Зейнеткер Халида Нефёдова: Үнемделген ақшаны өзіме жаратамын
Бүгін «Зекет» қоры «Біз біргеміз» акциясы аясында 500 азық-түлік себетін таратты, — деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Халида Нефёдова көру қабілеті нашар екінші топтағы мүгедек. Ол ширек ғасырға жуық тауартанушы болып еңбек еткен. Бүгін еріктілер кейуанаға карантин кезінде қажетті азық-түлік пен медициналық маскалар, дезинфекциялық құралдар жеткізіп берді. «Мен үшін бұл үлкен көмек. Біздің өмірімізді жеңілдетуге тырысып жатқан демеушілер мен еріктілерге үлкен рахмет. Мұндай қолдау бізге, зейнеткерлерге ақша үнемдеуге көмектеседі. Мен оларды қайда жұмсаймын? Әрине, дәрі-дәрмектер мен өзіме қажетті заттар алуға жаратамын», — дейді зейнеткер. Халида апа белсенді өмір салтын ұстанады. Ол көркемөнерпаздар қойылымдарына қатысады, қайырымдылық концерттерінде өнер көрсетеді. «Әрине, бәрі үйде отырғаннан шаршады. Вирус бізді өз жоспарларымыздан жаңылдырды. Бірақ жабырқаудың қажеті жоқ. Коронавирусты бірге жеңеміз», — дейді ол. Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында Елбасы мен Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз» акциясы жалғасып жатыр. Оған кәсіпорындар мен ұйымдар, бизнесмендер мен жақсылық жасауға ниетті азаматтар қатысуда. Қалалық штаб еріктілері мұқтаж адамдарға – аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, жалғыз басты зейнеткерлерге азық-түлік себеттерін таратумен айналысады. Бүгін «Біз біргеміз» акциясы аясында «Зекет» қоры ұсынған 500 азық-түлік себетінің, 200-і таратылды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі