Ж.Асанов пен Ә.Байменов өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды

Бас Прокурор Жақып Асанов және Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандум шеңберінде тараптар кадрларды іріктеу және жылжыту процесін жетілдіру, олардың әлеуетін арттыру және осы саладағы үздік халықаралық практикамен таныстыру мәселелерінде ынтымақтастықта болады.

Әлихан Байменов  Астана хабының кадрларды іріктеген және жылжытқан кезде іс-шаралар қағидаттарын енгізу бөлігінде Бас прокуратураның жаңа бастамаларына сараптамалық-талдамалық қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Ж.Асанов осындай серіктестікті жоғары бағалайтынын айтты. Астана хабымен тығыз өзара іс-қимыл Бас прокуратураның кадр саласындағы жаңа жобаларын одан әрі іске асыру үшін үздік халықаралық сарапшыларды тартуға мүмкіндік береді. Бас Прокурор сондай-ақ алда әлі де бірлескен көптеген жұмыстардың бар екеніне назар аударды. Прокуратура органдарында іріктеу жүйесін өзгерту – ол алғашқы қадам ғана. Жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді бағалау, оларды мансаптық сатымен жыжыту, оларды ынталандыру, біздің прокурорларымызды оқыту бойынша да мәселелер бар.

Астанада мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб 25 ел мен 5 халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен болған Құрылтайшылық конференция барысында 2013 жылы Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ ДБ бастамасы бойынша құрылған болатын. Хабтың миссиясы өңірде мемлекеттік қызметтің тиімді жүйесін дамытуға ықпал ету. Қазіргі таңда, Хабқа 35 ел және 5 халықаралық ұйым қатысады.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі