Зерделеу

Бүгін мен облыс әкімі Е. Қарашөкеевтің тапсырмасымен «Almaz Medical Group» емханасына зерделеу жүргіздім. Бірқатар қабылдау кабинеттерінің жабық тұратындығын, дәрігер тексеруіне кіру үшін ұзақ күтетіндіктерін, жалпы медициналық қызмет сапасына шағымдарының көп екендігін облыс әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазған тұрғындар өтініш-тілектеріне орай, аталмыш емханаға барып, пациенттермен кездестім.
Тіркеу бөлімінен бастап, кезекте отырғандармен жеке тілдесіп, олардың емдеу орнына шағымдарын тыңдадым. Емделуге келушілердің бірқатары салынатын дәрі-дәрмекті өзі сатып әкелетіндігін, ұзақ уақыт дәрігерді күтетіндігін, кейбір есіктердің жабық тұратындығын айтты. Ал мүгедектігі бар азаматтар ғимаратқа кіретін пандустың ыңғайсыз салынғандығын жеткізді.
Облыс әкіміне осындағы “29 кабинетке” кіру үшін жарты күндей уақыты кететіндігін жазған тұрғындардың арызына байланысты, сол есікке арнайы және ескертусіз барып, онда ешкім отырмағандығына және есік сыртына дәрігер қабылдауының қашан болатындығы жазылмағандығына көз жеткіздім.
Барлық шағым-арыздарды мұқият тыңдап, олардың шешілуіне ықпал ететінімді айтып, емдеу орнының бас дәрігері Рыскүл Мырзақұловаға нақты тапсырмалар бердім.
Бүгін кешке дейін осындай шағымдар мен ұсыныс-арыздарды зерделеп, маселелердің нәтижелі және дер кезінде, шұғыл шешілуі үшін пациенттер мен келушілерден құралатын “ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ“тобын құру керектігін айтып, олардың тізімі мен бағдарламасын бекітуді , оның бүгіннен қалмай жұмыс істеуін тапсырдым.
Жанар Оспанова,
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы