Әз-ағаның өнегелі сөздерінен.

 

Ешқашанда ешкімді жамандама.Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады.

Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек,себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көздің құрты түскіш келеді.Ал халықта;»Есті қыз етегін қымтап ұстар»деген мақал бар.

Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады.Ақылмен бөгеп,сабырмен тұсалмаған құмарлық таудан төңкерілген сең сияқты;жолдарындағының бәрін ұйпа-тұйпа етіп,жайпап жойып кетеді.Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей жауып,жария етпей қымтап ұстауы абзал.Әсіресе етекті қара санға дейін көтермеу,кеудені жалаңаштамау жөн.Сонда еркек елеңдемейді,әйел алаңдамайды,адалдық бұзылмайды.

Ешкіммен барқылдап ұрыспа,бағыңды жоясың.

Қарқылдап күлу,тарқылдап сөйлеу-дарақылықтың белгісі.

Кемшіліксіз кісі болмайды,оны көрудің оңайы жоқ.Кісі кемшілігін тез көруге емес,тез түзеуге көмектес.

Қызға қатты күлудің қажеті жоқ,жігітке оның жымиғаны да жетіп жатыр.

Ауыз екі шешендік әркімде болады.Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп көп сөйлемегені абзал.Өйткені қыздың күлкісі,жыииуы,бас изеуі көзқарасы,жүріс-тұрысы-бәрі де сайрап тұрған сөз.Сондықтан оның аз сөйлеп,айналасына ақылмен танылғаны дұрыс.

Шошаңдаған қыз шешесінің атына кір келтіреді.

Баласы арақ ішсе,шешесі у ішеді.Маскүнем жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.

Үміт күткен ұлы оңбаған болып кетсе-әке сорлы;қызы күйеуге өтпесе-шеше сорлы;сұлу деп алғаны сүйкімсіз болып шықса-жігіт сорлы;қыран деп тигені жапалақ болып шықса-жар сорлы.

Еркекке жүрек керек,әйелге тірек керек.