Жұмыссыздық тамыры қайда жатыр?
Дүниежүзіндегі үлкенді-кішілі мемлекеттерді алып қарасаң барлығына ортақ бір мәселе бар. Бұл қоғамның тұрақтылығына, дамуы мен қуатты болуына үлкен ықпал жасайтын күрделі, өркениет жетіліп ғылым деңгейі өссе де, әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселе. Ол — жұмыссыздық. Әрбір ел өз мүмкіншілігінше жұмыссыздықты азайту мәселесімен айналысып жатыр. Солардың бірі — тәуелсіз қазақ елі. Өкініштісі, біздің қоғамда жұмыссыздық туралы ақиқат айтылмайды. Ақпарат құралдарында қай уақытта болса да шындыққа жанаспайтын көзбояушылыққа толы деректерден көз сүрінеді. Неге олай деген сұраққа ешкім жарытып көңілге қонатындай жауап бере алмайтын халде өмір сүріп жатырмыз.
Жұмыссыздық деңгейі дамыған Франдияда — 9%, АҚШ-та — 3.9%, Польшада — 3.5% болып отырғанда, олардан экономикалық, әлеуметік жағынан әлде қайда төмен біздің елімізде жұмыссыздық деңгейі — 4.9% деген деректекті, елімізде жұмыссыздықтан жылдан жылға кедейленіп отырған халыққа және барша әлемге көрсетуді ақылға сыймайтын іс екенін қалай ұқпайды осыны ұсынып отырған мамандар. Біздің билік қанша тыраштанып, қаржы жұмсап шетелдерде мамандар дайындаса да, батыстың тәжірибесін көшіруге мол шығын шығарса да, қазіргі экономикадағы сауатсыздығымыздан тез арада құтылуымыз екі талай сияқты. Біздің елде статистика бойынша сан жағынан экономист ғалымдар мен мамандар талай елдің алдында тұрғанымен, бірақ мемлекеттік халық шаруашылығын ұймдастыру мен басқарудағы деңгейі көш кейін артта жатыр. Соның салдарынан табиғи байлықтың үстінде отырсақ та, артта қалған Африканың елдерімен бір деңгейде өмір сүріп отырмыз. Бұның негізгі себебі, ол экономикалық дамудың табиғи заңымен санаспаудан. Егер біздің мемлекет өзінің ішкі экономикасының дамуына көңіл бөлмей, тек макроэкономикалық көрсеткіштер үшін қаржы-қайратын жұмсайтын болса, түбінде жұрт кедейленіп, экономикалық тәуелсіздікке душар болатыны белгілі. Экономикалық дамудың бұлтартпас заңы қандай да бір мемлекет ең алдымен өзінің ішкі экономикасының дамуын қолдап, өз елінің өндіріс салаларын дамытып, жеңіл өнеркәсіп пен ауылшаруашылықта жергілікті көзі мол шикізаттарын толық өңдеуді барлық аймақтарда іске асырып, олардың өнімдері өз халқының сұранысының 60-80 пайызын қамтамасыз етсе ғана экономиканың тәуелсіздігін сақтай алады. Сонда ғана мемлекет әлемдегі бәсекелестік көрсеткіші экспорт пен импортттық халықаралық сауда қатынасында ұтыста болатыны аян. Яғни, біз осы деңгейге жетсек қана жұмыссыздық мәселесі ушықпайтыны белгілі. Қолдан жасалған «жұмыссыздық» көрсеткіштері ел келешегін тығырыққа тіреп, дағдарысқа әкелетінін неге ойламаймыз?
Ал осы мәселенің түбіне тереңірек үңіліп, ой қозғайтын пікір айтар болсақ, кейбір білгіштер өре түрегеліп, бұл саясат онда нең бар деп ауызды жабуға дайын тұрады. Сонда қалай, сол білгіштердің бұл мәселе адамдардың өмір сүру ақиқатымен ұласып жатқан табиғи заңдылық екенін ұқпағандары ма? Жұмыссыздық мәселесін саясатпен емес, оны ғылыми жолмен, қоғамның даму заңдылығымен байланыстыра отырып шешу қажет. Біздің елдегі жұмыссыздықтың тамыры қоғамдағы экономиканың дамуында жіберіліп отырған біраз кемшіліктерге тікелей байланысты. Бұл кемшіліктер біреудің әдейі істеп отырған ісі емес, ол өзіміз өмір сүріп өткен қоғамнан қалған «мұра». Біз «ұран мен мадақтауды» қолдап, жағымпаздық мінезден арыла алмаудың салдарынан «барды — бар», «жоқты — жоқ» деп айтудан қашамыз. Алдымен ойымыз бен мінезімізді түзесек қана ісіміз түзеледі. Намыс пен адалдыққа берік болсақ қана еліміздің мерейі үстем болады. Осыны ойлайық!
Ащы да болса шындықты айтып, қоғамдағы жұмыссыздықтың себептері не деген сұрақтарға жауап іздеп көрейікші:
— Біздің мемлекетте халықты жұмыспен қамтуға арналған арнайы бағдарлама жоқ. Соның салдарынан аймақтардың ерекшелігі мен табиғи байлығына сәйкес жер-жерлерде өндірістік кәсіпорындардың бой көтермеуі (бұрынғы кәсіп орындар жабылып қалған) жергілікті халықтардың күнкөріс көзін іздеп тұрақты жерінен кетіп, ішкі миграцияның артуы халықтың әлеуметік жағдайларының төмендеуіне әкеліп соқты. Ал ол өз кезегінде республика бойынша тұрғын үй мәселесінің ушығуына жол ашты. Өйткені, табыс табу көзі, өндіріс орындары мен халыққа қызмет көрсететін бизнес салаларының ірі қалаларда шоғырланғаны белгілі. Ал ауылшаруашылықпен шұғылданатын аймақтардың экономикасы мен әлеуметтік жағдайы үнемі құлдырауда.
— Орта және шағын бизнестің дамуына бағыт беретін сауатты қолдау болмау салдарынан олардың дамуы баяаулап (саны көп сапасы жоқ) жергілікті жерлерде олардың көмегімен жұмыс орын мәселесін шешу мүмкін болмай отыр. Орта және шағын бизнесті дамытудың жолы олардың бағытына қарай ынталандыру жүйесін құрып, алғашқы даму мерзімінде салықтан босату, салықтық жеңілдіктер, мемлекеттік қаржылық көмек және оларды қанат жайған жемқорлықтан қорғау мәселелері шешілмеген. Жұмыссыздық мәселесін шешудегі орта және шағын бизнестің орны ерекше екеніне көңіл бөлінбейді. Біраз қабылданған заңнамалардың орындалуына тиімді бақылау болмағандықтан (бақылау орындаушылардың өзіне жүктелген) нәтиже жоқ.
— Шағын бизнес дамуына айтарлықтай ықпал ететін және еліміздің барлық аймағында кеңінен тарайтын қолөнерді дамытуға жеке кәсіпкерлерді пайдаланып тұтыну өнімдерін өндіруді аудан орталықтары мен ауылды жерлерде қолға алу мемлекет деңгейінде шешілмеген. Қазіргі кезеңдегі туризмді дамыту мәселесіне байланысты, бұл өте пайдалы бағытқа неге мемлекет назар аудармайды. Оның себебін кім түсіндіре алады?
— Алып, ірі кәсіп орындары мұнай, тау-кен, металлургия, машина жасау, энергетика және құрал-жабдық жасау салаларының экономикалық тиімділік ерекшелігіне байланысты қаржы жұмсау мәселесін тек ғылыми негіздегі жасалған техника — экономикалық сараптаумен шешіп және қоғамдық пікірмен санасу қажет. Алып және ірі кәсіпорындар республика бойынша жұмыссыздық мәселесін ешқашанда шеше алмайды. Орта бизнес кәсіпорындарының тиімділгі жоғарыдағы аталған салалардан әлдеқайда төмен болатыны белгілі. Сондықтан жұмыссыздық мәселесін шешудің бір жолы осы аталған салаларды қосалқы құралдармен жабдықтауды іске асырғанда орта бизнес кәсіпорындарын пайдалануға бағыт ұстап, оларға мемлекеттік қолдау көрсету еңбек күшінің миграциясын азайтып, аймақтардың да даму мәселесін шешетінін ескеру қажет. Олардың шығаратын өнімдерінің өзіндік құнының да төмен болатыныны да белгілі.
— Біздің қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін тереңдетіп және күрделендіріп оңай шешілмейтіндей деңгейге жеткізіп отырған ол биліктің төменінен басталып ең жоғары сатысына дейін жайлаған жемқорлық дертінің ықпалы болып отыр. Соның салдарынан ірі қомпаниялардан бастап орта және шағын бизнес дамуы тек қолында билік барлар мен солардың жақындары мен тамыр-таныстарының меншіктігінде болу орын алған. Облыстарды айтпағанда қалалар мен аудандардағы басшылары мемлекет қаржысын пайдаланып өздерінің жеке кәсіптерін (өз аттарына тіркелмеген) дамытып отырғаны аян. Ал жергілікті адал, өз мүмкіншілігін пайдаланып кәсіпкерлікпен шұғылданатындар, мемлекет заңдастырып жер-жерге бөлінген қаржылардан үміттерін үзгені аян. Ал жемқорлықпен күрес деп ұрандатып жүргеніміз тек көзбояушылық. Өйткені барлық тексерістер сол әр сатыдағы басшылармен бірге жүргізіліп, тексерушілер алдарына ұсынылған қатесіз жасалған «құжаттарыға» сүйенеді. Бұл бір шешілмейтін шеңбер ішіндегі үлкен мәселе…
— Экономиканың табиғи даму заңы әсірелікті (авантюраны) қабылдамайды, ғылыми негізі жоқ ойдан шығарған әрекетерге бағынбайды. Жұмыссыздықты жасыру мақсатында ауылды жерде тұратын адамдарды «өзін-өзі қамтамасыз» (замозанятость) етеді деген жасанды экономикалық даму жоспары өмір шындығына жанаспайтын нағыз көзбояушылық. Соның салдарынан ауылда тұратын еңбек етуге жарамды жұмысы жоқ азаматтардың орта есеппен кем дегенде 50% «жұмысы бар» деп, жұмыссыздық жасырылып отырады.
— Қоғамдағы жұмыссыздықтың өсуіне, әсіресе жастардың арасындағы орын алған жұмыссыздыққа әсер еткен үлкен фактор, ол адамдардың зейнеткерлікке шығу жастарын ұзарту. Бұл мәселенің пайда болуы, өз еліміздегі еңбек қорын дұрыс есептеп ғылыми негізде шешпей, батыс елдерінің тәжірибесін ғылыми негізсіз енгізумен байланысты туындады. Батыс елдерінің бұл қадамға баруы олардағы қалыптасқан демографиялық жағдайға байланысты болды. Халық санының табиғи өсу үдерісі тежеліп, жас ұрпақтар үлесінің азаюына байланысты еңбек жасындағы адамдардың жетіспеушілігі адамдардың зейнетке шығу мерзімін ұзартуларына мәжбүрледі. Бұл жерде «әлеуметтік жағдайлары жақсаруы мен ұзақ өмір сүруіне байланысты» деген сылтау ешқандай да ғылыми негіз деуге жатпайды. Өйткені, өткен 20-ы ғасырда адамдардың еңбек ету қабілетінің табиғи-биологиялық ерекшелігі 60 жастан асқаннан кейін төмендеп өзгеретінін ғылыми дәлелденген. Біздің елде жастарға жұмыс тауып бере алмай отырып, адамдардың зейнеткерлерлікке шығу жасын өсіру — жастардың келешегіне зиян әкелумен қоса жұмыссыздық мәселесін ушықтырудан басқа пайдасы жоқ.
— Алып және ірі кәсіпорындар республика бойынша жұмыссыздық мәселесін ешқашанда шеше алмайды. Жұмыссыздық мәселесі, әлемдегі тиімді тәжірибелерді ғылыми сараптамадан өткізіп, экономиканың табиғи даму заңдылығынан ауытқымай, саяси науқанға айландырмай, ұлттық менталитетті ескеріп, халықтың пікірімен санасып, ел байлығын үнемшілдікпен пайдалануды үйреніп, жемқорлықтан арылу жолына түскенде ғана шешілетінін ұғу қажет. Қазіргі кездегі жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған жоспарлар жасалғанда пайдаланып отырған әдістемелердің ғылыми негізі жоқ, бұрынғы саяси-экономикалық жүйеден қалған ұстанымдар. Сондықтан еңбек пайдалану мен жұмыссыздық мәселесін ғылыми негізде шешу үшін міндетті түрде ғылыми зерттеу институтын құру қажет.
Қоғам даму заңдылығына бейімделген ғылыми негіздегі даму бағытын шешу — мемлекеттің келешегі үшін қажет.
Болат Дүйсембі