Зейнетақы қорындағы қаражатты мерзімінен бұрын қалай алуға болады?
Зейнетке шықпай тұрып, ұлттық бірыңғай зейнетақы қорындағы қаражатты уақытша қолдану мүмкіндігі жалдамалы пәтер босағасынан сығалап жүрген отбасыға баспана алуға, гранттан қағылған талапкерге несиеге жүгінбей жоғары оқу орнына түсуге мұрсат берер еді. Жалпы Ұлттық бірыңғай зейнетақы қорындағы қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға бола ма?
Алайда бұл сұрақты жан-жақты талқылап жатырмыз деген Ұлттық банк төрағасы, алған бетінен қайтып қалған сияқты. Бас банкирдің айтуынша, мемлекеттің бастапқы мақсаты тұрғындарымызды қартайған шағында мұқтажсыз кәрілікпен қамтамасыз ету. Бұл туралы 31.kz хабарлайды.
«Бірінші кезекте бұл қартайған шағын қамтамасыз ете алатын, жинағы жеткілікті деңгейдегі адамдарға қатысты. Яғни бұл сұрақты салымшының жинағы қажетті көлемнен артып жатқанда ғана қарастыруға болады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тұрақтылық қамтамасыз ету де маңызды мәселе. Адамдар бұл мүмкіндікті қолданамыз деп, зейнетке шыққанда тақырға отырып қалмауы қажет», — дейді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.
Десе де Данияр Ақышев зейнеткерлік демалысқа шықпай тұрып, зейнетақы қорында жинақталған ақшаны алудың өзге жолын ұсынды. Оның айтуынша, әркімнің қордағы қаражатты сақтандыру компаниясына аударып, зейнетақы аннуитеті туралы келісім шарт құруға құқығы бар. Оны әйелдер 50 жастан, ал ерлер 55 жастан бастап рәсімдей алады. Алайда бұл үшін жинақтаған ақшаңыз белгілі бір сомадан асуы керек.
«Сіз зейнетке ерте шығуға құқылысыз, алайда ол үшін жинағыңыз ерлер 6 миллион, ал әйелдер 8 миллион теңгеге жуық ақша жинауы керек. Тек осы жағдайда ғана сақтандыру компаниясы сізбен келісім шартқа отырады. Сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат мұраға қалдырылса, сақтандыру компаниясында мұндай шарт жоқ. Егер адам зейнетақы аннуитеті туралы келісім шарт жасап, 1 жылдан кейін дүниеден озып кетсе, қаражаты жақындарына берілмейді»,-дейді сақтандыру компаниясы төрағасының орынбасары Владимир Акентьев.
Жалпы былтырғы жылы сақтандыру ұйымдарына 6 мыңнан астам салымшы өз жинағын аударған екен. Ал жыл басынан бері аннуитет сатып алушылар көлемі 1300 адамға жуықтаған. Яғни, осынша адам мерзімінен ерте зейнетін көре бастады. Алайда бұл тенденция жалғасын тапса жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тиімсіз.
Әзірлеген Ләззат КЕМЕЛБАЕВА