Зейнеткерлер жанайқайын кім естір?
Елдің барлық аймақтарында жеңілдікпен берілетін препараттар тапшылығы бар. Тегін дәріге қолы жетпегендер, оларды амалсыз өз қаржысына алуға мәжбүр. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруы мен қант диабетіне, демікпеге шалдыққандардың халі мүшкіл. Емханаларға сабылып, керекті дәрісін ала алмай шаршаған жұрт ақырында дәріханаға жүгіреді. Талайлы тағдырына ренжулі әжелер мен атайлар: «Тегін дәріні жалынып, жалбарынып, кейде үстелді жұрдырықтап соғып жүріп әзер аламыз.
Шындығына келсек, бір келі ет алмаймыз. Бар тапқан-таянғанымыз дәрі-дәрмек алуға кететіңндіктен, ас-судан қағылып отырмыз. Қазір бір келі ет сатып алу — арман. Бұл — өмір сүру емес, адамдарды қорлау ғой»,— дейді. Препараттарды жеткізіп, таратушы бірыңғай дистрибьютор — «СК — Фармация». Сатып алулар өткізуге бірнеше ай кетеді. Дәрі аймақтарға жөнелтілгенше тағы уақыт өтеді. Ал бұлай ырғалып-жырғалуды өмірінің әрбір минуты дәріге байланған жан күте ала ма?
Жалпы, Қазақстанда 300-ден астам дәрі шығаратын кәсіпорын бар екен. Олардың тек бірнешеуі ғана ірі зауыттар, өзгесі шағын. Сырттан сатып алынатын препараттадың артында ел қауіпсіздігі тұратын көрінеді. Мысалы, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін сақтау үшін өндірілетін отандық дәрілер көлемі 20 пайыздан кем болмауы керек. Бізде олай емес, ал бұл ұлттық қауіпсіздігімізге қауіпті деген сөз.
Маман дайындау, тиісті стандарттарға өту проблемасы шешіліп, химиялық фармацевтикалық өндіріс үшін субстанциялар жасалса, біз фарм салада белгілі бір жетістіктерге жетер едік. Дәрі-дәрмек нарығындағы былықтан хабардар Мемлекет Басшысы биылғы ақпанда министрге: «Фармсаласының дамуын қаламайтындарды шетінен қу»,— деп тапсырған. Іле шала «СК Фармацияның» басқарма төрағасы Нұржан Әлібаев отставкаға кетсе, оның орнына келген Максим Касаткин «барлығын қатырамыз» деп уәде етіп, ақыры өзі темір торға түскен. Жемқорлықпен күрес қызметі оны екі миллиард теңгені жымқырды деп айыптап отыр. Министрлік мәліметінше, 2018 жылы тегін дәрімен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы 38 пайызға артып, 106 млрд. 429 млн. 019 мың 926 теңгеге жетпек.
Яғни мемлекет осынша ақшаға дәрі сатып алып,оны диспансерлік есепте тұрған 2 миллион адамға таратпақ. Ал препараттар тізімі кеңейтілген. 48 түрлі ауруға шалдыққандар дәрі-дәрмектің 274 түрімен қамтылмақ. Тізімде ел арасында кең таралған гипертония, демікпе, қант диабеті, туберкулез, қатерлі ісік аурулары бар. Бірақ, бұл миллиардтардың шарапатын көретіндер некен-саяқ қана екен.
Ағзасын ауыстырғандардың көбісі бәленбай мың доллар тұратын күрделі отадан емес, ағзаны қалыпты ұстап тұру үшін өмірінің соңына дейін үзбей ішетін, мемлекет тегін беруі тиіс дәрісінің болмай қалуынан көз жұмады екен. Міне, мәселе қайда?.. Өкінішті-ақ…