Зейнетке шыққан ардагерлердің санаториялық-курорттық емделуге қатысты мәселелері бойынша
19 тамыз күні облыстық ардагерлер кеңесінің ғимаратында облыстағы жасы бойынша зейнетке шыққан азаматтардың санаториялық курорттық емделуіне қатысты мәселелер бойынша отырысы өтті. Отырысқа облыс ардагерлерімен қатар облыс әкімшілігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мұқанов Бекболат, Тараз қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Олжабаева Гаухар, «Айша бибі» шипажайының бас дәрігері Нұржанов Райымбек, «Алмалы росорт» шипажайының басшысы Зауірбеков Марат, «Грест» шипажайының бас есепшісі Құлманбетова Ғалия, «Самал» шипажайының басшысы Байдарбеков Өмірхан, «Тауқымыз» шипажайының басшысы Дөненбаев Мейрамбек, «Шипагер Баян» шипажайының басшысы Жаңбырбаева Дәмира, Жамбыл облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының басшысы Бибазарова Қарлығаш қатысты. Отырысты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев ашып табысы төмен зейнеткерлерге қандай жеңілдіктер қаралғаны, жалпы зейнет жасына толып зейнетке шыққан зейнеткерлердің, соның ішінде еңбек ардагерінің шипажайларда емделуі қалай болатындығы жөнінде ардагелердің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алу үшін, осы мекеме басшыларын шақыртып отырғанын айтты. Осы айтылған мәселелер бойынша облыс әкімшілігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Б. Мұқанов баяндама жасады. Жиында қазіргі таңда облыс бойынша жергілікті өкілетті органдардың шешімдеріне өзгерістер енгізіліп, жан басына шаққандағы орташа табыс көлемі 3 еселенген деңгейден аспайтын (142 191 теңге) зейнеткерлерге санаториялық-курорттық емделуге мүмкіндік берілгенін, бұл ретте зейнеткер қалаған шипажайына өз қаражатымен бара алатынын және қайтып келгеннен кейін өзінен шыққан шығынның қырық бес (45) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сомасын, яғни 166 140 теңгесін қайтарып ала алатыны айтылды. Бүгінгі күнде облыс бойынша санаториялық-курорттық емделуге 70 ақ зейнеткер, Тараз қаласы бойынша 35 зейнеткер өтініш білдіргенін атап өтілді. Сонымен қатар ҚР Үкіметінің №523 қаулысына сәйкес шипажайға өтемақы төлемі зейнеткерлердің жеке есеп-шотына қайтарылатыны айтылды. Осы аталған мәселелер бойынша облыс ардагерлері санаториялық-курорттық емделуге бару үшін өздері есепте тұратын қалалық және аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, өздерінің орташа табыс көлемі 3 еселенген деңгейден асатынын немесе аспайтын (142 191 теңге) санаториялық-курорттық емделуге жататынын немесе жатпйтынын анықтауы керек екені айтылды.
Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі