Ж.Түймебаев: Жолдау – жаңарудың даңғыл жолы
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын талқылауға арналған облыс активінің отырысы өтті. Шараға облыс, аудан, қалалардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен жастар ұйымдары қатысты.
Жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев биылғы жылғы стратегиялық құжаттың мемлекеттің өркендеуіне негіз қалайтынын айта келе, оның ішінде аймақтың дамуына жол ашатын басым бағыттарға кеңінен тоқталды.
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жаңару мен жаңғырудың даңғыл жолына түскен Қазақстан ширек ғасырдың ішінде бүкіл әлемге қуатты, дамыған, ынтымағы жарасып, ырысы артқан мемлекет ретінде танылды. Ендігі кезекте әрбір қазақстандық осы береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтып, еліміздің іргесін бекіте түсуі қажет.
«Биылғы жолдау ел экономикасын нығайтумен қатар, халықтың әл-ауқатын жасқарту бойынша жаңа міндеттер жүктейді. Осы орайда өңірімізде экспортқа бағытталған кәсіпорындардың санын арттыру мақсатында жергілікті тауар өндірушілердің бәсекелік қабілеттілігін жоғарлатып, облысымыздағы 1,1 млрд. АҚШ долларын құрайтын экспорттық айналымды 2 есеге арттыруымыз қажет. Елбасымыздың бізге әрдайым қоятын басты талабы — жеке және шетелдік инвестиция көлемінің экономикадағы үлесін арттыру. Өңіріміздегі бүгінгі таңдағы 14,5 пайыз көлеміндегі шетелдік инвестицияны 2020 жылға дейін 25 пайызға ұлғайтуымыз керек. Бұл үшін біздер инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізіп, оларға тиімді жағдай жасауға тиістіміз. Бүгіннің өзінде облыстың барлық өңірлерінде инвесторлармен жұмыс істейтін арнайы мобильдык топтар құрылған»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.
Елбасымыздың биылғы Жолдауында бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, елімізде инвестициялық климатты нығайту, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керектігі соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар жүргізу қажеттігін басымдық беріліп отыр. Бұл тұрғыда өңірде дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу арқылы жүйелі жұмыстарды қолға алынуы қажеттігі нақтыланды.
Бұдан бөлек, өңіріміздегі аграрлық секторды дамытып, экспорттық өнім көлемін арттыру міндеті жүктеліп отыр. Сондықтан бірінші кезекте облыстағы ірі каналдарды қалпына келтіріп, суармалы жерлердің көлемін 900 мың ғектарға жеткізуіміз қажет. Міне, осы айтылған міндеттер мен мақсаттарды орындай отырып, біздер 2025 жылға облысымыздың жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесін 9 пайыздан 15 пайызға ұлғайта аламыз.
Кеңесте Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асырудың бағыттары белгіленді. Атап айтсақ, ІТ саласын дамыту, аграрлы-индустриалды аймақта инновациялық индустрияландыру трендін түзу және күшейте түсуге баса назар аударылды. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар жұмыстарын жандандыру негізге алынды.
Келелі кеңесте сөз алған М. Әуезов атындағы ОҚМУ халықаралық қатынастар және саясаттану кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков Елбасы Жолдауындағы саяси ұтымды ұсыныстар мен басым бағыттарды атап өтті. Ал, облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Мелдеханов жолдауда айтылған бірнеше басым бағыттарды тілге тиек етті. Сондай-ақ, жиында облыстық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Икрам Хашимжанов, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы Асқар Әбубәкіровтер сөз алып, Елбасы жолдауының ұтымды ұсыныстары туралы пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында Жолдауды халыққа түсіндіру және іске асыру шараларын бекіткен қарар қабылданды. Енді үгіт-насихат топтары халық арасында Жолдауды кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі