«Зердені» зерделі қыз басқаратын болды
28 жастағы Кембридж түлегі ұлттық холдингтің төрайымы атанды
Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттану және ақпарат комитеті төрағасының бұйрығымен Әсел Жұбанышқызы Жиенбаева «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ басқармасының төрағасы болып тағайындалды.
Әсел Жиенбаева 1987 жылғы 8 шілдеде дүниеге келген.
Осыған дейін «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі» РММ Ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары, «Қазақстан Ұлттық Банкінің Банктік сервис бюросы» РМК директорының кеңесшісі, Eurasian Natural Resources Corporation PLC компаниясының Ақпараттық технологиялар қауіпсіздігі жөніндегі департамент директоры лауазымдарын атқарған.
Әр жылдары Eurasian Natural Resources Corporation PLC компаниясы Ақпараттық технологиялар жөніндегі басқармасының ақпараттық технологиялар жөніндегі маманы, ақпараттық технологиялар жобалары жөніндегі менеджер лауазымдарын атқарды.
2014 жылы Кембридж университетінде компьютерлік ғылымдар саласында магистр дәрежесін алған.
2014 жылы М.В.Ломоносов атындағы ММУ «Executive Management» бағдарламасы бойынша бітірген.
2010 жылы ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша Кембридж университетінде компьютерлік ғылымдар саласында бакалавр дәрежесіне ие болған.
2005 жылы О.А. Жәутіков атындағы РМФМОМИ «Алтын белгі» төсбелгісімен аяқтаған.
Бұл туралы ұлттық холдингтің баспасөз қызметі хабарлайды.