ЗӘРУЛІК
Ажал атаулыға адамның өзі ғана араша түсуі мүмкін. Ал, туралап келгенде одан ешкім қашып құтылған емес. “Аурудан емес, өз ажалынан өлді” дегенді жұбату ретінде айтса керек. Қалай болғанда да, табиғи апатты, зілзаланы қоспағанда төтеннен төнетін, оқыстан келетін түрлі ауыртпалықта, қырсық-кесапатта адам факторы тұратыны жасырын емес. Сондықтан, қауіп-қатер ықтимал жерлерде білімге, сана-сезімге зәрулікке бас иген абзал. Ашығын айтқанда, алдын алу, ескерту, қадағалау, қауіпсіздік шараларына дәйім ден қойған жөн. Бұған ата-ана, балабақша, мектеп тәрбиесі, өскен орта өнегесі, тиісті мамандар тәлімі мен кеңесі, үгіт-насихат жолдары ешқашан көптік етпейді.
Әсіресе, бейбіт күнде адам өмірінің қиылып кетуі отбасы үшін де, мемлекетіміз үшін де ауыр қайғы. Ондай өкініштің орны толмайды. Әсіресе, қоғамды қатты алаңдататын жайт — жол-көлік оқиғаларының салдары. Бұл туралы ел-елде, жер-жерде өтетін жиындар мен басқосуларда, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылады, жазылып та жүр. Соған қарамастан түрлі себептердің кесірінен қасіретті көрсеткіштер азаймай тұр. Керісінше, жыл өткен сайын пайызы өсіп барады. Облыстар аумағында, ірі қалаларда адам өліміне әкеліп соқтырған оқыс оқиғалар саналыға ой салмай қоймайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 2023 жылдың 12 айында 15 886 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Соның ішінде, 22 мың 97 адам түрлі жарақат алған. Жылына екі мыңдай адамнан айырыламыз.
Әрине, қалың қозғалыс, көлік құралдары нөпірі экономика дамуының белгісі екендігі даусыз. Бірінші кезекте нақ сондай күре жолдарға басымдық беру, яғни ұлғайтып, жөндеудің қисыны бар. Сол өңірде тұратын халықтың саны мен көліктің көптігі де ерекше назарға алынуға тиіс деп ойлаймыз. Мәселен, Сарыағаш, Келес аудандарының үстінен өтетін даңғыл жолдың өткізу мүмкіндігі 3 мың көлік болса, қазіргі жазғы маусымда мониторинг қорындысы бойынша 27 мың көліктің жүріп жатқаны анықталған. Бұл осы бағыттағы күре жол қауіпсіздігінің 8 есеге кемитінін көрсетсе керек. Мұндайда барша жолаушының — қара жаяу жүргіншінің де, көлік жүргізушінің де көзі жіті, өзі сақ, абай болғаны дұрыс.
Ал жекелеген көлік иесі мәдениетінің төмендігі мүлдем басқа әңгіме. Оған мән беру — әрбір жүргізушінің өз өмірі үшін де, өзгенің өмірі үшін де жауапкершілігі, қоғамдық, азаматтық борышы екенін тағы да қаперіне салғымыз келеді.
Иә, көлік — қоғамның қозғалыс құралы. Жалпы, елімізде жол қозғалысының қарапайым қағидаттарын үйретуден бастап, жаппай ағартушылық жұмыс жүргізудің маңызы артып тұр.
Өйткені, біз үшін ең қымбат нәрсе — адам өмірі, оның қауіпсіздігі. Ата заңымыз осылай дейді. Ел де, ер де, мемлекет те, мекеме де осыны ұмытпауға тиіс.
Қоғамның белсендісі бар, белсенді емесі бар — көзі ашық азаматтарының баршасы өзекті де өткір мәселеден шет қалмас деп ойлаймыз.
Дархан МЫҢБАЙ Фб Парақшасынан