«Зардап шеккендерге көмек көрсетейік»: Шавкат Рахмонов қазақстандықтарға үндеу жасады

Шавкат Рахмоновтың халыққа жасаған видеоүндеуі Instagram желісіндегі жеке парақшасында жарияланды.

«Ардақты ағайын, «Апат айтып келмейді» дейді халқымыз. Көптеген ауыл-аймақты су басып қалды. Үлкендеріміз мұндай апат бұрын-соңды болмағанын айтып жатыр. Мемлекет тарапынан барлық шара қабылдануда. Әскерилер, құтқарушылар мен еріктілер су тасқынымен күресуге жұмылдырылды. Олар күн-түн демей жұмыс жасап жатыр. Осындай сын сәтте бәріміз бір болайық. Зардап шеккендерге көмек көрсетейік», — деді спортшы.

Айта кетейік, елімізде су тасқыны салдарынан ауыр жағдай қалыптасып, бірнеше өңірде төтенше жағдай жарияланды.

Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны салдарынан Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 171 жеке тұрғын үй және 179 аула аумағы су астында қалып отырғанын мәлімдеді.

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты ел халқына үндеу жасап, қазіргі су тасқыны – Қазақстандағы 80 жылдағы ең ауқымды су тасқыны екенін атап өтті. Бұл ретте президент мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайтынын айтты.

 

prosports.kz