ЗАҢ БҰЗҒАН 11 ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫНЫҢ КЕЛІСІМШАРТЫ МЕН ЛИЦЕНЗИЯСЫ ТОҚТАТЫЛДЫ
Түркістан облысында міндеттемелерін орындамаған 11 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мен лицензиялары мерзімінен бұрын тоқтатылды. Одан бөлек, міндеттемелерін толық орындамаған 38 жер қойнауын пайдаланушының келісімшартын мерзімінен бұрын тоқтату ұсынысы Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына жолданды. Бұл жұмыстар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында тұр.
– Жер қойнауын, карьерлерді қолдануда заң талаптарын сақтамаған компанияларға қарсы қатаң шара қабылдау керек. Құқық қорғау органдары тарапынан да батыл әрекеттер жасалуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Аппарат отырысында Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, облыс аумағындағы ірі өзендері мен көлдерінің су қорғау белдеуіндегі және ауылдар мен елді мекендердің аумақтарына жақын жерде заңсыз жұмыс істеген жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялары мен келісімшарттары тоқтатылды. Одан бөлек, Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылдық округі аймағында стратегиялық маңызы бар «Бу газ қондырғысы құрылысы» айналасындағы кен орындарының жұмысын тоқтату бойынша жұмыстар заңға сәйкес жүргізілуде.
Аймақ басшысы құзырлы органдар мен департамент басшыларына жер қойнауын пайдаланушыға қатысты кемшіліктер бойынша тез арада заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізуді және жерді қалпына келтіруді міндеттеуді тапсырды. Заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан қызыл нүктелер бойынша тиісті шара қабылдауды міндеттеді. Аудан, қалаларда заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу үшін құрылған мобильді топтар мен ішкі істер органдары бірлесе рейдтік жұмыстарды күшейту керек екенін айтты.
Жер қойнауын пайдаланушылардан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған төлемдер бойынша 2023 жылы 1 996, 7 млн теңге түсті. Биылға 2,2 млрд теңге жоспарланып, бүгінде 897,1 млн теңге түскен. Биылғы жоспар толығымен орындалады.
Сонымен қатар басқарма тарапынан жер қойнауын пайдаланушылардың заңнамаларды сақтауы бойынша бақылау тұрақты жүргізілуде. Нәтижесінде, маркшейдер маманымен 62 кен орны аумағынан кемшіліктер анықталды. Оның ішінде 17 жер қойнауын пайдаланушы өз еркімен залал шығындарын өтеді. 4 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты Басқарма тарапынан талап-арыз сотқа жолданса, 41 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты іс-құжаттар Облыстық жер ресурстары департаментіне жолданды.
Аппарат мәжілісінде заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтбаев баяндама жасады. Жыл басынан облыс бойынша заңсыз жер қойнауын пайдаланудың жалпы 204 дерегі анықталған. Оның ішінде, 200 дерек бойынша Әкімшілік кодексінің 139-бабы (Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу) арқылы жауапкершілікке тарту үшін жинақталған құжаттар Экология департаментіне жолданды. Экология департаментімен 91 әкімшілік іс қаралып, жалпы 2 млн 234 мың 239 теңге айыппұл салынды. Оның ішінде, өндірілгені – 2 млн 52 мың 719 теңге. Сонымен қатар 2 әкімшілік іс қайталанғаны үшін сотқа жолданған. Қазіргі таңда 107 әкімшілік іс қаралуда. Олардың басым бөлігі Сауран, Сайрам, Қазығұрт аудандарына тиесілі. Жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойынша 4 дерек анықталып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұдан бөлек, арнайы тұраққа 178 жүк көлігі және 43 техника қойылды.
Жер қойнауын пайдалануда туындаған мәселелерді реттеу және қылмыстық істерді сотқа жолдау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен жұмыс алгоритмі жасалды. Жер қойнауын заңсыз пайдаланушылармен күрес жұмыстары күшейтіледі.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 191 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 80 келісімшарт және 111 лицензия негізінде жұмыс істейді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі