Ж. Түймебаев: Рухани жаңғырудың бастауы – бірлік
Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңіріміздегі ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді.
«Рухани жаңғыру: Береке басы – бірлік» атты жиынның мақсаты – жыл бойы атқарылған жұмыстарға баға беріп, алдағы атқарылар жұмыстарды кеңесу болатын. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне жеті айдан аса уақыт өтті. Содан бері елімізде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында да идеология саласында қоғамдық сананы жаңғырту бағытында түрлі жобалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дөңгелек үстел барысында сөз алған өңір басшысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында 66 жоба бойынша 121 іс-шараны жүзеге асыру қолға алынғанын жеткізді.
«Қымбатты ағалар мен апалар! Сіздерді Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын бірлесе жүзеге асыруға шақырамын. Алдағы кезде біз де талапты күшейте түсеміз. Облыстағы 720 мыңнан астам жылжымайтын мүліктің келбетін көріктендіруге қол жеткіземіз. Әлбетте, бұл ретте сіздердің көмектеріңізге сүйенетін боламыз. Жастарымыздың тәлім-тәрбиесіне, біліміне аса көңіл бөлуіміз қажет. Осы тұрғыда Сіздердің қосар үлестеріңіз орасан зор. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дегендей, Сіздер біздің қазынамыз болумен қатар, бағыт-бағдар беретін даналықтың сарқылмас бұлағысыздар», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов баяндама жасап, елді бірлік пен ынтымаққа шақыруда ардагерлердің еңбегі орасан екенін атап өтті. Ол сондай-ақ ардагерлерді Елбасы мақаласының ел арасында өз деңгейінде насихатталуына күш салуға шақырды. «Бүгінгі таңда облысымызда қыруар тірліктер атқарылып жатыр. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де жыл санап жақсарып келеді. Мемлекет тарапынан барлық салаларға қолдау қаржы мен қажетті қамқорлық көрсетіліп отыр. Бүгінгі қоғамның оның ішінде жастар тәрбиесіне, отбасы құндылықтарын сақтау, ауызбірлік пен ынтымаққа шықыру, халықты Елбасымыз көрсетіп отырған бағыт-бағдармен хабардар ету осында отырған барша абыз-ақсақалдарымыздың ең басты міндеттері деп санаймын», — деді Жеңісбек Мәуленқұлов. Мұнан соң еңбек ардагері, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мырзан Ханділлаев, еңбек ардагері Қарсенбай Қунақ, тыл еңбеккері Раиса Ахметова, Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов, еңбек ардагері Бегім Серіков, республикалық «Достық» өзбектер қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжановтар сөз сөйлеп, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын бірлесіп жүзеге асыру жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, бүгінде облысымызда Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында 844 елді мекенде 3185 іс-шара өткізілген. Мақалада ерекше аталған жобаларды жүзеге асыруға 2022 жылға дейін 16,2 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Жыл басында «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында облыстан шыққан 205 тұлғаның қатысуымен «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» басқосуы жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Бүгінгі күнде облысымызда кәсіпкерлер, демеушілер тарапынан жалпы 30 млрд. 350 млн. теңгені құрайтын 529 өңірлік жоба қолға алынып отыр. Бұдан бөлек, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша «Ажарлы үй – ырысты» жобасы аясында 120-дан астам белсенді, ерікті жастар елді мекендерді абаттандыру мақсатында көмекке зәру 543 отбасының аулаларын тазалап, қоршауларын, қақпаларын сырлап, ауыл ажарының артуына өз үлестерін қосқан. Мұнан соң жиын сұрақ-жауап үлгісіне көшті. Кездесу соңында облыс әкімі барша ардагерлерге сый – сияпат жасады.
ОҚО әкімдігі