Зеленский: Украинаның қуатты армиясы ғана ең сенімді қауіпсіздік кепілі болмақ
Зеленский мен АҚШ Президенті Дональд Трамптың күллі дүние демін ішіне тарта отырып асыға күткен 28 ақпандағы Вашингтондағы кездесуі көңілсіз аяқталды. Біреулер оған «соңғы жарты ғасырда әлемдік дипломатияда мұндай сәтсіз кездесу болған жоқ» деп баға беріпті. Трамп пен Зеленский ресми келіссөздерін бастамас бұрын, оңшыл «Американың шынайы дауысы» басылымының Ақ үйдегі бас репортері Брайан Гленн Зеленскийден: «Сен неге костюм кимейсің? Костюмің бар ма? Көптеген америкалықтар сенің құрметсіздігіңе наразы», – деп сұрады.
«Мен бұл соғыс аяқталғаннан кейін костюм киемін», – деп жауап берді Зеленский. «Мүмкін бұл сіздікі сияқты, мүмкін онан да жақсырақ… тіпті арзанырағын киермін». Вице-президенті Вэнс оны естігеннен кейін бірден күліп жібергені, Трамптың да «қызықты» күлімсірегені, ал оның жанында отырған АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рубионың ұялғаны көрінді. Журналистердің қатысуымен ашық алаңда басталған келіссөздердің соңы қызыл шеке айтысқа ұласарын ешкім күтпеген еді. Ақырында Зеленский орнынан тұрып кетті.
Күлтөбенің басында күнде жиын
Осыдан кейін іле-шала, 2 наурыз күні Лондонда өткен Еуропа елдері көшбасшылары бас қосқан Лондон саммиті Зеленскийге үміт сыйлағандай болды. Бұл жолы кездесуге Лондонға 13 премьер-министр мен 2 президент келді. Саммитте Еуроодақ елдері, Британия, Канада қатарлы мемлекеттер қаржылай және әскери көмектерін жалғастыратындықтарын айтты. Сондай-ақ бейбітшілікке қол жеткізудің кейбір жобалары да талқыға түсті. Лондондағы саммит кезінде BBC агенттігінің тілшісі Лаура Куэнссбергтің сұрағына жауап берген Зеленский, өткен аптада болған тартысты кездесуіне қарамастан АҚШ президенті Дональд Трамппен «конструктивті диалогқа» дайын екенін айтып: «Мен Украинаның ұстанымы тыңдалады деп үміттенемін. Біз серіктестеріміздің осы соғыста агрессорлардың кім болғанын есте ұстағанын қалаймыз», – деді Зеленский. Дәл осы тұста АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессенттің BBC-дің американдық серіктесі CBS News арнасына берген сұхбатында «экономикалық келісімінсіз бейбітшілік келісіміне қол жеткізу мүмкін емес» деген сөзі таралып жатты.
Зеленский Вашингтондағы тартысты кездесуі жайлы баға бергенде «серіктес ретінде АҚШ пен Украина үшін пайдалы емес, тек Ресей президенті Владимир Путинге ғана пайдалы болғанын айтты. Алайда тағы да шақырса, Ақ үйге баратынын жасырған жоқ. Вашингтоннан Киевке бағытталған ақпараттық шабуыл үдеп тұрғанына қарамастан, Украина Президенті Трамп шенеуніктері «бітімгершілік келісімнің бір бөлігі» деп санаған Украинаның Путинге берген аумақтық жеңілдіктері туралы айтудан немесе Трамппен кездесуін қалай өткізгеніне өкініш білдіруден бас тартты. Сондай-ақ «Украинаның қуатты армиясы ғана ең сенімді қауіпсіздік кепілі болмақ» деген ойын жеткізді.
Лондон саммиті кезінде Британ премьер-министрі Стармер Украинаның қауіпсіздігін қорғау – Ұлыбритания мен Еуропаның өз қауіпсіздігін қорғау және Украина мәселесінің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен тең дәрежедегі маңызды мәселе екендігін баса айтты. Бұл ойдың Трамптың Ресейді қолдай бастағандығына алаңдаудан туғаны анық еді. Яғни, Ресей осы беті жүгенсіз кете беретін болса, күндердің күнінде Еуропаға басып кірмесіне кім кепіл деген сұрақ оларды алаңдата бастағандай… Дегенмен АҚШ пен Британия қарым-қатынасының өте жақсы екендігін ескергенде, ендігі жерде Вашингтон мен Киевтің арасына Британия араағайындық жасауға тырысатын сияқты.
Аталмыш Лондон саммиті екі сағаттан аса бере аяқталды. Ұлыбритания премьер-министрі Стармер қатысушылардың «қақтығысты тоқтату жоспары» бойынша консенсусқа келгенін және оны АҚШ-пен талқылап, «бірге жүзеге асыратындарын» мәлімдеді. Осылайша саммит қонақтары: «Ресей-Украина қақтығысы кезінде Украинаға әскери көмекті жалғастыру, Украинаның егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Украинаның келіссөздер үстеліне отыруға құқығы бар екендігін бірауыздан мойындау, Украинада тұрақты бейбітшілік орнатуға ұмтылу, Украинада бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін «Еріктілер коалициясын» (coalition des volontaires) құру», – деген 4 негізгі түйінге уағдаласып қайтқандай болды.
Лондон саммиті туралы басқаша пікір білдіріп жатқандар да көп. Киевтен Брюссельге, Парижден Лондонға дейін ары-бері шапқылау, 3 күн сайын шағын құрамдағы жиналыс, 5 күн сайын саммит деп аталатын кездесулер өткізіп, топтық фотоға түсе бергеннен жағдай өзгермейді дейді олар. Былай қарасаңыз, қисыны бар сөз. Қақтығысты бейбіт келіссөздер арқылы шешу ұсынысын осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев та ортаға салған еді.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Песков 3 наурыз күні Лондон саммитіндегі Украинаға көмекті жалғастыру туралы шешімдеріне қарата пікір білдіріп: «Украинаға әскери көмекті арттыру, бейбітшілікке жету үшін емес, соғысты одан әрі жалғастыру үшін жасалып жатыр», – деп мәлімдеді.
АҚШ сертінен тайды ма?
Бұл даудың қашанға созылатыны және қандай арнаға бұрылатыны болжаусыз болып тұр. Саудагер президент Трамп Киевке жөнелтетін әскери көмегін уақытша тоқтататын болды деген сыбыс шықты. «Wall Street Journal» 3 наурызда АҚШ-тың қазіргі және бұрынғы шенеуніктеріне сілтеме жасап, Трамп әкімшілігінің Украинаға жаңа қару-жарақ беруді қаржыландыруды тоқтатқанын және АҚШ қоймаларынан қару-жарақ жөнелтілімін тоқтатуды қарастырып жатқанын хабарлады. Мақалада АҚШ-тың бұл әрекеті Украина армиясының қиын сәтте Ресеймен соғысу қабілетіне қауіп төндіреді деген болжам айтылған. Себебі Украина соғысқа қажетті қару-жарақтың 40 пайыздайын ғана өзінде өндіре алады екен. Ал, қалған бөлігі бүкілдей батыс елдеріне иек артып отырған жайы бар.
АҚШ-тың «Bloomberg» басылымы осы мәлімдемені растау үшін сол күні құзырлы орындарға сұрау салған. Пентагонның аты-жөнін атамауды өтінген жоғары лауазымды шенеунігінің айтуынша, АҚШ Украинаға бағытталып жатқан әскери көмектің барлығын Трамп Зеленскийдің бейбітшілік келісімдеріне шынайы көнгендігіне көзі жеткенге дейін тоқтатуға шешім қабылдаған көрінеді.
Шенеуніктің айтуынша, қазір АҚШ-тың барлық әскери техникасы, соның ішінде ұшақтар мен кемелердегі транзиттегі қарулар немесе Польшаның транзиттік аймақтарында жетіп үлгерген қару-жарақтар түгелдей тоқтатылады екен.
Егер Трамп әкімшілігі көмек көрсетуді тоқтатса, Украина Америкада жасалған әуе қорғанысының жетілдірілген жүйелерін, жердегі нысаналарды күйретуге арналған баллистикалық зымырандарды, навигациялық жүйелерді және алыс қашықтыққа ұшатын зымыран тасығыштарын қоса алғанда, кейбір аса жоғары дәлдіктегі қару-жарақтарды ала алмайды, өйткені армияның тактикалық зымыран жүйесі (ATACMS) және M142 HIMARS жоғары ұтқыр зымырандар сияқты қару-жарақ тек Америка Құрама Штаттарының және терең артиллериялық зымырандық жүйесіне қарсы әрекет ете алады.
PS: Жан-жақтан қарша бораған ақпараттар тасқынында байыпты болмасқа амал жоқ. Пентагонның шенеунігі айтты деген сөзді 3 наурыз күні өткен баспасөз мәслихатында Трамптың өзі жоққа шығарғандай болды. Журналистердің «сіздің Украинаға беретін әскери көмекті тоқтату туралы шешім қабылдағаныңыз рас па?» деген сұрағына Д.Трамп: «Біз тіпті бұл туралы сөйлескен жоқпыз. Көп нәрсе талқыланып жатыр.Күтеміз және көреміз…» – деп жауап берген.
Сол күні Зеленский әлеуметтік желі арқылы: «Біз дипломатиялық арналарымызды тиімді пайдалана отырып, бұл соғысты тезірек аяқтағымыз келеді. Украина бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың қолдауына сенеді және үміттенеді…» – деп мәлімдеді.
Ерқазы Сейтқали