«Зекетті» не үшін береді?

«Зекет» сөзі Құранда 32 рет аталады. Ал, Құранда бір сөздің бірнеше рет қайталануы – бұл мәселеге Алла Тағаланың ерекше маңыз бергенінің көрінісі. Араб тілінен тікелей аударғандағы мағынасы – «көбею, өсу, тазару». Шариғаттағы мәні мынадай: «зекет» дегеніміз — мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін дәулетті мұсылманның Алла Тағаланың разылығын көздеп, байлығының белгілі бір бөлігін шариғатқа сай жылына бір мәрте Құранда көрсетілген адамдарға беруі.

zakyat05

Зекет беру – парыз, садақа беру – әркімнің көңілі қалаған ісі. Зекет өлшеніп берілсе, садақаның белгілі бір мөлшері жоқ, бір теңгеден бір миллиард теңгеге дейін беріле береді. Садақаның мынадай пайдалары бар: Алла Тағаланың ашуына ұшыраудан сақтайды. Қателіктерді өшіреді. Қиямет күні әркім өз теріне малшынатын ыстықта иесіне сая болады. Пайғамбарымыз садақа беруші байды түнімен Құран оқитын адаммен теңестірген. Жүректі жұмсартып, мейірімділікті оятады. Өзіңе жұмсаған дүние емес, садақа етіп берген дүние ғана нағыз ақыреттік азық болып қалады. Адамның Аллаға, ақыретке деген иманының дәлелі.

Зекет берілмесе…

Кез келген қоғам бай мен кедейден тұрады. Бұл Алла Тағаланың хикметпен жаратуы, оған ештеңе айта алмаймыз. Бай байлығымен, кедей кедейлігімен сыналады. Әсілінде, тақуалауы ғана Ұлы Рахманның көзінде маңызға ие. Өйткені, кедейлікке сабыр еткен кедей байдан 500 жыл бұрын жәннатқа кіреді. Бай мен кедей бір-бірімен тығыз байланыста жаратылған. Кедейдің несібесі байдың малында тұрады. Бай дүниесін адал етіп тазарту үшін кедейге зекет береді. Басқа жолы жоқ. Зекет беру арқылы дәулетті адам кедейдің жай-күйін түсініп, өзінде барға шүкір етеді. Зекет алған кедейдің көңілі жайланып, байдың тілеуін тілеп, достық қарым-қатынас орнайды. Қашан зекет беру тоқтайды, сонда кедейдің тұрмысы тым төмендеп, байға деген қыжылы пайда болады. Азық іздеп, байды тонауға, өлтіруге, бүлік шығаруға дейін барады. Зекет берілмеген жағдайда бай одан сайын байып, кедей одан сайын кедейлене түседі. Зекеті берілмеген мал ақыретте иесін тауып, жылан болып мойнына оратылып, тұяқты малдар тұяғымен жанши береді, таптай береді. Мүйізді малдар сүзіп, басына айықпас бәле болады. Ол адам мұсылман болса да, оған тіпті пайғамбардың өзі көмектесе алмайды: «Мен саған ескерттім» деп аузына құм құяды.

Пайдасы

Адам зекет беру арқылы сынақтан сүрінбей өтеді әрі мал-мүлкінен береке табады. Өзгенің алғыс-дұғасын алуға және өзара мейірімділікке себепші. Мал-мүлікті түрлі бәле-жаладан қорғайды. Қате-кемшіліктерді, күнәларды өшіреді.

Кімдерге парыз?

Зекет белгілі бір адамға парыз болуы үшін төмендегі шарттар толық болуы тиіс:

Мұсылман болу;

Азат болу;

Балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс болу.

Мал-дүниеге қатысты шарттары

Бұл шарттар толық болған жағдайда ғана дүние-мүліктен зекет беру міндеттеледі: Нисап мөлшерінің толық болуы; Толық иелігінде болуы; Зекет малының өсімді болуы; Негізгі қажеттіліктерінен артық болуы; Нисапқа толған дүниеге бір жыл толу; Қарызы болмау.

Нисап мөлшері ќандай?

Бес бас түйе;

Отыз бас сиыр;

Қырық тұяқ қой-ешкі;

85 грамм алтын;

595 грамм күміс;

Сауда заттарының орташа бағасы 85 г алтын немесе 595 г күміс бағасына тең келуі қажет;

Егістік пен бау-бақша: егер құдық немесе сутартқыш (насос) арқылы еңбек күшімен суғарылса, барлық өнімнің 5%-ы, ал жаңбыр не өзен суымен суғарылса, 10%-ы беріледі.

ДҰРЫС ОРЫНДАЛУЫНЫҢ ШАРТТАРЫ

Ниет;

Иелендіру: байлықтың зекетін Құранда белгіленген адамдарға жеткізу.

ТӨРТ ТҮЛІК МАЛДЫҢ ЗЕКЕТІ

Зекеті берілетін малдар үй жануарлары болуы керек. Егер үй жануарлары мініске, жер жыртуға, жүк тасымалдау сияқты жұмыстарға жегілсе, зекет алынбайды.

ЖЫЛҚЫ

Қазақ халқы үшін жылқы өте құнды жануар. Мініс көлігі, азық, байлық ретінде көбейтіледі. Ендеше, әр жылқының құнынан 2,5%-ы немесе бір динар (4,25 грамм алтын) беріледі. Есек пен қашырдан зекет алынбайды. Сауда заттары, жалға берілген үй, зауыт, техниканың құны есептеліп, нисап мөлшеріне жетсе, 2,5%-ы беріледі.

ТҮЙЕ

11

СИЫР

2

ҚОЙ-ЕШКІ

3

Кімдерге беріледі?

Зекет алуға құқылы адамдар: Пақырлар. Күн-делікті өмірде негізгі қажеттілігінен артық дүниесі жоқ адамдар. Міскіндер. Тақыр кедей әрі кіріс көзі жоқ адамдар.

Зекет жинауға тағайындалған адамдар. Бұлар мемлекет арнайы тағайындаған қызметкерлер, олар еңбекақылары ретінде зекеттен белгілі бір мөлшер алады.

Жүрек жұмсарту үшін. Исламға жаңадан кірген иманы әлсіз адамның немесе әлі мұсылман болмаған адамдардың жүрегін жұмсартып, пиғылын түзеу үшін зекеттен белгілі бір үлес берілетін кісілер. Құлды азат ету мақсатында зекет малынан жұмсауға болады.

Қарызға батқандарға.

Алла жолындағыларға. Алла жолында қайырлы іс жасауға бекінген адамға беріледі, яғни Ислам қоғамының қажеттілігі үшін атқарылған игі істердің барлығына зекеттен жұмсауға болады, мейлі оқу орнын салу, мешіт тұрғызу, т.б.

Жолаушылар. Сапарға шығып, жол азабын тартып, қаражаты түгесіліп қалған адамдар.

Кімдерге берілмейді?

Дәулетті кісілерге. Нисап мөлшеріне жететін дүниесі бар адам.

Жақын туыстарға. Бір адам өз байлығының зекетін өз әке-шешесі, ата-әжесі немесе олардың ата-аналарына, сол сияқты балалары мен немерелеріне, шөберелеріне бере алмайды. Өйткені бұлар зекет берушіге тікелей жақын туыс болғандықтан, негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге онсыз да жауапты.

Мұсылман еместерге.

Пайғамбарымыздың туыстары Бани Һашим ұрпақтарына.

Дайындаған — Мирас Кесебаев