Ж.ТҮЙМЕБАЕВ «CASPIAN FOOD» КӘСІПОРНЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

 

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы іс сапармен Сарыағаш ауданына барды. Ондағы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық саласындағы нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. 
Аймақ басшысы алдымен Құркелес ауылдық округінде орналасқан «Caspian food» ЖШС-не аялдады. 2013 жылы іске қосылған серіктестік жүзім шарабын өндірумен айналысады. Жылына 154 мың дана бөтелке шығаруға қауқарлы зауытта 223 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мекеменің жұмысымен танысып шыққан облыс әкімі отандық шарап өндірісі саласында өзіндік үлесі бар кәсіпорынның өнімдері болашақта еліміздің атын шығаратын брендке айналдыру керектігіне тоқталды.
«600 гектар аумақта жүзімді баптап, одан шарап өндіріп отырған зауыт 2017 жылы 235 млн. теңге табыс тапқан. Бұл кәсіпорынның тауарына деген сұраныстың жоғары екендігін білдіреді. Қазіргі таңда дайын өнім еліміздің барлық қалаларына жөнелтілуде. Енді алыс — жақын шетелдерге экспорттауды қолға алу керек. Мұндай шаруаны іске асыруға келгенде ауданның мүмкіндігі мол. Мәселен, Сарыағаштың шипалы суын ішіп, ем қабылдауға шетелдік туристер көптеп келеді. Осының өзі насихат шараларын жүргізуге таптырмас мүмкіндік. Мұндай әлеует басқа өңірлерде жоқ», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі Дархан елдімекеніндегі «Шадияр» шаруақожалығының жұмысымен танысты. 2010 жылы құрылған «Шадияр» шаруақожалығы жалпы 1,67 гектар аумақта қырыққабат өсірумен айналысады. Аталған қожалық жылына 90 тонна өнім шығаруға қауқарлы.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі