль­теті деканы, проректоры қызметтерін атқара жүріп, журфак­тың дамуына, онда сапалы білім беруге көп мән берді. Зиялы ортада журналистиканы ғылым ретінде мойындатуға көп күш салды. Журналис­тикадан ғылыми атақ қорғайтын кеңес ашты, бірнеше ғылым докторы мен 50-ден аса ғылым кандидаты диссерта­ция қорғап, қазақ журналистикасы ғылымының өзекті мәселелері ғылыми айналымға енгізілді. Баспа ісі, халық­аралық журналист, қоғаммен байланыс мамандықтары өмірге келіп, дамыды. Неміс, кәріс, ұйғыр тілдерінде журналист даярлайтын бөлімшелер ашылып, ұлттық баспасөз төңірегінде ұйысты.

Намазалы Омашұлының 40 жылдан асатын ұстаздық еңбегінің жарқын бір жемісі – Қазақ журналистикасында жарқырап жүрген, елдік рухтың жалаушысы жүздеген шәкірттері бар. Өзі де қаламнан қол үзбей, елдік сөздің де тізгінін ұстады, өткір айтатын, біліп, көріп айтатын публи­цист ретінде танылып жүр. Бірнеше көсемсөз жинағы мен ғылыми монографиясы жарық көрді. Болашақ журналис­терге арналған оқулықтары ұлттық қорға олжа болып қосылды. Ұстаз-ғалым 2007 жылы журналистика саласын­дағы ең жоғары марапат – ҚР Президентінің арнайы сый­лығына ие болды. «Журналистикасы жалтақ ел тоқы­райды» деген сөзді айтқан қайраткермен билік те сана­сып, осы саладағы сан қырлы еңбегіне осылай баға берді.

Н.Омашев Батысты да, Шығысты да бір кісідей зерттеді, іссапармен АҚШ-та бірнеше рет болып, журналистік білім беру тәжірибесімен бөлісті. Түркия журналистикасымен етене таныс. Қызы Әсел сол елдің қазағына ұзатылып, құдалар арасалып, Түркия да алыс-беріс еліне айналған.

 

Ұлттық журналистиканың жүйеқұрушысы

Әдетте журналисті көшбасшы деп қабылдайды. Жаңа ойдың басында сөз зергерлері тұратыны рас. Ұлттық мүдде, елдік рухтың «күзетші иті» де журналист. Намазалы Омашұлы журналистік еңбек пен ғылымды берік ұштас­тырған тұлға. Ұлттық мүддені жеке бас мүддесінен биік қойып, осы жолда күш-қайратын сарп етіп жүрген қайрат­кер ағамызды егемен Қазақстан журналистика саласының Жүйеқұрушысы деп айтуға болады. Өйткені, журналистік ғылым, білім, тәжірибенің бір азамат төңірегінде өрбуі сирек құбылыс, ал Намазалы Омашұлына қатысты заңды, жарасымын тауып-ақ тұр.

Қазір профессор Н.Омашев Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу институтын басқарады. Мұнда іргелі зерттеулер жүргізілуде, әсіресе, Алаш мұрасының хресто­матиясын жасауда, қазақ журналистикасының даму үдерісін бағалауда кешенді шаралар қолға алынған.

Мен Намазалы Омашұлының ерекше ұйымдастыру­шылық қабілетін Қазақ ұлттық университетінде тіл және тәрбие жөніндегі проректор болған жылдары аңғардым. Бір ғана дәйек: 2004 жылы университетке 70 жыл толып, Наурыз тойы ерекше салтанатпен аталып өтілді. Универ­ситеттің мыңдаған студенттері ешкімнің айдауынсыз көпшілік сахналық көріністерге қатысты, ҚазҰУ қалашығы мен стадионында ондаған ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүр айрықша көрініс тапты. Сол тойға әр оқытушы-профессор өзіндік қолтаңбасын қосты, нағыз бұқаралық мерекеге айналды. Ұлттық бояу мен нақыш, өнегелі іс-қимыл тұтаса келе, айтып жеткізуге келмейтін аураны туғызды. Сол бір ұлттық рух ұлықталған күн – күні кешегідей көз алдымда, бітіріп кеткен студент­тер жадында да мәңгіге қалды деп ойлаймын. Сол тойға куә болған қонақтар, негізінен шет мемлекеттер елшілері сол күні-ақ таңданысын жасыра алмай, «нағыз Наурыз тойы осы екен ғой!» деген еді. Сонда Нәкеңнің психолог­тық даралығына таң қалғанмын. Әркімнің қабілетін дөп таниды, соған лайық тапсырма береді. Сенің дауысыңнан-ақ ерік-жігеріңді, ұмтылысыңды дөп басады. Содан болар, еңбек нәтижесі де жемісті болатын, ешкім ұятқа қалдыр­майтын, жалған сөйлей алмайтын. Мемлекеттік гимн орындалғанда қолды жүрек тұсына қоюды алғаш рет ҚазҰУ студенттері өнеге етіп, кейін бұқарадан қолдау тауып кетті. Нәкең басшылықта болған кезде ҚазҰУ жаста­рының ұлттық рухы асқақтап, біраз мәселе ұлт пайдасына шешіліп жатты.

 

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы»

Ұстазымның бірге өскен достары, ауылдастарымен кездесіп қалғанда, Нәкең туралы тек жақсы айтады, оның қайсарлығы мен табандылығына, намысшылдығына тоқталады, қағылез мінезі мен әңгімешілдігін үлгі тұтады. Жастайынан қатарының алды болған өршіл Омашев өсе келе де ауылының, елінің көркеуіне шама-шарқынша үлесін қосты. Еңбегі ескеріліп, «Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері» мен «Меркі ауданының Құрметті азаматы» атақтарын алды. 2019 жылы Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды.

Нәкеңнің курстас достары шетінен сайдың тасындай сақа жігіттер мен ханымдар – 5 ғылым докторы, мемле­кеттік марапат лауреаттары, ел таныған журналистер мен ақындар. Курсты Нәкең көркейтсе, курстастары Нәкеңді құрметтеуде.

Омашевтар отбасының өнегесі де өз алдына жеке әңгіме, кезінде баспасөзде жазылды. Екі ұлы азамат болып, еңбекке араласқан, отбасын құрған, Нәкеңе ең тәтті немерелерін сүйгізіп отыр.

Міне, осыдан мен Нәкең жүрген жерін көркейтіп жүрген азамат деген қорытындыға келдім. Туған жері аза­маттарының құрметі анау! Бірге оқыған курстас достары да «Намаз біздің староста, лидеріміз» деп мақтан тұтады.

«Ұстаз болу жүректің батырлығы» деген екен ақын Ғафу Қайырбеков. 43 жыл жоғары мектепте маман тәрбиелеумен айналысып келе жатқан Намазалы Омашев та әр сабағын, әр шәкіртімен тілдесуін жүрегінен өткізіп келеді. Кәсібіне адалдықты ұстаз өзі өнеге етіп жүр. Заңғар ғалым, жазушы Зейнолла Қабдолов кезінде шын ықыласымен «…Ұстаз деген ардақты атты кіршіксіз таза күйінде алып жүргендердің бірі, бірегейі десе де болады, ол – мына отырған менің Намазалы шәкіртім» деп ағынан ақтарылған еді.

Нәкең елордаға денсаулығы жағдайымен ғана емес, болашақтың медиаорталығы Нұр-Сұлтанның төрінен елдік сөзін билікке жеткізу үшін, қазақ халқының ғасырлық армандарының жүзеге асуына үлес қосу үшін де барды деп білемін. Оған сақадай-сай «әскері» де жасақталған. Шәкірттері бүгінде бір жағынан билікке сөзін өткізе білсе, келесілері жасампаз ойдың жаршысы болып ғылыми зерттеу жүргізуде, «қалың қолы» «…халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» ретінде ту ұстауда. «Бақытымды қазақ журна­лис­тикасынан тапқан жанмын» деген сөз иесі профессор Намазалы Омашев жүрген жерін көркейткен, осы биік мақсатқа бар қайрат-жігерін аямай жұмсаған қайраткер тұлға. Қазақ журналистикасының «алтын көпірін» салған бұл өнердің иесі де, киесі де өзі!

 

«Ақшамның» анықтамасы

Намазалы ОМАШҰЛЫ – кеңестік журналистиканы тәуелсіз ел көсемсөзіне ұластырған тұлға. Бұл тұжырым­ға жеті анық бар:

Біріншіден, журфакта білім алған күндерден бері 50 жыл сөз құдіреті арқылы еліне қызмет етіп келеді;

Екіншіден, қазақ журналистикасындағы трансформациялық өзгерістердің тұжырымдамасын жасап, ғылыми бағасын беріп жүр;

Үшіншіден, мыңдаған шәкірттері Омашевтың мағыналы дәрістері арқылы шыңдалды, кәсіби жолға түсті;

Төртіншіден, еліміздегі жетекші екі факультеттің абыройын биікке көтерді (декан Омашев ҚазҰУ-дың оқу жүйесін әлемдегі үздіктерге теңестірсе, ЕҰУ-дың журфагын өз қолымен құрып берді);

Бесіншіден, мемлекеттік идеологияны қалыптас­тырып, жетілдіруге бір кісідей үлес қосты, журналис­тиканың құндылықтарын қызғыштай қорғап жүр, әсіресе, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік туралы сөз байламдары аса құнды;

Алтыншыдан, мойындалмай жүрген журналистика ғылымын жүйеге түсіріп, тіл білімінен аражігін ажыратып, концепцияларын айқындап, ізбасарларын тәрбиелеп, ғылыми мектебін құрап берді;

Жетіншіден, азамат ретінде де журналистер қауымы арасында орасан беделге ие болып, көшбасшылық пен қарапайымдылықты қалай қатар алып жүруге болатын­дығын үлгі етіп көрсетіп келеді.

Аязби АҚБЕРГЕНҰЛЫ,

Халықаралық ақпараттық технологиялар

университетінің профессоры.