Заң жобасы ең алдымен қазақ тілінде қабылдануы керек
Бірінші кезекте заң жобасы қазақ тілінде талқыланып, қабылдануы керек. 12 сәуір күні Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттар, «AMANAT» Партиясы Фракциясының мүшелері Үнзила Шапақ, Жарқынбек Амантай Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдады.
Депутаттар 30 жыл ішінде қазақ тілі заң тіліне айнала алмағанын, заң терминдерінде сыңаржақтық, калька аудармалар көп екенін алға тартқан. Осы уақытқа дейін тек 2 заң ғана қазақ тілінде әзірленіп, қабылданыпты.
Олардың сөзінше, бұл мәселе құқық саласындағы күрделі мәселелерді туындатып отыр.
Себебі заң ең алдымен орыс тілінде жазылып, артынша қазақ тіліне аударылады. Екі тілдің табиғаты әртүрлі болғандықтан, терминдердің бірізді болмауынан аударма қойыртпақ, түсініксіз мәтінге айналады.
Депутаттар, ең алдымен заң терминдерін бір ізге түсіру керек екенін, екіншіден, олардың контексте қаншалықты қиысатынына ревизия жүргізу, үшіншіден, атқарылған жұмыстардың барлығының қорытындысын қайта талдап, анализден өткізу керек екенін айтады.
– Сондықтан бірінші, қазақ тіліндегі барлық құқықтық-нормативтік актілердің түп мәтініндегі терминдердің қаншалықты әртүрлі екеніне ревизия жүргізу.
Екінші, мәнмәтіндік қолданыстың үйлесімділігін, сөйлемдердің ішіндегі түрлену ерекшеліктерін анықтау.
Үшінші, жасалған жұмыстардың нәтижесін сұрыптап, жүйелі анализден өткізу.
Сондай-ақ атап айтар маңызды нәрсе, ревизия нәтижесінде қолданыстағы заңнамаларда анықталған қордаланған сәйкессіздіктерді жоюдың бірреттік жолын қарастыру керек, – деп жазылған депутаттардың сауалында.
Үнзила Шапақ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«AMANAT» Партиясы
Фракциясының мүшесі:
Осы күнге дейін қазақ тілінде тек 2 заң қабылданған
– Тәуелсіздік алғалы бері елімізде 3 589 заң қабылданып, қолданысқа енген. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен, 30 жылдың ішінде заты мемлекеттік бола алмады. Заң жобасы орыс тілінде әзірленіп қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес.
Осы күнге дейін қазақ тілінде тек екі заң жобасы әзірленіп, қабылданған. Атап айтсақ, Тілдер туралы, Көші-қон туралы заңдар ғана. Заңның қазақ тіліндегі мәтініне қатысты сын-пікірлер халық арасында өте көп. Соның бірі – заң терминінің бірізділігінің сақталмауы.
Мемлекеттік тілдің аясындағы кешенді проблемалар қазақстандық құқық жүйесі кеңістігінде бір-бірімен сабақтасып, ұштасып соның салдарынан түйткілді мәселелер туындап отыр.
Қазақ және орыс тілдері құрылымы тұрғысынан әртүрлі тілдік топтарға жатады. Заң шығару процесінде осы ерекшеліктер ескерілмесе, мәтіндердің мағыналары бұрмаланып мәні өзгереді. Бұл жоғарыда аталған сөзбе-сөз немесе калька аударманың әсері. Мұндай кемшілікке жол беруге әсте болмайды.
Сондықтан, бірінші кезекте заң жобасы қазақ тілінде талқыланып, қабылдануы керек.
Қазақ тіліндегі терминқорды қалыптастырудағы кемшіліктерді уақытылы түзетіп, жетілдіріп, терминологиялық жұмыстарды бір орталықтан үйлестіріп, кәсіптік деңгейде жүргізгенде ғана жүйеленген ұлттық терминологиялық қор қалыптасатыны ақиқат. Әсіресе, заңнама терминологиясына келгенде абай болған абзал.
Бүгінде қазақ тілі терминдерінің бірыңғай электрондық базасында (termincom.kz – ред.) 380 мыңнан аса термин бар болса, оның ішінде заңтану саласында 11 139 термин бекітілген.
Сол терминдердің өзі жиі өзгеріске ұшырайды. 2 000-жылдарда бекітілген терминдердің жартысына жуығы 2020 жылдары қайта жаңартылған.
Бір ғана мысал, «обращения» деген ұғым Конституцияда «өтініш» деп айқындалып, қолданыстағы барлық заңнамаларда солай көрініс тапқан. 2022 жылы Мемтерком ол ұғымды жаңалап «жолданым» деп бекіткен. Сөйтіп, 2022 жылы қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте, Конституциялық Сот туралы заңда «жолданым» термині енген. Мұндай өзгерістер бұрынғы қолданыстағы заңдардың мәтінімен мүлде бірізді, аутентикалы бола алмайды.
Заң тілі нақтылықты қажет етеді. Мысалы, «постоянное местожительство», «тұрғылықты жер», «тұрғылықты мекен»; «недвижимое имущество», «жылжымайтын мүлік», «қозғалмайтын мүлік» деген баламалар Конституциядан бастап барлық қолданыстағы заңнамаларда кездеседі. Өздеріңіз көріп отырғандай, бір заңның ішінде бірізділік сақталып отырған жоқ. Туынды заңдарда да жағдай осылай.
Заңтануда терминдік даралық сипат алған сөздер мен сөз тіркестерінің қызметі айқындалып, олардың заң өміріндегі өрісі анықталып, тұрақтануы керек.
Әрі қисыны келсін, келмесін халықаралық терминдерді қалайда қазақшалауға тырысқанымыз тағы бар.
Аударма терминдердің сырын, болмысын аша отырып, қазақ тіліндегі заңнамалардағы жеке сөздер мен сөз тіркестерінің контекстегі қызметі мен жеке тұрғанда білдірер мағынасын жете түсінбей тұрып, бірден аудару салдарынан кетер кемшіліктерге, заңнама мәтініндегі бірізділікке қатысты олқылықтарға баса назар аудара келе қордаланған мәселені шешудің жолын іздестіру керек.turkystan.kz