Қыздарды ұзататын жеңгесі ме әлде әншілер ме? немесе бұрмаланған салтымыз жайлы ой-толғам

Қыз ұзату — қыз бен жігіттің, ағайын, халықтың алдында бата алып, отау құруға бастау болар салт-дәстүр. Қыз ұзату, сыңсу айту сынды ежелден келе жатқан дәстүрлеріміз бүгінде бұрмаланса да олар қыз ұзату тойларында көрініс тауып келеді. Қыздың жеңгелері тарапынан айтылатын сыңсу әнін бүгінде шоу бизнестегі әнші қыздарымыз тізгіндеген. Мәселен, әнші Жазира Байырбекованың орындауындағы «Қыз бақыты» әні талай қаракөздерімізді ұясынан шығарып салған. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі қалталылардың қасынан табылатын тағы бір әнші Салтанат Бақаева да «Әгугәй, құрбым» әнімен талай қызды ұзатып, талай қаржыны игерген. Әріптестерінен кем түскісі келмеді ме, кім білсін, Ерке Есмахан да алғашында сахна төріне орындаған, тіпті бейнебаян түсірген «Әйел бақыты» әнін соңғы уақыттарда осы үрдісте орындап жүр. Сондай-ақ, қолы жеткен, қалтасы көтереген қазақ қыздары Қарақат Әбілдина «Айқаракөз», Әйкерім Қалаубаева «Қыз ұзату», Роза Әлқожа «Көктем қызым», Мәдина Сәдуақасованың әндерімен ұзатылып жатыр.

 

Хош, қыз жеңгесінің орнын иемденген бұл әншілерге көзіміз де үйренді. Алайда күні кеше «Жігіттер» тобының әншісі Айдар Тұрғанбектің «Қарындасқа тілек» деген әнімен осы үрдісті жалғастырғанына не дейсіз? Енді жеңгелердің орнын иеленген, жолын алған әнші Айдар: «Дәстүр бойынша баяғыда қарындасыа өсиет айтып ағасы ұзатқан екен, сол дәстүрді жаңғыртып, «Қарындасқа тілек» деген әнін жаздырттым. Қазақтың барлық қызы менің қарындасым» — деп айтыпты ұзату тойдан видео жариялаған пікірінде. Сонда бұл пікірі қаншалықты шындыққа жанасады? Ер азаматтардың қаракөздерімізді ұзатуы салтымызда бар ма әлде сандырақ па? Осы тұрғыда өткен тарихымызды таразыласақ:
«Дәстүр бойынша қалыңдықты алып қайту үшін жеті не одан да көп адам қыздың ауылына келеді. Ауылға жарты шақырымдай жол қалғанда күйеу бір жолдасымен қалады да, қалғандары ауылға барып күйеудің келгендігін хабарлайды. Сонда қыз-келіншектер оның алдынан шығып қарсы алады. Ауылға келген күйеу жолдастарымен оңаша отау тігеді. Отау тігуге ауыл адамдары тайлы-таяғымен түгел атсалысып, жеңгелері мен балдыздары «кереге керер» жолын алады. Ал шаңырақты сол ауылдың елге сыйлы кәрі күйеуіне көтерткізеді. Бұл жас күйеуге де соның жолын берсін деген ырым. Тігілген ақ отауға ең алдымен қалыңдықты, одан соң күйеуді кіргізеді. Қалыңдық отаудың ас-су тұратын сол жақ босағасына барып, оң аяғымен жерді бір теуіп сыртқа шығады. Бұл «отаудың иесі біз боламыз» дегенді білдіреді. Осы ғұрыпты күйеу де қайталайды. Отау тігілгенге арнайы сойылған малдың еті осы жаңа отауда желініп, ас үстінде қойдың омыртқасын әйел күйеуіне ұсынады. Ол оны жібек орамалға түйіп, отаудың шаңырағынан сыртқа лақтырады. Бұл ғұрып «жас отаудың шаңырағы биік, босағасы берік болып, түтіні түзу шықсын» деген ырымды сипаттайды. «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» әрбір ата-ананың тілегі әрі парызы. Ата-анасының рұқсатын алған қызға жігіттің ата-анасы құда түсіп келіп, құда-құдағилар құйрық-бауыр жегеннен кейін, екі жақ та болатын тойға дайындалуға кіріседі. Екі жақ бірлесе отырып, той күнін белгілейді. Ал қыз ұзату тойы күнін қыздың әкесі белгілеп, тойдан кейін алақанында аялап өсіріп отырған қызын жеңгелеріне қолтықтатып, құтты ұясына шығарып салады».
Міне, байқасаңыз салттарымыз заман ағымына орай өзгерсе де, қаңқасы сақталған. Жалпы біздің білуімізше қызды екі жеңгесі ұзатады, ал беташар тойда барған жеріндегі абысындары екі иығынан сүйейді. Мұның барлығы жаңа өмірге қадам басқан жас келіннің де жеңге, абысындары сынды еңбегі сіңіп, адал жар, аяулы ана болсын деген ниеттен туындаған ырымдар.
Өткенге көз жүгіртсеңіз, қайсібір игі істерге де жақсылықты жоғары қойған ырымшыл халықпыз ғой. Бұл үрдіс бүгінде байқалады. Той төрінде қыз ұзатып жүрген әншілердің де жеке өмірінде тілге тиек етіп, яғни, ажырасқан әншілердің қыздарды ұзатқаны дұрыс емес деп жатамыз. Өйткені, ұзатылар қызды отбасылық өмірде жолы болған, бақытты ана, ибалы келін деңгейіне жеткен жандардың жолын берсін деген ізгі ниетті де алға тартатынымыз ақиқат.
«Қанша сүйікті, танымал болса да, ажырасқан әріптестерімнің қыз ұзатып жүргені дұрыс емес. Жақын туыстарым қолқа салғандықтан ғана мен бір жолға ғана қыз ұзатуға келісімді бергенмін. Сыңсу айттым, бірақ қыздың қолынан ұстамағанмын. Оның қолынан ата-анасы, жеңгелері ұстасын. Ырымшыл халық болғандықтан, ұзатқан әншінің тағдыры ұзатылып бара жатқан қыздың тағдырына әсер етуі мүмкін ғой. Мен лайықпын ба, осы қыздың бақытты болуына үлес қоса аламын ба деп әріптестерім ойлану керек. Әрине, ақша табу үшін ойланбай кете беретін әріптестеріміз бар”, — деп Меруерт Түсіпбаева сыни пікір айтқан еді 31 арнаның «Жұлдыздар жарқырайды» бағдарламасында. Расында, әншінің мәртебесі қаншалықты жоғары болса да, қызының бақыты қайсібір ата-ана үшінде қымбат қой.

Әлеуметтік желілерде Айдар Тұрғанбектің бұл әрекетін біріміз қолдадық, біріміз қарсы болдық. Мәселен, «Ел аузында» бағдарламасында Мақсат Базарбаев «Қызды көшеден біреу келіп біреу ұзатып жатқан жоқ қой. Әнші болғасын онда тұрған ештеңе жоқ» деп әншіні ақтап алғандай болды. Ал дәстүрлі әнші Өмірқұл Айниязов бұған үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді. Қарапайым оқырманның да пікірлері де екі ұдай. Ал менің жеке азаматша ретіндегі қорытынды пікірім, табыс көзіне айналған той бизнесіне бола, салт-дәстүрімізді бұрмаламайықшы… Той уақытша құбылыс, ал салт-дәстүр ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани құндылық екенін естен шығармайық!

Кәмшат Айдарханова