Ж.Асанов:«Адасқан бауырларымызды қайта өзімізге тартып, дұрыс бағыт берейік»
Ақтөбе облысына Бас Прокурор бастаған екі жүзден астам маман келді
Ақтөбеге Бас Прокурор Жақып Асанов бастаған жұмыс тобы келді. Олардың негізгі мақсаты — ел ішіндегі жағдаймен танысып, жергілікті проблемаларды шешуге көмектесу. Бұл туралы Ақтөбе облысының жұртшылығымен болған кездесуде Жақып Асанов мәлімдеді.
«Елбасының тапсырмасымен екі жүзден астам маман келдік. Осында сіздермен бірге жұмыс жасаймыз. Мақсат — тексеру, кемшілік іздеу, баға беру емес. Жергілікті проблемаларды бірлесе жұмылып шешу. Жалпы, жұмысымыз 7 бағыт бойынша жүргізілмек, олар — халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізу, шағын кәсіпкерлікті жаппай дамыту, әлеуметтік проблемаларды шешу, діни ахуалды жақсарту, ақпараттандыру жұмысы, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру. Әрбір бағытты вице-министрлер басқарып келді.
Бар мәселені шешеміз деп айту қиын. Ол мүмкін де емес. Бірақ, нақты мақсаттарымыз бар. Кейін осы тәжірибені басқа өңірлерде қолдансақ деген ой бар. Біз кеткен соң сіздер де бұл жұмысты жалғастыра бересіздер деген үміттеміз»,-деді Бас Прокурор.
Жақып Асанов: Тәуелсіздік — басты құндылығымыз
Ақтөбе облысының жұртшылығымен болған кездесуде Бас Прокурор бірнеше маңызды мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, Ж.Асанов тәуелсіздік алуымызды, шекарамыздың бекітілуін және Астананың салынуын ел тарихындағы ең елелулі оқиғалар ретінде атап көрсетті. Сондай-ақ ол қолда бар тәуелсіздігіміздің қадірін түсініп, бағалай білуге шақырды.
«Биыл тәуелсіздігімізге 25 жыл. Бұл мемлекет тарихы үшін түк те емес. Дегенмен, осы қысқа мерзімде біз айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздік. Жер бетінде 6 мыңнан астам ұлт бар екен. Солардың 3-ақ пайызы ғана өзін бақытты деп санайды. Неге? Өйткені, сол екі жүз мемлекеттің тілі бар, жері бар, тәуелсіздігі бар. Шүкір, бұл тізімде біз де бармыз. Оған қоса 130-дан астам ұлт пен ұлысты айрандай ұйытып отырмыз. Бірлігімізге талай елдер қызығып та, қызғанып та жүр.
Сосын БҰҰ тіркеген шекарамыз бар. Шекара деген тәуелсіздіктің басты белгісі. Шекара дауы тіпті соғысқа да айналып кетуі мүмкін. Осы үлкен мәселе қалай шешілді? Елбасының биік абыройы, беделі, дипломатиялық шеберлігінің арқасында. ТМД-да шекара мәселесін бүгінгі күні толық шешкен үш-ақ мемлекет болса, соның бірі Қазақстан.
Сондай-ақ, жаңа Астана салынды. Қаншама қиын жағдайға қарамастан, ел тағдыры үшін Президент Астананы көшіру туралы батыл қадамға барды. Қазір әлемдегі ірі қалалармен Астананың терезесі тең. Осы деңгейге жетеміз деп 25 жыл бұрын кім ойлады?, — деді Ж.Асанов.
Сондай-ақ Бас Прокурор қолда барды бағалау қажет екенін жеткізді. «Аспанымыз ашық, еліміз бейбіт, жеріміз тыныш. Қолдағы алтынымыз осы. Осының қадірін түсінейік. Тәуелсіздігімізді бағалай білейік», — деді ол.
Бас Прокурор: Әрбір азамат аянбай жұмыс жасаса ғана дағдарысты жеңеміз
Ақтөбе облысының жұртшылығымен болған кездесуде Бас Прокурор дағдарыстан шығудың жолы тек еңбекқорлыққа тірелетінін атап өтті.
«Әлемдік дағдарыс бізді айналып өткен жоқ. Үкіметіміз қолдан келгенін жасап жатыр. «Бірде-бір әлеуметтік төлем қысқармасын» деп Елбасы шегелеп айтты. Зейнетақы, жәрдемақы, жалақы тоқтаған жоқ.
Бірақ, жалғыз мемлекеттің шарасы жеткіліксіз. Әрбір отбасы, әрбір азамат аянбай еңбектенсе, ешбір дағдарыс қорқынышты емес. Негізі, мықты мемлекеттерде шикізат аз. Жапония, Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Еуропа елдері. Олар ненің арқасында мықты? Халқы еңбекқор. Жұмысқа әбден берілген. Бір істің маманы боламын деп тынбай еңбек етіп, алға ұмтылады.
Сондықтан көп нәрсе өзімізге байланысты. Әрбір азамат аянбай, тер төгіп жұмыс жасаса, еңбекке сауатты болса, бір істің шебері, маманы, майталманы болса, онда жағдайымыздың да жақсаратыны сөзсіз. Өйтпесек, дағдарыс та ешқашан бітпейді», — деді Бас Прокурор.
Жақып Асанов: Әрбір қазақстандықтың табысты болуы үшін күресуіміз керек
Ақтөбе облысының жұртшылығымен болған кездесуде Бас Прокурор мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың тиімді пайдаланылмай жатқанын атап айтты.
«Мемлекет көп мүмкіндік беріп жатыр. Миллиардтаған ақша, қыруар заңдар, бағдарламалар бар. Бірақ, осыны қалай пайдалану керек екенін көбісі біле бермейді. Кәсіпкерлікті қолдайық деп неше түрлі құрылым аштық. Олардың айлығын, офистерін, көлігін төлеп отырмыз. Ал, нәтиже аз. Кәсіпкерлік дамымай жатыр. Халықты оята алмай отырмыз.
Екінші жағынан, азаматтарымыз бірдеңе бастайын десе, сол кәсіптің қыр-сыры мен көзін біле бермейді. Соның кесірінен істері аяқсыз, нәтижесіз қалып жатады. Ол болмаған соң қызығушылық та жоғалады.
Біз кезінде сауданы білмейтін едік, қазір әбден игеріп алдық. Кәсіптің көзін білсек, әдіс-тәсілін үйреніп алсақ, біздің кез-келген істі дөңгелетіп жіберетін қасиетіміз бар. Сондықтан әрбір қазақстандықтың табысты болуы үшін күресуіміз керек».
Жақып Асанов: Қылмысты еңсерудің бірден-бір жолы жұмыссыздықпен күресу
Ақтөбе облысының жұртшылығымен болған кездесуде Бас Прокурор қылмыспен қоғам боп күресу қажеттігін алға тартты.
«Соңғы 20 жылда ауыр және аса ауыр қылмыстар, әсіресе кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық жылдан жылға азайып келе жатыр.
1990-шы жылдарға қарағанда кісі өлтіру 3 есе кеміді. Ол кезде 2,5 мың, қазір 800-дей. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру 6 мың болса, қазір 1,5 мың. Жарайды, 90-шы жылдары қандай қиын болғанын бәріміз жақсы білеміз. Салыстыру дұрыс емес шығар.
Онда КСРО-ның ең жақсы 80-ші жылдарын алып көрейік. Кісі өлтіру ол кезде 1,5 мың, бүгін 800, 2 есе аз. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру де 2 есе кеміді. Бірақ, көпшілік қазіргі жағдай одан сайын нашар деп ойлайды. Неге? Өйткені, мұндай статистика бұрын жабық болған. Халық ештеңе білмеген. Қазір ақпарат Интернетте тез тарап, қылмыс көбейіп жатқан сияқты», — деді ол.
«Әрине, жұмыссыздық пен қылмыс проблемалары бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі былтыр елімізде қылмыс жасағандардың 84 пайызы — табысы жоқ адамдар. Қылмыстың алдын алу үшін, ең алдымен, халықты жұмыспен қамту керек. Жұмыс орнын кім ашады? Әрине, бизнес. Сондықтан Елбасымыз кәсіпкерлікті қорғап, дамыту керек деп қайта-қайта айтып жүр»,-деді Бас Прокурор.
Бас Прокурор: Теріс идеологиямен күресу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бәріміздің міндетіміз
Ақтөбе облысының жұртшылығымен болған кездесуде Бас Прокурор санасы уланып, адасып, теріс идеологияның құрбаны болып жүрген жастардың мәселесіне уайымын жеткізді.
«Қазір бұрын болмаған жаңа қауіп пайда болды — экстремизм мен терроризм. Ол бүкіл әлемді жаулап отыр. Планетамыздың қай жерін алсаң да жарылыстар – Түркия, Франция, Бельгия, Ресей, АҚШ, Сирия, Ирак. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Қылмыскерлер ислам дінін жамылып, қарапайым халықтың қанын төгіп жатыр. 14-ші жылы террористер 32 мың адамды өлтіріпті.
Бұл қауіп бізге де келді. Осындағы жағдай бүкіл елді дүрліктірді. Қаншама қан төгілді. Қаншама жазықсыз адам қаза болды. Қаншама отбасы туыстарынан айырылып, қара жамылды.
Бұрын сырттан келген террористерден қорқушы едік, қазір олар арамыздан шығып жатыр. Бұл елдің берекесін алып, мазасын қашырады. Не жұмысын, не бизнесін жасай алмай, қауіп қашан басылады деп жұрт үйінде тығылып отырады. Террористерге де керегі сол – халықты қорқыту, үркіту, үрей туғызу.
Мұндай теріс идеологиямен күресу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бәріміздің міндетіміз. Сондықтан балалардың келешегі, елдің болашағы үшін теріс жолға түспе, жаман әдеттен аулақ бол деп, ел болудың қамын жасайық, ағайын.
Адасқан бауырларымызды қайта өзімізге тартып, дұрыс бағыт берейік. Қателеспейтін адам болмайды. Жас адам максимализмге ұрыншақ. Біздің міндетіміз — олардың бетін қайтару, дұрыс жолға түсіру, пиғылын өзгерту. Бұдан артық басқа жол жоқ», — деп қорытты өз сөзін Жақып Асанов.