Зауытбек Тұрысбеков: Ертіс-Баян өңірі — нағыз қазақи аймақ екендігіне көзім жетті
Павлодарда өтіп жатқан «Ұлы дала» этнофестиваліне қатысқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков шараның маңыздылығын атап өтіп, жоғары баға берді. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мәртебелі мейманға қазақтың ұлттық аспабы — домбыраны сыйға тартты.
— Бүгін қасиетті, киелі Ертіс өңірінде той-думан. Бәріңізге той құтты болсын! — деді Зауытбек Тұрысбеков. — Мен өзім Оңтүстік Қазақстан облысының азаматымын. 67 жасыма дейін нағыз қазақ оңтүстікте деп ойлайтынмын. Жоқ, кеше және бүгін байқап отырсам, нағыз қазақи аймақ Ертіс-Баян өңірі екеніне көзім жетті. Нағыз қазақ Ертіс жерінде қоныстанған. Бүгінгі тойға алыс-жақын шет елдерден қандас бауырларымыз жиналып отыр. «Туысқан араласпаса жат болады» дейді халық даналығы. Сол себепті, бүгін барлығымыз табысып, танысып жатырмыз. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында бір отбасындай тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бұл ата-баларымыздың еңбегі. Сол достықты балалар мен немерелерімізге тапсыру — біздің міндет. Елбасы «Бар қазақтың Отаны — Қазақстан» деген болатын.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Болат Бақауов этноауылдың бас сахнасында Павлодар облысының Құрметті азаматы атағына ие болған тұлғаларды марапаттап, куәлік беліглерін табыстады. Олардың қатарында журналистика ардагері Ғалия Балтабай да бар.
Естеріңізге сала кетейік, «Ұлы дала» этнофестивалі Ертіс-Баян өңірінде осымен үшінші жыл қатарына өткізіліп келеді. Ертістің аңғарында 100 киіз үйден тұратын этноауыл құрылды. Фестиваль бағдарламасында театрландырылған көріністер, ақындар айтысы, ұлттық спорт ойындары мен Kazakh Union кскадерлер тобының өнерін тамашалауға болады.
Әлихан Рахметоллаұлы