“Заң және тәртіп” қоғамның тыныштығы, дамуы

Бүгін Мойынқұм ауданында “Заң және тәртіп” қағидаты аясында өткен жастармен кездесу шарасына қатыстым. Бұл іс-шараға облыстық құқық қорғау органдарының өкілдері, колледж студенттері, белсенді жастар мен мектеп оқушылары, сондай-ақ түрлі сала мамандары мен қоғам қайраткерлері жиналды. Мұндай кездесулердің маңызы өте зор, себебі ол жастарды заңды құрметтеуге, тәртіп пен құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған.
Өңірде заң мен тәртіпті сақтау, қоғамды заңға бағынуға үйрету мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды баяндалды. Заң мен тәртіптің үйлесімді болуы – қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын сақтаудың, сондай-ақ жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен бостандығын қамтамасыз етудің негізі. Бұл әрбір азаматтың өмірінде маңызды рөл атқарады.
Заңды білу және оны сақтау – әр азаматтың міндеті ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы бейбітшілікті, тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі. Бұл жиында құқық қорғау органдарының өкілдері жастарға заңды білмеудің жауапкершіліктен босатпайтыны туралы түсіндіріп, арнайы бейнемазмұнды роликтер көрсетті. Роликтерде заң бұзушылықтың салдары, жастардың құқықтық жауапкершілігі және тәртіп сақтау мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар, шара барысында біз жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін нақты қадамдар жасау қажеттілігі туралы пікір алмастық. Алдағы уақытта жастар арасында құқықтық білім беру мақсатында түрлі шаралар мен тренингтер ұйымдастырылатын болады. Құқық қорғау органдарының өкілдері мен жастар арасында тығыз байланыс орнату, олардың заңды білу деңгейін арттыру – біздің басты мақсатымыз.
Мұндай шаралар жастардың құқықтық санасын көтеруге, олардың болашақта заңды дұрыс түсініп, оны сақтауына септігін тигізеді деп сенемін. Алдағы уақытта осындай кездесулердің облыстың барлық аймақтарында жалғасын табатын болады.