Ж. Түймебаев: Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруда салғырттық танытуға болмайды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы ЖТүймебаевтың төралығымен кеңейтілген мәжіліс өттіКүн тәртібінде 3 мәселе қаралып,биылғы жылға қойылған мақсатміндеттер сарапқа салынды.

Облысымыздағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша облыс әкімі апараты басшысының орынбасары Гүлнұр Асылбекова баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстық жергілікті атқарушы органдар тарапынан 194 қызмет түрі көрсетіледі. 2016 жылдың қорытындысы бойынша халыққа жалпы саны 20 181 504 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, биылғы жылдың 1 жарты жылдығында бұл көрсеткіш 9 211 756–ға жеткен. 

 «Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 1 509 070 қызмет электронды түрде көрсетілді. Бұл жалпы көрсетілген қызметтердің 16 пайызын құрайды. Осы тұрғыда 7,6 млн. қызметті электронды түрде немесе ХҚКО арқылы көрсету мүмкіндігі болғанын атап өту қажет. Көрсетілген қызметтердің 80 пайызы денсаулық сақтау саласына тиесілі», — дейді Гүлнұр Асылбекова.

Соңғы 7 айдың қорытындысы бойынша ХҚКО арқылы 361 532 электронды қолтаңба берілген.  Алайда электронды қызметтердің үлесі әлі де төмен. Себебі, қызмет ұсынушы мемлекеттік органдар тарапынан электронды қызметтерді алу жолдары тұрғындарға өз деңгейінде насихатталмай отыр.

Аталған мәселелердің мән-жайына қаныққан облыс әкімі құжаттардың мерзімдерін бұзуға жол бергізген аудан, қала әкімдері мен облыстық басқарма басшыларына қатаң түрде жаза қолданылатынын ескертті.

«Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан бұл міндетке салғырттық танытуға болмайды. Осы ретте аудан, қала әкімдері, облыстық басқарма басшылары электронды қызметтердің үлесін арттыру бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарымен тығыз жұмыс жасауы қажет», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облысқа инвестиция тарту бойынша 7 айддағы атқарылған жұмыстарды саралау. 2017 жылдың 7 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 229,9 млрд. теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 131,5 пайызға өсіп отыр. Ал сыртқы инвестициялардың көлемі 42,2 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ, мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске асу барысы талқыланды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының   нәтижесінде облысымызда   барлығы 2 млн. 130 мыңға жуық халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Барлық аудан, қалаларда мәртебесі белгісіз азаматтарды түгендеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі кезде аталған азаматтарды өзектендіру жұмыстары қорытындыланып жатыр.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі