Зейнетақы жүйесіне қатысты кезекті эксперимент

ҚР Президенті қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын түсіндіру туралы өткен брифинг барысында ҚР ДСӘДМ вице-министрі Светлана Жақыпова: «2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты және 58-63/63 зейнеткерлік жасына жеткен кезде ғана тағайындалатын болады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне ынтымақты жүйесінде істеп шыққан өтілін, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналар аударылған кезеңін қосады. Азаматтың еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе еңбек өтілі мүлдем болмаса, онда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрайды. Базалық зейнетақы мөлшері 10 жылдан артық әрбір жыл үшін 2 пайызға өсірілмек, өтілі 35 жылдан көп болған жағдайда күнкөріс деңгейінің 100 пайыз, сәйкесінше 20 жыл — 70, 30 жыл — 90 пайыз болмақ. Бұл өзгерістер еңбек өтілі көп, алайда табысы туралы мәлімет болмаған себепті төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлерге қатысты әлеуметтік әділдік орнатуға мүмкіндік береді. Аталған нормаларды іске асыру үшін 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап қазіргі зейнеткерлердің зейнетақы істеріндегі құжаттардың негізінде базалық зейнетақы механизмі өзгертіледі», — деген мәлімдеме жасады.

«ЕлАна»