Зәуреш Батталова: Жаңа Президенттен жаңалықтар күтпеймін…

       -Зәуреш Қабылбекқызы, «Кезектен тыс Президент сайлауы» өткелі жатыр. Мұндай маңызды жаңалыққа кейбір саяси партиялар мен жеке тұлғалар бойкот жариялайтындығын айтса, біреулер белсенділікпен қатысамыз дейді. Осы төңіректе сіздің ойыңызды білсек дейміз?

Бұл «Кезектен тыс Президент сайлауы» деп жарияланғанымен,саяси салмақ әлі де Тұңғыш Президент жағында тұр. Ал «уақытша Президент» үміткер ретінде сайлауға түсіп жатыр. Ең әуелі айтарым-бұл жерде ешқандай бәсекелестік жоқ. Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріде сол қалпы. Сайлау компаниясының науқанына қарап отырып, кезекті сайлауда кімнің бәсі басым түсетіндігін де анықтау қиын емес секілді. Шынымен де жаңалықтарға бетбұрамыз десек, сайлау туралы заңды өзгертіп, учаскелік сайлау комиссия мүшелерін ауыстырып, тек қана билік партияларын ғана емес барлық саяси партияларды, өзгеде беделді саяси тұлғаларды қатыстыра отырып, сайлау өткізуге жағдай жасалуы керек еді. Мұның бірде-біреуі жасалмағандықтан, көптеген адамдардың басы қатып отыр. «Сайлауға барып, дауыс бермесек біздің дауысымызды ұрлап кетеді. Ал бюллетендерде «барлығына қарсы дауыс беремін» деген сөйлем жоқ. Сондықтан сайлау учаскесіне барған адам қалайда бір үміткерді қолдауы тиіс. Ал, барлығын қолдамай сызып тастасаң, бюллетенің жарамсыз болып шығады. Ол саналмайды. Сондықтан біраз адамдар «бойкот жарияладық» деп жатыр. Бойкот дегеніміз диванда отыру емес. Ол өзіңнің ұстанымыңды жеткізу арқылы осы сайлаумен келіспегеніңді дәлелдеу деген сөз. Менің ойымша, мына үміткерлердің ешқайсысына көмектесудің керегі жоқ. Неге десеңіз, олар «биліктің үміткерлері». Олардың екеуі парламентте отырған партиялардың атынан түсіп жатыр. Олардың жеңіске деген сенімі берік болса, неге сол партиялардың көшбасшылары өз кандидатураларын ұсынбайды? Себебі-бұл сайлаудың нәтижесінің қалай болатындығына олардың барлығының көздері жетіп отыр. Сондықтан біздер тәуелсіз сарапшылар арқылы сайлауды бақылап, алдағы уақытта сайлау туралы заңға қандай өзгертулер енгізу керектігі жөнінде біраз мәселелерді талқылап көрмекпіз.

          -Кезекті сайлау, бұрынғы сайлаулардан өзгеше болады дегенге сенесізбе?

Өзгешелігі біреу ғана. Бұл сайлау, 30 жылда тұңғыш рет Назарбаев қатыспайтын сайлау болайын деп тұр. Онан басқа ешбір өзгешелігі жоқ, «баяғы жартас, сол жартас». Сайлау туралы заңның ережелері, орталық сайлау комиссиясы, тіпті мемлекеттік тілден емтихан алатын комиссияның төрағасына дейін өзгеріссіз тұрған жоқ па!?

         -Біраз адамдар биыл Президент сайлауы болмайды деп жорамалдаған еді. Бірақ олай болмай шықты. Бұл қаншалықты заңды деп ойлайсыз?

Тәуелсіздіктің бастапқы кездерінде ғана сайлаулар заңда белгіленген тәртіппен өткен шығар. Сонан бергі жылдары бес рет өткізілген Президент сайлауы болсын, мейлі мәслихат, парламент сайлаулары болсын, ешқайсысы өз мерзімінде өтіп көрген жоқ. Осы жолы да солай болып жатыр. Қысқа уақыт ішінде «мерзімінен бұрын сайлау өткізілетіндігі» жария етілді. Сосын сайлауға қатысатын үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстарына да қысқа мерзім беріліп отыр. Барлығы өте шұғыл, әрі жылдам жүргізіліп  жатыр. Заң бойынша Президент сайлауы әр 5 жыл сайын, желтоқсан айында өткізілуі тиіс болатын. Сондықтан заң бұзушылықтар орын алып жатыр деп те айтуға болады. Неге десеңіз, сайлау мерзімін өзгерту үшін нақтылы әрі көңілге қонымды себеп болуы керек қой. Президент өзінің өкілеттілігін тоқтатқан жағдайда, Сенат төрағасы уақытша президенттің міндетін атқаратындығы анық жазылған. Ендеше,уақытша Президент міндетін биылғы желтоқсан айына дейін немесе алдыңғы Президенттің міндет өтеу мерзімі аяқталатын,2020 жылы сәуіргедейін отыруы керек еді.

 -Сіз саясаткер ретінде, кезектен тыс Президент сайлауы аяқталғаннан кейінгі еліміздің саяси өмір туралы болжам жасай аласызба?

Бұған болжам жасаудың қажеті жоқ. Себебі, заңда көрсетілген. Мысалы, тұңғыш Президент «кетті» де оның орнына заң бойынша, мемлекеттегі екінші адам- Сенат төрағасына өкілеттілік табысталды. Енді «Сенат төрағасы» алдымыздағы сайлаудан кейін Президенттікке сайланады. Сол үшін түсіп жатыр ғой. Ал жаңадан сайланып шыққан Президент , заңда белгіленген 5 жылдық мерзімді соңына дейін жалғастырама, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бұрынғы сценарий қайталануы да ғажап емес.  Егер, ол да белгілі себеппен  мерзімінен бұрын босауды шешсе, онда уақытша Сенат төрағасы Президент міндетін атқаруға кіріседі.Саясат күрделі нарсе. Оның болжауға келмейтін тұстары өте көп. Бір тілегім- елімізден тыныштық пен береке үзілмесе екен деймін! Билікке кім келседе, әділ жолмен келіп, халқымызға адал қызмет етсін! Қазіргі үміткерлер арасында, «Тұңғыш Президенттің жолын жалғастырамыз» дейтіндер шығып жатыр. Өз басым мұндай сөздерге қанағаттанбаймын. Барлық салада көп проблемалар тамырын тереңге жайды. Азаматтар баспанасыз, жұмыссыз жүрген, көп балалы аналардың қиыншылықтары лайықты шешімін таппаған, емдеу, денсаулық сақтау, ғылым-білім саласы тоқырап, ауылдары қаңырап қалып жатқан мемлекеттің жағдайын «жақсартамын, оған мынадай нақты шараларды қабылдаймын» деудің орнына, осы күйді жалғастырамын дегендері миға қонбайды екен. Билікке келетін жаңа Президент, «бұрынғылар орындай алмай кеткен саяси реформаларды жүзеге асырамын» деген белсенділікпен келулері керек. Бала секілді «жалғастырамын, ду қол шапалақ» деген әңгіме болмауы тиіс қой. Бұл дегеніңіз анық саяси бәсекенің жоқтығын білдіреді. Яғни, бәсекесіз тағайындау, бүгінгі отырған биліктіңмерзімін ұзарту болмақ. Яғни, бізді 30 жыл бойы билеп келген жүйе, басқа біреуді тағайындап қойып, өзінің билігін жалғастырады деген сөз.

        -Ұзақ уақыт бір жүйеге үйреніп қалған Қазақстандықтар үшін кезекті сайлау жаңалықтай сезіліп жатыр. Сіздің ойыңызша, жаңа сайланатын Президент бөлекше ұстаныммен, ерекше мінезбен жұмыс жүргізе алама?

30 жыл бойы көрініс таппаған бөлекше ұстаным, өзіндік пікір 31-жылы көрініс табады дегенге сенбеймін. Қазіргі уақытша Президент ең алдымен сайлау туралы заңның тармақтарына өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, ревизия жасап алып барып, ашық та әділ либералды сайлау өткізуге әрекет етсе құба-құп болар еді.

       -Соңғы бір сұрақ. Алдағы уақытта  Парламент қайтадан ұйымдастырылып жатса, оппозициялық партиялардың Парламентке келуі мүмкін бе?

Қазіргі қалыптасқан жүйе мен заңдарымыз өзгермейтін болса, пәлендей өзгерістер болады деп кесіп айту қиын. «Дәстүрлі» саяси тәжірибе жалғаса беретін болса, Парламентке қандай саяси партиялардың келетіндігін Ақорда өзі шешеді. Ал, «оппозициялық бағыттамыз» деген партиялар Ақордамен «келісіп» жатса, Парламентке өтеді. Саяси жүйе реформаланып, жаңарып, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатса әңгіме басқа.

Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Ерқазы Сейтқали