Қыздар университеті арнайы экологиялық жобаны бастады

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 75 жылдығына орай арнайы экологиялық жоба бастау алды.

«75 жылға – 75 ағаш» деп ат қойып айдар таққан шара Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтті. Педагогикалық оқу орнының ұжымы мен студенттері және мектеп оқушылары қатысқан жиынның ресми бөлімінде Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова сөз алып, бастаманың маңызына тоқталды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімдерінің арқасында Қазақстан «жасыл экономиканы» іске асыруға бағытталған бірқатар бастамалардың ұйытқысына айналып отыр. Бастамаларды іске асыру бизнес пен ғылымның күшін біріктіруді, мемлекет пен халықаралық ұйымдардың жүйелі қарым-қатынас құруын талап етеді. Бұл іске отандық жоғары оқу орындары да елеулі үлес қосуы тиіс деп ойлаймын. Университеттің 75 жылдығы қарсаңында Жаратылыстану факультетінің ғалымдарының қолдауымен осындай игілікті іс қолға алынып отыр. Бұл жоба адағы уақытта өз жалғасын табатын болады, деді Гаухар Алдамбергенова.

Сонымен қатар жиында мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева, тіл жанашыры, Қыздар университетінің түлегі Асылы Османқызы, Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Гүлмира Мөңкеева және жоба авторы, биология ғылымдарының докторы, профессор Келіс Жайлыбай сөз сөйлеп, қайыры көп іске тілектестік білдірді.

Ресми рәсімнен соң оқу орнының ұжымы мен мектеп оқушылары арнайы бөлінген алаңға символдық тақтайша орнатып, көшеттерді отырғызды. Келіс Жайлыбайдың айтуынша, бірегей жоба Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға өз септігін тигізбек.

– Жоба барысында оңтүстік астанадағы ауа бассейні ластану деңгейі жоғары аймақтарда арша, емен, үйеңкі, акация, бозарша және сирень ағаштарының көшеттері отырғызылады. Бұл өскіндер университеттің Жаратылыстану факультетінің базасындағы арнайы зертханада ең арзан әдістеме арқылы өсіріліп, күтіп-бапталған, – дейді ғалым.

Жаратылыстану факультетінің деканы Қажымұқан Кішібаевтың сөзіне қарағанда, бұған дейін Алматы қаласындағы Медеу шатқалында университеттің биолог ғалымдары мен студенттері 1000-нан астам ағаш отырғызған. Енді аталған шара шаһардың өзге де аймақтарында жүзеге асырылмақ. Бастама болашақта еліміздің аумағында күтілетін қуаңшылық, аптап ыстық пен табиғи апаттардың алдын алуға септеседі және жастарды экологиялық патриотизмге тәрбиелейді.

Осы орайда айта кетейік, «75 жылға – 75 ағаш» жобасы аясында жалпы саны 75 ағаш отырғызылды. Көшеттерді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары күтіп-баптап тұрмақ.

Жандар АСАН,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.