Юрий Моисеев: «Дәрігер — дербес шешім қабылдайтын маман»

Юрий Сергеевич Моисеев — Қостанай облыстық ауруханасының бас дәрігері. 30 жылдық еңбек өтілі бар жоғары білікті анестезиолог-реаниматолог маман. Қарағанды медицина институтының түлегі. Медицина ғылымдарының кандидаты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс анестезиолог-реаниматологы. Еліміздегі аталған сала ассоциациясының аймақтағы филиалының төрағасы. Бағыты — ауыр науқастарға уытсыздандыру тәсілін қолданады. Еңбек еткен жылдары 5 мыңнан астам адамға ем жүргізген. «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі иегері. Жаңа қызметке дейін ұзақ  жылдар бойы бас дәрігердің орынбасары болып еңбек етіп келген маман «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына іріктеліп отыр. Біз бас дәрігердің өмірі мен еңбек жолына үңіліп, аз-кем ойымен бөлісіп келдік.

— Юрий Сергеевич, мұндай сирек кездесетін мамандықты игеріп қана қоймай, өз ісіңіздің кәсіби білгірі болдыңыз. Оның үстіне аталған салада кандидаттық диссертация қорғадыңыз. Алғаш бұл мамандықты таңдауға қандай себептер әсер етті, шешіміңізді ата-анаңыз қалай қабылдады?

Бұл менің дәрігер маманы болсам деген бала күнгі арманым мен соған ұмтылған еңбегімнің арқасы. Әрине, қарапайым отбасынан шықтым. Қарағанды облысының тумасымын. Әкем шахтер болып жұмыс істеді. Анам да қарапайым жұмысшылар қатарынан еді. Жанұямызда төрт бала өстік. Сол замандағы мұғалімдерімнің тынымсыз тақауыры осы салаға келуіме септігін тигізді. Әрі өзім де өмірде жаңашылдыққа ұмтылып отыратын адаммын. Әке-шешем менің дәрігер болсам деген шешімімді қуана қабылдады. Себебі ол заманда қатардағы отбасыдан жоғары оқу орнына бару деген әулет үшін үлкен абырой саналды. Қалған бауырларымның да аяқтан тік тұрып кетуіне ата-анам зор қолғабыс жасады. Міне, осындай айналамның алғысы да білімге деген құштарлығымды арттыра түсті. Бар білгенімді ширақтай беру үшін қазірдің өзінде кітаптарды, мерзімді басылымдарды, соның ішінде медицина саласындағы жаңалықтарды көп оқимын. Адам алған білімімен қоса, өзі де үнемі талаптанып, талпынып жүру керек. Бұл, әсіресе, жауапты мамандар үшін өте қажет дүние. Тіпті, зейнетке кеткен күннің өзінде өзіңнің бар білгеніңді шыңдап отырған дұрыс. Оқуды тамамдаған кезде медицина саласындағы әрі күрделі әрі жауапты мамандықты таңдадым. Ол жағынан қателеспеген екенмін. Себебі анестезиология-реаниматология өте қарқынды дамып келе жатқан сала болатын. Жаңа препараттар, әдістемелік құралдар шығарыла бастады. Науқастар да ота жасағаннан кейін көп кешікпей, бір-екі тәулікте жалпы палатаға ауыстырылатын болды.

— Сіздер оқып жүрген, одан кейінгі жұмысқа алғаш келген кездеріңізде анестезиология-реаниматология саласының дамуы қалай еді?

Бұл соңғы екі ғасырда пайда болған медицина ғылымының жаңа тармағы. Ал кеңестік дәуірде денсаулық сақтау саласындағы реформалардың қарқынымен заманауи жабдықтар көптеп шығарылды. Жаңадан препараттар келе бастады. Біз анестезиология-реаниматологияның жеке бағыты бойынша жұмысты қолға алдық. Атап айтқанда, ағза мен тіндер ишемиясы, соның ішінде дененің төменгі бөлігін емдеумен айналыстық. Яғни, аяқты кеспей-ақ, арнайы тәсілдер арқылы оны аман сақтап қалуға болады. Хирургтармен бірлесіп,  ота жасау кезінде жансыздандыру әдісі арқылы науқастардың сауығып кетуіне күш саламыз. Міне, осындай практикамызда бар дүниені кейіннен кандидаттық диссертация қорғау кезінде пайдаландым. Бір сөзбен айтқанда, ғылыми жұмысым тәжірибемен ұштасты. Қостанай облыстық ауруханасында жинақталған материалдар негізінде Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде Асқар Тоғайбаевтың жетекшілігімен жұмысымды жазып, Ресейдің Екатеринбург қаласында сәтті қорғап шықтық. Айта кетейін, осы тәжірибе енгізілгелі науқастар арасында өлім-жітім азайды. Хирургия мамандары аурудың асқынуын, соның ішінде микроциркуляцияның бұзылуын дөп баса алмай жатқанда, біздің диссертациялық тақырыбымыз оның нақты емін жасап, бетін бері қаратуға зор күш салды.

— Қазіргі таңда анестезиология саласы қаншалықты жетістіктерге жетіп отыр?

Бұрын біздің салада емделушілер үшін наркоздан көз жұмып кету қаупі болғаны рас. Бірақ кейінгі 15 жылда ондай проблема мүлдем жойылды. Оған заманауи аппараттардың да көмегі зор. Мәселен, төсекте жатқан науқастың жағдайы нашарлап немесе бойында қандай да бір өзгеріс болған жағдайда әлгі аппарат дабыл береді. Оның сыртында наркоздың уытын қайтаратын препараттар ойластырылып шығарылған.

— Сіз үшін бас дәрігер қызметін атқару қиын ба, әлде өз бағытыңызды алып жүру қиын ба?

Бас дәрігер деген мансабым ғана, әйтпесе өз саламның қызметін әлі де атқарып келемін. Осы ауруханада қатардағы маманнан бас дәрігер орынтағына келгеніме дейін 30 жыл болды. Бұл жерде бір менің ғана емес, барлық ұжымның еңбегі бар екенін айтқым келеді. Өзіңді сол ұжымның бір мүшесі деп санауың керек. Егер әріптестеріңнен бөлініп, не өзіңді жоғары не төмен немесе бір жағына кетіп қалсаң, жеке басыңнан басқа ештеңе қызықтырмаса онда сенің абыройың болмайды, ешкімге керек емессің! Бір қазанда қайнап жатқан ұжымға басшы ретінде емес, бағдаршы, жол сілтеуші ретінде қарау керек. Жекелеген дәрігерлер, оның ішінде тәжірибесі молы, жасы бар, бөлімшелерді басқаратын меңгерушілер бар, соларға үнемі қолдау жасап, кез келген қиындығымен бөлісіп отырған дұрыс. Ал біздің салада қандай да бір ауыртпашылықты өз ісінің маманы шеше білуі аса қажет. Бас дәрігер тек соларға қадағалаушы болған кезде жұмысың алға басады. Сол себепті біздің әріптестер барлық түйінді өздері шешуге машықтанған. Дәрігер қажет жағдайда дербес шешім қабылдайтын маман.

— Дербес шешім дегеннен шығады. Өз тәжірибеңізде ең қиын ота жасаған кезіңіз, былайша айтқанда, сол дербес шешім қабылдаудың арқасында өмірі үзіліп бара жатқан науқастың адам қатарына қосылып кеткен сәті болған шығар?

Мына оқиға әлі көз алдымда. Ол бір адам нанғысыз әңгіме. Бірде Польшадан ұзақ сапарға шыққан жүк көлігі жолда апатқа ұшырады. Ауыр жараланған жүргізушінің бас сүйегі адам шошырлық, сау-тамтығы жоқ. Құдды шетелдің қорқынышты фильмдеріндегідей. Тілі жұлынып, жағы үгітілген, қантамырлары жаншылған. Тіпті, оның үзілген кеңірдегін таппай дал болдық. Ендігі амал тыныс жолдарына түтікше жалғап, демалысын қалыпқа келтіру. Наркоз салдық, енді тәуекелге барудан басқа жол жоқ. Не керек, жалғаған түтікшеміз дәл кеңірдектің өзін тауыпты. Хирургпен бірлесіп, тамырларды жалғадық, теріні жамап тіктік, тілін орнына салдық, жақ сүйегін қалпына келтірдік. Науқасқа қан құйылды. Бірнеше күн жасанды демалу аппаратында жатты. Бір айдан кейін есін жиған оны санавиациямен еліне алып кетті. Егер ондай кезде сасқалақтап, аяқасты нақты қадамға бармайтын болсаң, науқас өліп кетер еді. Сол күні кезекшілікте болған хирург Юрий Лебедев екеуіміз осы оқиғаны әлі күнге айтып отырамыз.

— Отбасыңызда сіздің өзіңізден бөлек, өмірлік серігіңіз бен балаңыз да дәрігер мамандар ма? Ұлдарыңыз Евгенийдің медицина саласын таңдауына ата-ананың ықпалы болған шығар? Айтқандай-ақ, сіздің еңбек кітапшаңызда «Қостанай облыстық ауруханасына анестезиолог-реаниматолог болып қабылданды» деген жалғыз-ақ сөйлем бар екен…

Мен ғана емес, жұбайым Ирина Ивановна да 30 жылдан бері қалалық перзентханада бір орыннан тапжылмай қызмет етіп келеді. Ол менің курстасым, қатарлас педиатр мамандығында білім алды. Студенттер оқу барысында, ғылыми үйірмелерде, басқа да қоғамдық жұмыстар кезінде жиі араласпай ма? Біздің де өмір жолымыз студенттік кезде, 2-3 курстарда тоғысты. Екеуіміз де медицина саласын жоғары қойған жандармыз. Ал ұлымыз Евгенийге біздің қызметтік жолымыз әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыды десе болады. Дәрігерліктің аса күрделі саналатын нейрохирургия бағытын таңдады. Өздеріңіз білесіздер, нейрохирургтер бас сүйек-мидың, жұлынның зақымдануынан емдейтін маман иелері. Қазір баламыз Челябі қаласындағы үлкен аурухананың бірінде еңбек етуде. Ол да тәулік бойы тыным таппайды. Әрі үнемі бір жаңашылдық іздеп тұрады. Науқас жандарға қашанда қол ұшын беріп, жәрдемін көрсетуге жаны құмар. Айтпақшы, келініміз де біздің әріптесіміз эндокринолог-дәрігер.

— Өңіріміздің денсаулық сақтау саласы басшылығы бұған дейін хабарлағандай, аймағымызда әлі 300-ге жуық дәрігер маман жетіспейді екен. Бұдан бөлек шешімін таппай тұрған қандай түйткілдер бар?

Ол рас. Соның ішінде, әсіресе, анестезиолог-реаниматолог мамандар ауадай қажет. Қазіргі таңда аймағымызда 84 анестезиолог бар, әлі 50-дей маман керек. Бұл саланың иелері бүкіл дүниежүзінде, соның ішінде Еуропа елдерінің өзінде тапшы! Әрине, дәрігерлер жалақысының да мардымсыз екені баршаға аян.

— Қазір сіздер осыдан бірнеше жыл бұрын ғана салынған аурухананың жаңа ғимаратында орналасып отырсыздар. Содан бері емдеу мекемесіне талай заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Соңғы уақытта әкелінген жаңа қондырғылар жайында аз-кем айтып берсеңіз.

Биылғы жылды алсақ, белге эндоскопиялық хирургияға ота жасайтын және педиатриялық емдеу аппараттары, радиожиілік генераторы, нейрохирургия саласына арналған ота жасау үстелі, хирургиялық навигация жүйесі, гастровидеоскоп пен оның бейнеақпараттық орталық жүйесі, түрлі саланың тренажерлары, басқа да аппараттар сатып алынды.

— «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысуыңызға кім ұсыныс жасап еді? Және осы жобадан қандай нәтиже күтесіз?

Ол әріптестерімнің идеясы. Соның ішінде менің алдымда бас дәрігерлік қызметін атқарған Владимир Стельмах бұған үлкен қолдау жасады. Мен бұл жобада жеңіске жетсем деп тілеп жүрген жоқпын. Әрине, біздің елімізде еңбегін жоғары бағалауға болатын мыңдаған азаматтар бар. Дегенмен үздік мамандарды халықтың біліп отырғаны дұрыс қой. Бұл өте жақсы ойластырылған идея әрі жаңашыл, талапшыл, еңбекқор жандардың есімі жылдан-жылға жаңарып отырса деймін.

 

Қыдырбек Қиысханұлы