ЗАҢДЫЛЫҚТЫҢ САҚТАЛУЫН ҚАДАҒАЛАУ — ЖАУАПТЫ МІНДЕТ

Заң мен құқықтың тәртіптің сенімді қорғаушылары, азаматтардың бостандығы мен конституциялық құқығығын қорғау, қылмыс пен сыбайлас жемқорлықпен күресте заңдылықтың сақталуын, жалпы мемлекеттік құқықтық саясатты жүзеге асыруға аса мән беретін прокуратура саласының қызметі орасан.
Қазақстан Республикасының Конституциясында Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданатыны ашық жазылған.
Өздеріне Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген құндылықтарды қорғау мен сақтауды мақсат еткен аудан прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлының басшылығымен прокуратура қызметкерлері айтарлықтай жұмыс атқарып келеді. Cолардың бірнешеуіне ғана тоқтала кетейік. Ең бастысы прокуратура қызметкерлері биылғы жылдың өзінде 20 мыңнан астам адамның құқықтарын қорғады. Олар ауылдарда жүрген азаматтардың көкейінде жүрген проблемалық мәселелерді, олардың басқа да өтініштерін заң аясында шешу, қылмыстың алдын алу мақсатында ауданымыздағы барлық ауыл, ауылдық округтерде халықпен кездесулер өткізді. Мұнда сонда көтеріліп, кейін шешімі табылған мәселелердің бір парасына ғана тоқталып өтпекпіз. Онда жеке иеліктегі азаматтар мен шаруа қожалықтары меншігіндегі малдар бақылаусыз қалып, бей-берекет жүретіндігі анықталды. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында Жалғызтөбе ауылдық округінде пилоттық жоба жүзеге асырылды. Онда арнайы келісім-шартпен бақташы жалдап, 1500 гектар жайылымдық жерге 827 малды жаю ұйымдастырылды. Мұндай жұмыстар басқа да округтерде қолға алынды. Нәтижесінде аудандағы мал ұрлығы биылғы жылдың 10 айында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 47 пайызға (32-ден 17-ге) төмендеп, оның ашылуы 32 пайызға өсті.
Прокуратура 2021 жылғы орын алған жол-көлік оқиғаларына талдау жүргізгенде, олардың басым бөлігі Тараз — Сарыкемер тас жолындағы Талас, Үлгілі ауылдарына бұрылатын қиылыстарда автокөлік жүргізушілерінің жылдамдықты асыруы салдарынан болғандығы анықталған. Осыған байланысты халықтың қауіпсіздігі үшін Талас, Үлгілі ауылдарына бұрылатын қиылыстарға бейнекамералар орнатылып, іске қосылды. Сондай-ақ аталған тас жолда жол-полиция қызметкерінің 1 экипажы жылдамдық өлшейтін арнайы құрылғымен күнделікті патрульдеу жүргізеді. Қостөбе ауылында халықпен кездесуде мектепке оқушылардың қауіпсіз қатынауына байланысты үлкен жол бойына «Жасанды жылдамдық соққысы» мен «Жол жүру өткелін» орнатуды сұранған. Аталған мәселені аудан прокуратурасы мен жергілікті атқарушы орган бірлесе қысқа мерзімде шешіп, халық сұранысы орындалды. Міне мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге де болады. Міне осының арқасында биылғы жылы жолда жол-көлік оқиғалары 80 пайызға (10-нан 2-ге) кеміді.
2021 жыл мен биылғы жылдың 10 айында жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері 860 мемлекеттік грант алушыларға заңсыз тексерулер жүргізген. Прокуратура қызметкерлерінің араласуымен аталған заңсыз тексерулер жойылып, азаматтардың құқықтары қорғалды. Ал бұған кінәлі 8 қызметкер тәртіптік жауаптылыққа тартылған.
Өткен жылдың тамыз айында Қайнар ауылы маңындағы әскери бөлімде алапат өрт орын алып, артынша жойқын жарылыс болғаны ел есінде. Міне осы уақытта аудан прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлы бас болып мамандарымен бірлесе жарылыс болған аймақтағы ауыл тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіруді ұтымды ұйымдастырды. Осындай қиын-қыстау кезде халықты көшірудегі елеулі еңбегінің арқасында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары аудан прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы “Айбын” орденімен марапаттады (суретте). Бұл адал еңбекке берілген әділ баға еді.
Аудандық прокуратура қызметкерлерін бүгінгі төл мерекелерімен құттықтап, прокурорлық қадағалау жұмыстарын жүйелі жүргізе берулеріне тілектеспіз.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Сарыкемер ауылы.