Ж. Түймебаев: Сайрам ауданының экономикалық потенциалын тиімді пайдалануымыз қажет
Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында 58,9 млрд.теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндірілген. Сондай-ақ, 8,1 гектар жерге жылыжай салынып, тамшылатып суғару әдісі 111 гектар жерге ендірілді. Нәтижесінде өсімдік шаруашылығындағы өнім көлемі 26,4 млрд. теңгені құраған. Бүгін бұл туралы 2017 жылы атқарған жұмыстары бойынша халық алдында есеп берген аудан әкімі Бақтияр Мамаев мәлім етті. Аталған жиынға ауданға сапарлап барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Аудан әкімінің айтуынша, 2017 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 280 бас ірі қара мал, «Алтын асық» бағдарламасымен 200 бас уақ аналық мал және 7 бас асыл тұқымды қошқар сатып алынса, «Құлан» бағдарламасы арқылы 32 бас жылқы алынып, аудандық көрсеткіштер жоспары толық орындалған.
«Ауданда 34 кооператив құрылып, кооперативтердің жалпы саны 45-ке жетті.
Жалпы ауданда 103 бірлік 10-15 бастық шағын мал бордақылау алаңдары мен 41 жанұялық сүт аулалары ашылды. Өңірдегі 887 мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 31 мың бас мал бордақылануда. Нәтижесінде мал шаруашылығында 32,5 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға артып отыр», — деді Бақтияр Мамаев.
Айта кетейік, аудан еңбеккерлері былтырғы жылы облыста сүт өндіруден I орын, көкөніс өндіруден II, ет, мақсары өндіру мен тамшылатып суғару әдісін ендіруден III орындарға қол жеткізген болатын.
Өңірдің «Даму» бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін ауылшаруашылығы өнімінің көлемін 58,8 млрд.теңгеден 64,0 млрд.теңгеге, тамшылатып суғару әдісін 513 гектардан 913 гектарға, жылыжай көлемін 19,5 гектардан 60 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 2018 жылға ауыл шаруашылық өнімінің көлемін 59,5 млрд.теңгеге жеткізу көзделген. Аудандағы атқарылған жұмыстарға қаныққан облыс әкімі Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық потенциалын тиімді пайдалануды тапсырды.
«Елбасымыз биылғы халыққа арнаған “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында «Үшінші бағыт — «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі деген болатын. Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Осы бағытта Сайрам ауданы өзінің өндірістік-экономикалық потенциалымен облыстағы перспективті аудан болып есептелінеді. Сондықтан аудан басшысына осы мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ, ауданға инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жаңа серпін қажет», — деді Жансейіт Түймебаев.
Есеп беру барысында аудан әкімі тұрғындар тарапынан әлеуметтік салада қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелердің алдағы уақытта зерделеніп, сарапталатынын айтты.
Бүгінде Сайрам ауданы халқының 12,5 пайызы шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған. Аудан бойынша белсенді кәсіпкерлік субъектілердің саны 13703 бірлікке жетіп, 5,7 пайызға өскен. Мәселен, былтырғы жылы аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 84, 2 млрд. теңгенің өнімін өндірген.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі